Жаяу Мұса Байжанұлының 185 жылдығына орай облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері онлайн концерт ұйымдастырды.
Мәдени шарада көрермендер ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлының шығармаларымен сусындап, өмірі жайлы да тың мәліметтермен қанықты. Республикалық ән байқауларының лауреаты, облыстық филармонияның әншісі Ғалымжан Нұрпейісовтің орындауындағы «Баянауыл» әнімен бастау алған концерт қызықты өтті. Артына өшпес із, өлмес мұра қалдырған өнерпаздың туған жеріне арнап шығарған туындысын көрермен зор ықыласпен тыңдады. Жоқшылық, жетімдіктің дәмін ерте татып, қазақ ән өнеріне қызығушылық танытқан Жаяу Мұсаның туындылары бүгінгі күнге дейін өміршеңдігін жойған емес. Әсем әнге жаны әуес болған өнерпаз қазақ музыкасының дамуына зор үлес қосты. Өмірінің қиын кезеңдерінде елден жырақта өмір сүріп, музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастырып, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитордың шығармаларының тақырыбы сан алуан. Әсіресе, махаббат лирикасына көп әндер жазды. Ұлттық өнерді ұлықтаған дәстүрлі әнші Жанат Айтбаев, Біржан Есжан, Еркебұлан Қарыпов пен тағы басқа өнерпаздар орындаған туындылар кештің мазмұнына мазмұн қосты. Онлайн концертте Жаяу Мұсаның «Көгершін», «Ақ шашақ», «Шормановқа» сынды көптеген әндері орындалды.