Мектеп оқушылары жазғы демалысты әр кез асыға күтеді. Осыған орай Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің жанында бастауыш сынып оқушыларына және мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілеріне арналған “Солнышко” жазғы сауықтыру алаңы құрылды. Онда балалардың демалуы мен сауықтырылуына, жас ерекшеліктеріне қарай шығармашылықпен айналысуларына, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне мүмкіндік жасалған.
Спорттық шаралар өткізу, қоршаған ортамен таныстыру арқылы елін, жерін сүйетін тұлға қалыптастыруға баса назар аударамыз. Өңіріміздің көпұлтты екендігін ескере отырып, сауықтыру алаңында бастары қосылатын бүлдіршіндерді ынтымақтастыққа, достық қарым-қатынасқа тәрбиелейміз. Ол үшін балғындармен ертеңгіліктер, ұлттық ойындар, танымдық сайыстар, викториналар өткізіп, қаладағы мұражайлар мен көрмелерге, қуыршақ және кино театрларына саяхаттар ұйымдастырамыз.
Еліміздің білім саласында алдағы оқу жылында болатын өзгерістерге орай сауықтыру алаңында үштілділікке ерекше мән берілген. Тәрбиеленушілерге арнап аптасына екі рет қазақ және ағылшын тілдерінде үйірмелер жұмыс істейді. Онда балалардың жыл бойы қазақ және ағылшын тілінен үйренген сөздерін пысықтау үшін сабақтарды ойын түрінде қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Талғат Жантеміров әр сабағында түрлі ойындар мен сайыстар өткізу арқылы балалардың тілге деген қызығушылықтарын арттырады.
Балалар таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейінгі аралықта үш мезгіл ыстық тамақпен және түстен кейін демалатын жайлы төсекорынмен қамтамасыз етілген.
Теңдік ШАРИШЕВА,
№17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.