«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ ӨНІМДЕРГЕ СҰРАНЫС ЗОР

Елбасының Қазақстанда жасалған өнімдерге деген сұранысты арттыру жөніндегі бастамасы Солтүстік Қазақстанда да зор қолдауға ие болды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласындағы сауда үйлерін аралап, өңір тұрғындарын отандық өнімдермен қамтамасыз етудің барысымен танысты.

“Көктөбе” сауда үйі 2006 жылы ашылған. Қазір мұнда 16 мыңнан астам аталым бойынша тауарлар сатылады. Олардың 70-80 пайызы – қазақстандық. Жылдан-жылға отандық өнімдердің қатары артып келе жатқанын айтқан сауда үйінің директоры Адай Қапезов тұтынушылар тарапынан сапасы жоғары жергілікті тауарға деген сұраныстың зор екенін жеткізді. Мұнда отандық тауарлар, яғни ет, шұжық, сүт, макарон өнімдері молынан сатылады. Дүкеннің ішін аралап, қазақстандық өнім түрлері мен олардың орналасуын көрген өңір басшысы “Қазақстанда жасалған” деген жазуды бірден көзге түсетіндей етіп жазу қажеттігін айтты.

“№1 Нан плюс” дүкенінде Мамлют ауданындағы “Арқалық” шаруа қожалығының қымызын, “Максимальный размах” компаниясының тауарларын кездестіруге болады. Ал әр алуан нан өнімдері – “Петропавл нан-тоқаш комбинатынікі”.

“ЦУМ” дүкенінің ішкі жағында азық-түлік болса, бергі шетіндегі сөрелерге ыдыс-аяқтар қойылған. Ерік Хамзаұлы бұл жерге жергілікті кәсіпорынның тауарларын қоюға болатынын айтты.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, дүкендегі нан-тоқаштар, тәттілер, салат өнімдері ғимараттың жабдықталған өндіріс цехтарында жасалады. Мұнда тұрғындарға сапалы өнімімен танылған “ViZaVi Company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де тәтті-дәмділері саудаланады. Олардың Ресейге шығарылатын экспортының көлемі біршама төмендеген екен. Өңір жетекшісі компания өкілдеріне тауарға деген сұранысты арттыру үшін өнімдердің орауыштарын сыйлыққа беруге тұрарлықтай безендіру туралы ұсынысын білдірді.

Данаш ХАМЗИНА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp