Бұрын облыс аудандарының барлығында дерлік болған май зауыттарының саны қазір бір қолдың саусағымен санарлықтай ғана. Солардың ішінде сапалы өнімдерімен, әсіресе, өте дәмді сары майымен танылып отырғаны – “Пальчик В.Т.” жеке кәсіпкерлігінің Булаев май шығару зауыты. Шындығы керек, осы өзіміздің қаладағы тұтынушылар сауда орындарынан сары май іздейтін болса, алдымен Булаевтың майын сұрайтынын естіп жүрміз. Қазіргі нарық бәсекесінде сұраныс тудыратын өнім шығару өндірістің үлкен жетістігі. Оған олар мақтан етерліктей мықты өндіріс қуаттылығымен емес, қолда барды ұқсатып, стандарттық талаптарға сай өндіріс технологиясын сақтаудың арқасында қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, кәнігі өндіріс шеберлерінің бай тәжірибелері де өз нәтижесін беруде.
Кәсіпорынның талан-таражға түспей, сақталып қалуының өзі де мықты қолға тигенінде болса керек. Жеке кәсіп иесі Василий Пальчиктің май зауытын басқарып отырғанына 32 жылға жуық. Басында мемлекеттік кәсіпорынға директор болып келген, одан кейін зауыттың акционерлік қоғам, сосын жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылуларын өз қолынан өткізді. Шаруашылықтардың бұлақтай ағылып жатқан сауары таусылып, жеке шаруаларды да күйзеліс қысқан сонау жылдары шикізат тапшылығынан зауыттың мүлде тоқтап қалу қаупі туғанда оны жекешелендіріп, жеке кәсіп орнын құрудан басқа амалы қалмады.
– Оның бәрі айтуға ғана оңай шығар. Бастапқы кезде өте қиын болғаны рас. Мемлекет тарапынан қазіргідей көмек жоқ, бәрін өз күшімізбен, бұрынғы жиған-тергенімізбен атқаруға тырыстық. Кредит жағдайы өте қиын болды әрі оның алу шарты да ауыр тигені белгілі. Аудан ауылдарында сүт жинау қосындарын ашып, жиналған сүттен бұрыннан өндіріліп жүрген өнімдердің бірер түрін шығарып, солардың өткізілу айналымымен күн көрдік десек болады. Алайда, “ұмтылған – ұтады” деген сөз рас екен, өндірісімізді тоқтатпай, оған шама-шарқымызша қосымша дем қосып отыруымыз ақыры өз нәтижесін беріп, бірте-бірте оңала бастадық. Әрине, оған еліміздегі жағдайдың жақсаруы, тұрғындардың әл-ауқатының артуы да ықпал еткені сөзсіз. Сөйтіп, шикізат молайған соң зауытымыз да аяғынан тұра бастады, – деп ағынан жарылды Василий Трофимович.
Бұл – жеке кәсіп иесінің шын сөзі. Өйткені, кәсіпорын дәл бүгіннің өзінде өндірістік қуатының жартысына жуығын ғана игеріп отыр. Атап айтқанда, тәулігіне 45 тонна сүт қабылдау мүмкіндігі бола тұра, көрсеткіш жаздың нағыз қолайлы айларында 18-20 тоннадан аспайды. Ол зауыттың сүт жинаудағы кемшілігінен емес, жиналатын сүттің аздығынан болып отыр. Оған ауданда сауын табынын ұстайтын “Үлгілі” ЖШС-і тәулігіне шамамен 800 килограмм және “Совет СК” ЖШС-і 2 тонна сүт тапсырады. Ал тұрғындар өздерінен артылғанын ғана тапсыратындықтан, оның көлемін межелеп айту мүмкін емес.
Сүт жинауды кәсіпорын өз күшімен атқарады. Онымен барлығы сүт жинаушылар мен көлік жүргізушілерін қосқанда 15 адам айналысады, шикізат тасымалына 9 көлік бірлігі жұмылдырылған. Ауданның 38 елді мекенін қамтитын бұл жұмыс қазір қалыпты жүйеге түскен, тұрғындар тарапынан реніш жоқ. Базистік майлылығы 3,5 пайыздық жеке шаруа сүтінің литріне 55 теңгеден ақы төленеді, ал майлылығы одан жоғары болса, сәйкес түрде бағасы да көтеріледі. Тұрғындарға айына екі рет тапсырған сүтінің төлемақысы беріледі. Ол кіріс салығын ұстап қалғанда литріне 50 теңгеден кем емес. Кәсіпорын басшысы биылғы жылдан бастап дайындалған сүттің әрбір литріне 15 теңгеден демеуқаржы берілгелі отырғанын айтады. Зауыт оның есеп-қисабын жасап, өтінішін беріп, енді түсетін қаржыны тосып отыр. Алынатын демеуқаржы негізінен сүт тапсырушыларды ынталандыруға, яғни қабылданатын сүт бағасын көтеруге жұмсалады. Ол қазірдің өзінде пастерлендіріліп тапсырылған сүтінің литріне 95 теңгеден алып отырған ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін тіпті де жаман емес.
– Зауытта бүгіндері 9 түрлі сүт өнімдері шығарылады. Беткеұстар брендіміздің әйгілі сары майымыз екені сөзсіз. Айына 12-13 тоннадай май өндіреміз. Қосымша арнайы қондырғы орнатып, оны 200 грамдық орамамен шығаратын болдық. Яғни, екі жылдан бері бізде өлшеп сатылатын жәшіктегі май шығарылмайды. Алайда, Петропавлдағы сауда орындарында біздің атымызды пайдаланып, оралмаған май сатып жүргендерді естіп қаламыз. Ол, әрине, жақсы емес, тауарлық бет-бейнемізге нұқсан келері анық. Бірақ біздің майымыздың дәмін татқандар оған алданбас деп ойлаймын. Ал басқа өнімдерден жұмсақ орамадағы қаймақ, ірімшік, айран, ряженка, сүт және қатталған сулугуни ірімшігі мен брынза шығарамыз. Жекеменшіктен қабылданатын сүт екінші сұрыпты өнімге жататындықтан, одан шұжықталған ірімшік және балқыған ірімшік жасау үшін арнайы құрал-жабдықтар қажет. Біз бұл мәселені шешуді ойластырып жатырмыз, оған “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қорының бағдарламасы бойынша 6 пайыздық өсімді кредит алуға құжаттар дайындап жатырмыз, – дейді Василий Трофимович.
Сапалы өнімнің өтімі де жоғары. Булаев май жасау зауытының өнімдері Булаево қаласындағы өзінің екі фирмалық дүкенінде және ауданның басқа сауда орындарында, Петропавл қаласында сатылады. Ал атақты сары майына Астана қаласының тұтынушыларынан да сұраныс көп түседі. Зауыт басшысының ойынша, елімізде қолға алынып жатқан мал шаруашылығын, соның ішінде сүтті мал табындарын дамыту өндіріс тынысын одан әрі кеңейтуге тиіс. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында ашылатын жаңа сүт фермалары зауыттың шикізат сұранысын толық қанағаттандырып, оның толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін болады. Зауыт жеке кәсіпкерлік түрінде жұмыс істейтін болғандықтан, салық төлемінің оңайлатылған үлгісінде төлем жасайды, одан берешегі жоқ. Құрал-жабдықтарын жаңартуға алған бұрынғы кредиттерімен де толық есеп айырысқан.
Кәсіпорын ұжымында қазіргі жазғы сүттің мол кезінде 22-25 адам еңбек етеді. Негізінен жаздың алты айында біршама тұрақты жүретін зауыт өндірісінің қысқы кезеңде қарқынын жоғалтатыны белгілі. Жұмысшыларының дені қыс айларында демалысқа шығады. Соның өзінде тұтынушылардың қажетін өтерліктей дәрежеде жұмыс істеуге тырысады. Осындай маусымдық сипаты болғандықтан, еңбеккерлерінің жылдық орташа айлық табыстарының 55-60 мың теңгеден айналуы жаман көрсеткіш болмаса керек.
Зауытта болғанымызда ондағы еңбек адамдарымен таныстық. Солардың ішінде кәсіпорын технологы мен зертханашысы қызметтерін қосып атқаратын Татьяна Шубинаның орны бөлек. Өнімдер сапасының технологиялық талаптардан шығуы алдымен зауытта 35 жылдан бері үзбей жұмыс істейтін осы маманға байланысты. Ол түскен сүтке сараптама жасайды, әр сүт әкелімін өлшеп есепке алған соң қаймағын айыратын орынға жібереді. Айырылған сүттің обраты мен кілегейінен тиісті өнімдер шығарылады.
Салқындатылған кілегейден май шығаратын жерде өз істерінің шеберлері Наталья Соболевская мен Ирина Кистень жұмыс істейді. Пастерленген кілегейдің майлылығы 72,8 пайызға жеткізіліп, зауыттың әйгілі сары майы жасалады. Ал қайнатылып салқындатылған обраттан түрлі ірімшіктер, кефир өндіріледі. Оны Лидия Мальцева пастерлеп, яғни қайнатып, салқындатып береді. Сондай-ақ, Кадрия Николаева брынзаны қаттап ораудың шебері саналады. Сонымен бірге, өндірістің жауапты буындарында еңбек тәжірибелері мол қос-қостан жылу қазандығының машинистері мен техник-слесарьлар және бір-бірден электрші мен дәнекерлеуші жұмыс істейді. Кәсіпорында сүт жинаумен және тасымал жұмыстарымен айналысатын 15 автокөлік болса, оның екеуі осы жылы алынған “ГАЗель” машинасы. Соның біреуін жүргізетін Максим Першанин жақсы сүт жинаушы ретінде де көзге түсуде.
Сұранысы мол өзге өнімдерін айтпағанда, еш қоспасы жоқ сапалы сары майымен-ақ өңір тұрғындарының назарын өзіне аударған “Пальчик В.Т.” жеке кәсіпкерлігі кәсіпорнының өндірісі өрге басып, осызаманғы талап деңгейінен табылуға ұмтылып отырғаны байқалады. Бүгіндері ауданда дами түскен тауарлы сүт өндірісі оған қосымша серпін берері сөзсіз.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.