«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ СУМЕН ҚАМТЫЛУДА

Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов тұрғындар алдында қорытынды есеп беру кездесуінде 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

Өткен жылы Тимирязево, Дмитриевка, Дружба және Целиное ауылдарына жалпы ұзындығы 12,5 шақырым су құбыры тартылып, нәтижесінде орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылған елді мекендер көрсеткіші 91,7 пайызы жетті. Сондай-ақ, су таратушы желілер мен мұнара салуға, жолдарды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Нәтижесінде үстіміздегі жылы бұл жұмыстарға бюджеттен 5,4 млрд. теңге қаржы бөлінді. Биыл аталған жұмыстарды Степная, Комсомольский, Жарқын және Тимирязево ауылдарында жүргізуге 40,4 млн. теңге бағытталатын болады.
Есепті кезеңде 4322 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 148 отбасына 66,7 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалған.


Нұрлан Маратұлы бір жыл ішінде жоғары нәтиже көрсеткен ауылдық округтерді атап өтті. Соңғы жылдары Дзержинский ауылдық округіне еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келушілер саны артуда.

Үстіміздегі жылы аудандық маңыздағы 91 шақырым жол жөнделеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Тимирязево ауылының ауылішілік жолын орташа жөндеуден өткізу үшін 98 млн. теңге қаржы бөлінгенін тілге тиек еткен әкім елді мекендерді абаттандыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған стела тұрғызу, ауданның құрметті азаматтарына арналған аллея салу жоспарланғанын айтты. Алдағы уақытта Тимирязево ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.
Тимирязевтіктерді рұқсатсыз қоқыс орындарының көптігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолдарды жөндеу, ұялы байланыс және интернет сапасының нашарлығы, елді мекендердің экологиялық және санитарлық жағдайының сын көтермейтіні алаңдатады.
Еңбек ардагері Мәди Қалкенов жазғы уақытта балалардың демалысын ұйымдастыру жайын қозғады. “Осыған дейін округ аумағындағы су тоғанында шомылуға қолайлы жағдай жасау жөнінде ұсыныс айтқан едім. Суда жүзуге шағын қайық сатып алу үшін демеуші тарту керек. Балаларға өңірімізде демалуға болатын әдемі, жайлы орындардың бар екенін көрсете отырып, оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелей аламыз”, – деді ол.


Ханшайым НАУРЫЗБАЕВА,
Тимирязев аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp