Өткен аптада өңірімізде 14 өрт оқиғасы орын алып, тілсіз жау 1 адамның өмірін жалмады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен кезекті баспасөз мәслихатында ведомствоның басқарма бастығы Дмитрий Растихин мәлімдеді.
Қайғылы оқиға 8 қараша күні кешке Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында тіркелді. Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер тұрғын үйден 53 жастағы ер адамның мүрдесін алып шыққан. Белгілі болғандай, марқұм еш жерде жұмыс істемеген әрі жалғыз тұрған. Болжам бойынша, өрт қолдан жасалған жылыту құралын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін бұзу салдарынан шығуы мүмкін. Қазір оның ішімдік ішкен-ішпегендігі де анықталуда.
Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 578 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 435-і жеке тұрғын үй секторына тиесілі. От ортасында қалған 43 адам қаза тапса, олардың бесеуі – бала. Сонымен қатар 14 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Ал шығын көлемі 116 миллион теңгеден асып отыр.
Дмитрий Растихин атап өткендей, өрттің шығуына негізінен мұржаны тазаламау және электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуда. Сондай-ақ, тұрғындар пешті қараусыз қалдырып, электр құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамайды.
Ауа температурасы төмендегендіктен, солтүстікқазақстандықтар қолдан жасалған жылыту құралдарын пайдалануға көшкен. Яғни, олар жаурамау үшін жылыту құралын қолда бар заттардан өздері жасауда. Жиында департамент бастығының орынбасары Игорь Жуков мұндай жауапсыз әрекеттің салдарынан өрт шығатынын ескертті. Ол, тіпті, пеш пен зауытта жасалған жылыту құралын да қараусыз қалдыруға болмайтынын қадап айтты.
Көлік жүргізушілері де қауіпсіздік ережесін ескере бермейтін көрінеді. Олар бензинді үнемдеу үшін автокөлік моторын оталдырмай қыздыру әдістерін ойлап тапқан. Игорь Жуковтың айтуынша, бұлай істеуге тыйым салынады. Өйткені, от оқыстан лап етуі мүмкін. Өрттің алғашқы белгілері анықталған жағдайда дереу “101”, “112” телефондарына хабарласу қажет.
Баспасөз мәслихатында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Статистика көрсеткендей, өткен жылы үш солтүстікқазақстандық суға батқан. Ал жуырда балық аулау кезінде 1 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиға Мамлют ауданындағы Чистое көлінде тіркелді. 57 жастағы ер адам немересін ертіп, көл жағасындағы қайыққа мінген. Ал жағада қалған 11 жасар бала атасын ұзақ күтіп, кейін жақын жерде жүрген балықшыларды көмекке шақырған. Олар болса аударылған қайықты ғана тауыпты. Балықшының мүрдесі әлі күнге дейін ізім-қайым, іздестіру жұмысы жалғасуда.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.