Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары демалыс уақытын жайлы өткізуі үшін Жәлел Қизатов және Хименко көшелерінің қиылысында жаңа саябақ ашылды. Демалыс орнына жарық-диодты шамдар орнатылып, көздің жауын алатын әдемі гүлдердің түр-түрі, қылқанжапырақты ағаштар егіліп, аумақ тастардан жасалған экспозициялармен безендірілген.
Осыған дейін қамыс қаулап өскен орынды абаттандыру жұмыстары үстіміздегі жылдың маусым айында қолға алынған болатын. Бұл міндетті “Шатыргрупп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары үлкен жауапкершілікпен орындады.
Биыл осындай тағы бірнеше демалыс орнын пайдалануға беру жоспарлануда. Олардың бірі “Жас өркен” шағынауданында бой көтеріп жатқан қазақ театрының маңында болса, “Береке” шағынауданының тұрғындары үшін де осындай саябақ қарастырылған.
Әсем АЙТУЛОВА,
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы.