Өткен жылы Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағында арнайы аллея ашылып, ағаштар отырғызылған еді. Игі бастама биыл да ұмыт қалмай, бұл жер жаңа көшеттермен толықты.
Өңірімізде көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға серпін берген шара жергілікті кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында қолға алынған. Өйткені, еңбек ардагерлеріне қамқорлық көрсетіп, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығын жалғау – әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының басты әрі маңызды бағыттарының бірі. Шараның басты міндетіне тоқталып өткен облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Мұрат Қалиев бүгінге дейін аллеяда 62 түп шырша егілгенін жеткізді. “Аллеяны ашудағы негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың бойында қоршаған ортаға жанашырлық сезімін ұялату және оларды табиғатты қорғауға баулу. Былтыр бұл жерге жасыл желектерді тек қалалық кәсіподақ мүшелері отырғызса, биыл бұл жұмыстарға аудандық ұйымдардың өкілдері де білек сыбана кірісті”, – деді Мұрат Қалиев.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, аталған шараға қатысу арқылы өңірімізді көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға ниеттенген азаматтардың қарасы қалың болды. Осы жолы денсаулық сақтау, білім және ғылым мемлекеттік мекемелерінің кәсіподақ ұйымдарына мүше азаматтар шырша отырғызды. Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов ағаштардың айналаға көрік беріп қана қоймай, адамның денсаулығына да оң әсерін тигізетіні жайлы айтты. Осыдан 15-20 жыл бұрын барлық жерін шөп, қара қамыс басқан орын бүгін тап-таза, ал жасыл желектер сәнін келтіріп, адамдардың жақсы көңіл күймен демалуына мүмкіндік туды. Айта кету керек, аллеяның көркін аша түскен Сібір шыршалары Қызылжар ауданындағы Кондратов тәлімбағынан әкелінген.
Осы жолғы шараны өткізуге септігін тигізген азаматтар бұл үрдісті қолдау үшін эстафетаны Петропавл қалалық әкімдігі, “Көпсалалы облыстық аурухана”, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық, Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл теміржол колледждері бастаған бірқатар ұйымдарға жолдады. Игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Облыстық кәсіподақтар орталығы келесі жылы еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай бұл жерге тағы 30 түп шырша егуді жоспарлап отыр.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.