Өңірдің шалғай ауданында орналасқан фермерлік қожалықтың бірінен сауатсыз әрі құжатсыз балалы әйел табылды. Бұл жайтты полиция департаментінің қызметкерлері “STOP трафик” жедел-профилактикалық шарасы барысында анықтады.
Тәртіп сақшылары монша, қонақүй кешендерін, ойын-сауық орындарын, құрылыстарды, шаруашылықтарды, басқа да нысандарды жіті тексерді. Оған әкімдіктің мамандары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері және волонтерлер тартылды. Тексеріс барысында алыстағы фермерлік қожалықтардың бірінде 1988 жылы туған әйелдің 8 жастағы баласымен тұратыны анықталды. Анасы да, қызы да сауатсыз әрі құжаттары жоқ болып шықты. Әйел сөйлесуден бас тартқан. Алайда, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталыққа жүгінуге көнді.
Қыз бала мүлдем мектепке бармаған, кітап бетін ашпаған. Қазіргі уақытта екеуіне медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Әйелдің сөзіне қарағанда, туып-өскен жері – Түркістан облысы. Құжатын қалпына келтіру үшін тұрғылықты жерін анықтау, растау жұмыстары жүргізілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.