Әлемді жайлаған қауіпті індеттің кәсіпкерлік саласына салмағы ауыр болып тұр. Кейбір шағын және орта бизнес субъектілері жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сондықтан іскер азаматтарға қолдау көрсету мақсатында кәсіпкерлік субъектілері 31 желтоқсанға дейін салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Медет Оспанов 16425 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жыл соңына дейін зейнетақы жарналарынан басқа төлем жасамайтынын хабарлады.
– Карантин шараларының енгізілуіне байланысты бөлшек сауда саласындағы кәсіпорындар қиын жағдайға тап болды. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын ұйымдар, жолаушылар көлігі, қоғамдық тамақтану орындары біраз шығынға батты. Әсіресе, шектеу шаралары ірі мейрамханалардың жұмысына кері әсерін тигізуде. Статистикалық деректерге сәйкес қазіргі уақытта облыста 5 мың бос жұмыс орны бар. Сондықтан жұмыссыз қалғандарға қолдау көрсету қолға алынуда, – деді Медет Дулатұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрсеткіштерін арттыру бойынша да белсенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер Жаңа жылға дейін 8,1 млрд. теңгенің салығынан босатылады. Сондай-ақ, 252 бизнес субъектісі 3 млрд. теңгеге қайта қаржыландырылса, екінші деңгейлі банктерге 800 млн. теңге қарызы бар 432 кәсіпкерге несиені төлеу мерзімі ұзартылды. Бұдан бөлек, шаһардағы 43 сауда орталығының басшылары 1720 кәсіпкерге нысанды жалдау ақысын 80 пайызға дейін төмендетті. 200 коммуналдық нысанның жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. Биылғы көктемде екінші деңгейлі банктер берешегі бар қалталы азаматтарға 90 күндік жеңілдік ұсынған болатын. Ал қазіргі қиын жағдайға байланысты бизнес өкілдерінің несие төлеу мерзімі жыл соңына дейін шегерілді.
Баспасөз мәслихатында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Арман Оразғұлов түрлі қиындықтарға кезіккен іскер азаматтарға мәселелерін шешу бойынша көмек көрсетілетінін атап айтты. Баяндамашының сөзінше, биылғы жылдың 9 айында облыстық кәсіпкерлер палатасына 94 өтініш келіп түскен. Бүгіндері олардың 78-і оң шешімін тапқан. Нәтижесінде бизнес субъектілердің 134 млн. теңгені құрайтын құқықтары қорғалды. Сондай-ақ, енгізілген шектеулер біраз кәсіпкерлердің табысын азайтты. Мысалы, мейрамханалардың жұмысы әлі де тоқтап тұр. Тойлар мен салтанатты шараларды өткізуге тыйым салынған. Сондай-ақ, көктемнен бері ашылмаған кинотеатрлардың жағдайы оңалар емес.
Жиын барысында пандемияға байланысты енгізілген шектеулерге қарамастан, кәсіпкерлік саласын несиелеу кемімегені туралы айтылды. Мысалы, үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында өңірге 3,8 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде субсидия алу бойынша 69 өтінім түссе, кепілдендіру бойынша түскен өтінімдердің 54-і мақұлданды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” бағдарламасы аясында Петропавл қаласына 576 млн. теңге бағытталған. Ал “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 18 млрд. теңгенің 129 жобасы қаржыландырылды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.