«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЯБАҚТАРҒА СӘН БЕРІЛЕДІ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов қалалық саябақтарды аралап, оларды абаттандыру, қызмет аясын кеңейту жөнінде қалалық әкімдікке, тиісті ведомстволар басшыларына міндеттер жүктеді.

Өңір басшысы облыстық ардагерлер активімен кездескен кезде осы қоғамдық кеңестің төралқа мүшелері Григорий Кухарь мен Нелли Иванова мемориалдық кешенге айналған Жеңіс саябағына 66 жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры мен “Даңқ” орденінің толық иегерлеріне арналған саяжол салу, онда көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру туралы өтініш білдірген еді. Ерік Хамзаұлы осы жолғы жұмыс сапарын Жеңіс саябағынан бастап, облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшелерімен бірге саяжолға лайық орынды қарады. Отан үшін опат болған жерлестерге арналған ескерткішке дейін өрнектастармен жаяужолдар жасалған.

Саябақтың кіреберісінен басталатын жолдың екі қапталына мәрмәр тақталар орнатылып, солтүстікқазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қосқан үлесін сипаттайтын тарихи деректер тасқа ойылып жазылған. Ал балалар алаңы жанындағы жаяужолдың екі қапталы бос. Ардагерлер осы жерді батырларға арналған саяжолға лайық көрген көрінеді. Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдайтындығын білдірді, ал қала әкімі Төлеген Закариянов аталмыш саябақты абаттандыру жобасын көрсетіп, саяжол үшін облыстық ардагерлер кеңесінің есепшотына қаржы аудару арқылы қолдау жасайтындығын жеткізді.

Ерік Хамзаұлы балалар алаңындағы аттракциондар санын көбейтуді өзінің орынбасары Фархад Қуанғановқа, көгалдандыру мен көріктендіру жұмысын жалғастыруды, “Батырлар саяжолын” биыл бастап, Жеңістің 70 жылдығына дейін аяқтауды қалалық әкімдікке тапсырды.

Қалалық Мәдениет және демалыс бағының негізі қаланғанына бір жарым ғасырдан астам уақыт болған. Содан бері оған аттракциондар орнатылып, концерт және спорт алаңдары, филармония ғимараты (қазіргі “Парк-Сити”) салынып, мүсіндер орнатылды. Облыс әкімі мен бір топ ардагерді “Аттракциондар әлемі” ЖШС-нің құрылтайшысы Владимир Козлов демалыс орнының соңғы жаңалықтарымен таныстырды. Саябақ балаларға арналған жаңа аттракциондармен, ойын автоматтарымен, тректермен, автодромдармен, “Гольф” алаңымен толыға түскен. Сусындар мен балмұздақтар сататын сауда нүктелері де жеткілікті. “Романтика-27” маркалы “шайтан” доңғалақ күрделі жөндеуден өткізіліп, қауіпсіздікті күшейту мақсатында әрқайсысы 4 кісілік 16 кабина орнатылған.

– Ардагерлермен екі саябақты аралап шықтық. Барлық аумақта абаттандыру шараларын жүргізіп, тез арада ескірген ағаштарды кесу, оларды қоқыстан арылту қажет. “Парк-Сити” ғимаратының қасбетін заман талабына сай әрлендіру де күн тәртібіндегі мәселе. Ақсақалдар Мәдениет және демалыс саябағындағы тамақтанатын орындарда арақшарап өнімдері сатылатындығын айтты. Мұны да заң тұрғысында шешуге тырысамыз. Ал саябақтың жалпы жағдайы көңіл көншітерлік деңгейде, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Осы күні Ерік Хамзаұлы Пестрое көлінің жанындағы “Солтүстік жұлдызы” саябағы мен жағажайда да болды. Облыс әкімі тез арада жағажайға құм төсеп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді, жылжымалы киіз үйлерді салтанатына сай пайдаланып, жағажайдың сол жағын көркейтуді қала әкіміне тапсырды.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp