Әлемдегі бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің қатарынан ойып орын алып, енді азуын Айға білеген озық отыздықтың ортасынан табылуға ұмтылған барыс бейнелі ел екенімізді айтып, кеудемізді қағуға хақымыз бар, әрине. Алайда, “Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім…” деп, ақын Сара апамыз айтқандай, әзірге жеті басты айдаһардай аранын ашқан жемқорлық дертімен күресте 80-інші орынды місе тұтуға мәжбүр болып тұрғанымызды ойға алсақ, бармағымызды тістеп, басымызды қаситындай да жайымыз бар. Өркениетке бет бұрған, өсер елге жараспайтын осы кемшін көрсеткіштің себеп-сырына шұқшия үңілсек, сыбайластық тамыры, бәрінен де, мемлекеттік сатып алу саласына тереңдеп кеткендігін аңғарамыз.
Өз басым жеті жылдан астам облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі бола жүріп, мемлекеттік сатып алудан сүрінген ондаған шенеунікті сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін атқарып жүрген қызметтерінен босату туралы ұсыныстарды жақтап, қол көтерген екенмін. Солардың ішінде біздің ұйғарымымызбен келіспей, сот арқылы өздерін ақтап алған мемлекеттік қызметшілер де жоқ емес, бар. Бірақ, ондайлар саусақпен санарлықтай ғана. Жыл соңында бөлінген бюджет қаржысын жылдамдатып игеру үшін заңнаманы біле тұра, бұрмалаушылыққа барған басшылар да жетерлік. Тендер өткізуде теңдікті сақтамай, бүйректері біреулерге анық бұрып тұрғандары үшін қатаң жазаланғандар да кездесті. Ойша талдап көрсем, пара алып ұсталып, түрмеге тоғытылмаса да, сыбайлас жемқорлық иісі мүңкіген “былық-шылықтарды” қолымен жасағандардың көпшілігі аудандық және қалалық әкімдіктердің дербес мемлекеттік мекеме мәртебесіндегі бөлімдерінің басшылары мен ауылдық округтердің әкімдері және оларға бағынышты мемлекеттік қызметшілер екен. Әртүрлі бұрмалаушылықтары әшкереленіп, орнынан алынған аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, басқармалардың басшылары бірен-саран ғана. Ал, шындығында, кейде “айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып” жататыны, қармаққа көбіне шортандар емес, шабақтар түсіп жататыны да жасырын емес …
Міне, осылайша мемлекеттік сатып алуда сүрінгендер “жемқорлар” санын ұлғайтып, еліміздің ілгері басқан аяғынан қашанға дейін шала бермекші?! Түпкілікті жауабы әлі табылмай тұрған қиын сауал бұл. Шенеуніктер арасында “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын оқып-үйреніңдер, оның талаптарын бұзбаңдар…” деген мағынадағы үгіт-насихат жұмыстарын жылдар бойы жүргізіп жатсақ та, қол жеткізген нәтижеміз көңіл көншітпейді. “Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады” деген сөзді қазекем бекерден-бекер айтпаған ғой. Сондықтан да сыбайлас жемқорлық сынды жүйелік сипаттағы қоғамдық келеңсіздікке қарсы жүйелі де түбегейлі шара қолданбай болмайтын сияқты. Осы орайда мемлекеттік сатып алу ісімен айналысатын бірыңғай мемлекеттік орган құру жөнінде әртүрлі деңгейде айтылып жүрген ұсыныстың қисыны бар-ау деген ой келеді. Мәселен, облыстарда мемлекеттік сатып алуды ондаған мемлекеттік мекемелер (облыстық басқармалар, аудандық және қалалық бөлімдер және басқалар) мен мемлекеттік кәсіпорындардың әрқайсысына бөлек өткізгізіп, “өз беттерінше түйе айдатқанша”, осы іспен мамандандырылған бір басқарма мықтап айналысса, тиісті заңнаманы бұрмалаушылықтар саны әлдеқайда азаятынына үлкен үміт артуға болады. Мұндай басқарма былтыр елімізде алғашқы болып Қызылорда облысында, одан кейін Қарағанды облысы мен Астана қаласында құрылғанын ескерсек, шынында да, мемлекеттік сатып алу саласындағы “бармақ басты, көз қыстыны” жоюдың қазіргі уақыттағы бірден-бір жолы осы екендігі күмәнсіз тәрізді.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі.