Қазақ халқында діни тәрбие мен білім беру жүйесі ғасырлар бойы жалғасып келген. Әрбір қазақ баласының хат танып, сауат ашуына өзіндік ықпалын тигізіп отырған. Тіпті, жеке молда ұстап, бала оқыту дәстүрі кең тараған. Себебі, әрбір мемлекет, қоғам білім-ғылым мен тәрбие саласына аса мән берген. Осы салаларда қызмет ететін білім беру мекемелері шағын болса да жұмыс істеген. Мәселен, діни білім беру орталығы – медреселерді алар болсақ, қоғамға лайықты адал азаматтарды тәрбиелеп, қажетті ілім-білімді үйретіп шығаратын мұсылмандардың рухани азық алар ордасы қызметін атқарған.
Қазақ би-шешендері мен ақын-жырауларының шығармалары мұсылмандық дүниетаныммен ұштасып, біте қайнасып жатыр. Ал ислами білім беру жүйесі моңғол шапқыншылығынан кейін, сосын кеңестік кезеңде дәстүрлі арнасынан қол үзіп қалды. Бастапқыда кеңес өкіметі медреселерде діни сабақ алып жүрген балаларды кеңес мектебіне тарту үшін аптасына бір сағат діни сабақ алуына, одан кейін азайтып, біржолата жойды. Тек елімізде тәуелсіздіктің таңы атып, егемендік алғаннан кейін ғана ел-жұртымыз ата діні мен мәдениетіне бет бұрды.
Дінге байланысты қабылданған заң діни қатынастарды реттеу және діни сенім бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы шараларды жаңа заңнамалық деңгейге көтерді. Кейіннен Қазақстан Республикасы өзін құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырып, азаматтардың діни сенім бостандығы құқығының сақталуына көңіл бөлді. Мемлекет пен діннің арақатынасы, азаматтардың дінге қатыстылығы бірқатар заңнамалық, нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттелді. Нәтижесінде Қазақ жері өзіне алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Яғни, әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдерінен құралған бірнеше ұлт пен ұлыстардың қасиетті мекеніне айнала кетті. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен толеранттылық пен діни төзімділікке үндейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі нәтижелі өткізіле бастады.
Десе де, қазіргі таңда әлемдік деңгейде орын алып жатқан бірқатар келеңсіздіктер БАҚ, ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы жастарымызға кері әсерін тигізіп жатыр. Бүгінгі таңда, әсіресе, жастар арасында дінге деген қызығушылықтың артып жатқандығы баршаға аян. Олар көбіне үйренемін деп, өзгенің шырмауына түсіп қалып жатыр. Сондықтан да жастардың діни сауатына көңіл бөліп, олардың діни тәрбиесі мен діни білім алуына жағдай жасау стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Себебі, дәстүрлі ислам мен дәстүрлі емес бағыттарды ажыратар сауаттары болмаған жастарымыздың дін ұстанамыз деген пейілмен жат ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі бар. Демек, рухани қажеттілікті қамтамасыз ету үшін діни сауаттылықты арттыру – кезек күттірмес мәселе. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медреселердің білімін одан әрі жақсарту, имамдардың біліктілігін арттыру, дін саласындағы мамандардың жоғары оқу орнынан кейінгі діни білім беру жүйесінің жоғары деңгейі – магистратура мен докторантура (РhD) бағдарламаларын оқуға жағдай жасауды көздейтін 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Тұжырымдамада ұсынылған шешімдер еліміздегі діни білімді қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыруға, оқушылардың рухани мәдениетін, соның ішінде ислам мәдениетін, ұлттық құндылықтар жүйесін және діни білім негіздерін жүйелі түрде меңгеруге мүмкіндік беретін діни сауат ашу жолдарын сатылап көрсеткен. Тұжырымдама мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарынан бастап, жоғары оқу орындарында (PhD) докторантура бағдарламасын тамамдауға дейінгі кезең қамтылған. Осы салада қызмет ететін азаматтардың бәсекеге қабілетті білім алуына, біліктілігін көтеруіне, зайырлы білім мен басқа да салаларды сабақтастыра отырып жетілдіруге, азаматтардың, әсіресе, осы салаға сұранысы артқан жастардың жан-жақты әрі діни салада сауатты болуын қамтамасыз етуге, мамандарының білімі мен беделін көтеруге, мешіт қызметкерінен өкіл имамға дейін дәрежелерін жүйелеуге, тиімділігін арттыруға, т.б. арналған.
Қазақстан аумағындағы барлық мешіттер жанында діни сауат ашу, Құран жаттау курстары жұмыс істейді. Жазғы демалыста балалары, яки өздері діни сауат ашу курстарына қатысады. Осы арқылы діни білім жүйесінің базалық буыны қалыптасады. Бұл курстар мұсылмандық тұлғасының қалыптасуына толық үлес қосады. Сондай-ақ, бұл – көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі әрі кең көлемде жетілдіруге мүмкіндік беретін басты тетік. Ел тұрғындарының ислам діні жайлы танымын кеңейту арқылы олардың өзге идеологияның соңынан кетіп қалмауына өз септігін тигізеді. Сондықтан да мешітті тек ғибадат-құлшылық орны ғана деп түсінбеу керек.
Діни білімін жоғары деңгейде алғысы келген жастарға дайындық курстары ҚМДБ ережесіне сай жүргізіледі. Мұнда діни біліммен қатар, жастарды қазақстандық патриотизм бағытында, дін исламның дәстүрлі Ханафи мәзһабындағы құндылықтарды әрі қазақ халқының әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін сақтау және құрметтеу сарынында тәрбиелеу ескерілген. Бұл дайындық курстары Қазақстан Республикасының білім заңына сәйкес мекемелерде ұйымдастырылады. Еліміздің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде орта буын исламтану мамандарын даярлау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бірнеше медресе жұмыс істейді. Аталмыш медреселер ел заңдарын, Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерін, сондай-ақ, ҚМДБ-ның төралқа мәжілісі бекіткен жарғысын басшылыққа алады. Барлық медреселердің білім беру қызметі бойынша құқық беретін мемлекеттік лицензиялары бар.
Медреселердің оқыту жоспарына мемлекеттік стандартқа сәйкес зайырлы пәндер енгізілген. Оқытылатын барлық оқулықтар мен әдебиеттер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген. Олар имам Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымдарымен толық сәйкес. Медресе өз бітірушілеріне исламтанушы мамандығы бойынша, “Имам Хатиб”, “Ислам негіздерінің мұғалімі” біліктілігін куәландыратын техникалық және кәсіптік орта білімі туралы мекеменің атауы, білім деңгейі мен біліктілігі көрсетілген мемлекеттік үлгідегі диплом және оқыған пәндерін меңгеру сапасы мен көлемі көрсетілген қосымшаны қоса береді. Бұл медреселердің білімі ертеңгі күні ЖОО-дағы исламтану, дінтану мамандықтарының да оқу үрдісін жеңілдетері сөзсіз. Сондықтан да ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін ислами білім ошақтарын әрдайым дамыту қажет.
Бұл медреселердің, жоғары діни білім беру орындарының сапасын одан әрі арттыру үшін ұстаздардың біліктілігін шыңдау, отандық оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың санын көбейту сынды бірқатар мәселелерді қайта қарастыру қажет болатын. Тұжырымдамада Қазақстанда исламтану ғылымын академиялық деңгейде зерттейтін отандық ғалымдардың ортасын ұйымдастыру, діни ағартушы ұстаздарды шетелдік университеттерге арнайы курстарға жіберу мәселелері қамтылған. Нәтижесінде білім берудің қазақстандық моделі құрылып, діни білім беру мен кадр даярлаудың сапалы жоғары деңгейіне қол жеткізетініміз айқын.
Қалмахан ЕРЖАН,
“Нұр-Мүбәрак” Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасының меңгерушісі,
теология ғылымының докторы.