Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің үлкен мәдени мұрасын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлы тәжірибені біріктіруді зерттеуде бірыңғай жүйе қалыптастыру қажеттігін атап көрсеткен болатын.
“Мәдени мұра” бағдарламасы аясында кітапхана қоры еліміз жайлы тарихи, танымдық кітаптармен толықты. Әсіресе, қазақтілді кітаптардың саны осы кезде арта түсті.
Бүгінде Аққайың ауданында 14 мемлекеттік кітапхана жұмыс істесе, оның 12-сі ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Ал Смирново ауылында орналасқан орталық кітапхананың өңіріміз бойынша үздіктердің қатарынан көрініп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі таңда орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша кітаптар қоры 124713 дананы құрайды. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптардың жалпы саны 38001 дана. Үстіміздегі жылы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханадан мемлекеттік тапсырыс бойынша тағы да 1576 кітап алсақ, оның 1406 данасы мемлекеттік тілдегі қазына болып табылады.
“Наданмен қас болғанша, кітаппен дос бол”, – дейді ғұламалар. Осы орайда кітапханамыздың тұрақты оқырмандарының қатысуымен танымдық, тағылымдық мәнге ие іс-шаралар жиі өткізіледі.
Мәрияш ШӘРІПОВА,
Аққайың ауданының орталықтандырылған
кітапхана жүйесінің директоры.