2021 жылы Петропавл қаласында комбайндар, тракторлар және егін себу кешендері шығарыла бастайды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов болашақ зауыттың құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Әлемдегі үздік ауыл шаруашылығы техникаларын шығарушылардың бірі – немістің “Class” компаниясының жаңа зауыты “Береке” шағынауданында бой көтеруде. Қазіргі уақытта заманауи өндіріс орнында “Құрылыс-Сервис СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары бос тұрған нысандарды жөндеп, қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Серіктестіктің құрылтайшысы Мурат Харсиевтің айтуынша, болашақ зауыттың жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Бірнеше ай бұрын қолға алынған жұмыс барысында көп жылдан бері иесіз қаңырап тұрған нысандардың аумағы қоршалған. Жаз бойы арнайы техниканың көмегімен болашақ зауыттың бетон тіректерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорынның аумағын абаттандыру шаралары қолға алынды. Қазіргі уақытта зауыт аумағына бетон тақталар төсеу, нысандардың қабырғаларын сендвич панельдермен қаптау жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі отандық нарыққа жол тартқалы отырған инвестордың “Xerion” маркалы трактор, “Horsh” егін себу кешендерін және “Tucano” маркалы комбайн шығаруды жоспарлап отырғанын атап айтты.
– Біздің өңір үшін маңызды жоба толық жүзеге асырылғаннан кейін Петропавлда немістің сапалы комбайндары, тракторлары және егіс кешендері құрастырылатын болады. Шетелдік инвестор облыс экономикасына 3 млрд. теңгенің инвестициясын құяды. Келісімшартқа сәйкес “Class” компаниясы заманауи станоктарды орнатып, техника құрастыруды өз мойнына алады. Ал мемлекет отандық агробизнес өкілдеріне сатып алатын техника құнының 35 пайызын субсидиялайды. Заманауи зауыттың арқасында отандық нарықта бағасы қолжетімді техника саны арта түседі. Кәсіпорын облыстағы машина-трактор паркін жаңарту бойынша жағдайды жақсартады деп сенеміз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Отандық агроқұрылымдар бүгінге дейін танымал ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілермен қоян-қолтық жұмыс істеп келген болатын. Дегенмен, олар елімізде өз зауыттарын ашуға ниет танытпады. Тек сатумен ғана шектелуде. Ал неміс компаниясы болса, мүмкіндікті пайдаланып, агротехника құрастыратын зауыт салу арқылы қазақстандық фермерлердің сұранысын жабуға бірден келісімін берді. Несібесін жерден тауып жүрген солтүстікқазақстандық диқандар “Class” фирмасының өнімімен жақсы таныс. Жергілікті шаруалар бүгіннің өзінде көктемгі егіс және күзгі орақ науқандарында германиялық компанияның 500 техникасын сәтті пайдалануда.
Зауыт толық қуатына көшкен кезде 100-ден астам адам еңбекпен қамтылады деп күтілуде. Келісімшарт бойынша шетелдік компания жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асырады. Жобалық қуаттылыққа жеткен кезде кәсіпорын жылына 300 ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға міндетті. Алдағы уақытта зауытты тіркеу, нысандар мен цехтарды ретке келтіру, жаңа жабдықтар орнату, материалдық-техникалық базаны нығайту, электр желісін өткізу секілді ұйымдастыру жұмыстары атқарылады.
Жер емген диқандар қашан да бағасы арзан әрі өнімділігі жоғары техника сатып алуға тырысады. Алайда, алыпсатарлардың бағасын көпшіліктің қалтасы көтере бермесі анық. Басқа амалы қалмаған шаруашылықтар ескіріп, тозығы жеткен техникамен жұмыс істеуге мәжбүр. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан салықтық жеңілдік және субсидия алатын зауыт өз өнімін шаруаларға 50 пайыздық төмен бағамен сатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, сервистік қызмет те көрсетілмек.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.