Мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына қарап тұрғындардың тұтас мемлекеттік аппарат туралы пікірі қалыптасады. Сондықтан әкімдіктерге жүгінушілерге мемлекеттік қызметтің сапалы әрі уақтылы көрсетілуінің маңызы зор. Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің аппараттарына, сондай-ақ облыстық басқармаларға мемлекеттік қызмет көрсетуді үйлестіруге жауапты тұлғалар лауазымы енгізілді. Осыған орай екіжақты жауапкершілік арта түсті. Жауапты қызметкерлер заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына мониторинг жүргізіп, ішкі мемлекеттік бақылау жасайды.
Былтыр жергілікті атқарушы органдар 168 тексеріс жүргізсе, соның 51-іне департамент қызметкерлері сарапшы ретінде қатысып, әдістемелік көмек көрсетті. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 9 мыңнан астам кемшілік анықталып, кінәлі адамдар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген 8 тексеріс барысында бір мыңнан астам келеңсіздіктің беті ашылды. Тексерістер мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының сақталуына септігін тигізуде. Заң бұзушылықтар азайып келеді. Осылайша бұл саладағы кемшіліктерді екі есе азайту міндеті қойылды.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсетуге басымдық беріліп отыр. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында департаменттің мұрындық болуымен облыс әкімі аппараты былтыр бір жыл бойы e-gov порталында мемлекеттік қызметтің қолжетімділігіне, сонымен қатар ақпараттық жүйелердің жұмысына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде электрондық қызметтің үлес салмағы 2018 жылғымен салыстырғанда 19,4 пайызға артып, барлық көрсетілген қызметтердің 82,9 пайызын құрады. Сандық көрсеткіштермен қатар сапа да артқанын атап өткен жөн. Бұған арыз-шағымдардың азайғаны айғақ.
Ал бүгінде елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеуге көшкен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент қызметкерлері әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар аудандарының және Петропавл қаласы әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметті көрсету сапасын ішкі бақылауға жауапты мемлекеттік қызметшілермен өткізілген online кездесу – осының бір мысалы. Жаңадан тағайындалған бұл қызметшілердің әкім аппаратындағы еңбек өтілінің маңызы зор. Өйткені бұған дейін жергілікті атқрушы органдарда өздері де тұрғындарға мемлекеттік қызмет ұсынып келген олар енді бұл қызметтің сапасын бақылайды. Семинарға қатысушыларға бақылауды заңнамаға сәйкес қалай дұрыс жүргізу және қалай есеп беру керектігі түсіндірілді. Бұл шара ең алдымен жұмыс сапасын арттыруға бағытталды.