Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп, облыс орталығының іргесіндегі саяжай учаскелеріне кіре бастады. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Департамент бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, қазіргі уақытта Айыртау мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы шағын өзендердегі су біртіндеп төмендеуде. Нәтижесінде жағаға жақын орналасқан ауылдарда жағдай тұрақталуда. Дегенмен, ерке Есіл Петропавл қаласының маңында мінез көрсете бастады.
– Облыс орталығының жанынан өтетін халықаралық маңызға ие Новосібір – Челябі тас жолының 529 шақырымын су басып, ол уақытша жабылды. Жол бойы арнайы белгілер қойылды. Сондай-ақ, Заречный кентіндегі жолды су шайды. Қазіргі уақытта Есіл өзенінің ең биік нүктесі Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының жанында тіркелді. Әзірге тұрғын үйлерге су кіру фактісі тіркелген жоқ, – деді Рамиль Фаткулович.
Департамент бастығының айтуынша, қазіргі уақытта Тепличное мен Заречный кенттеріндегі 2311 саяжай учаскесіне су кірді. Құтқарушылар аталмыш саяжайларда уақытша тұрып жатқан 240 адамды есепке алды. Олардың әрқайсысымен жеке бас қауіпсіздігі туралы әңгіме жүргізіліп, Петропавлда ашылған эвакуациялық қосындар туралы ақпарат берілді.
Бүгінге дейін Боголюбова, Семиполатное және Соколовка ауылдарының іргесі құммен бекітіліп, Тепличное мен Прибрежное елді мекендеріндегі ұзындығы 950 және 1550 метрлік бөгеттер нығайтылды. Былтыр қауіпті аумақтарда 13 су өткізгіш құбыр тартылып, 7,5 шақырымдық бөгеттерді қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде 160-тан астам ауылда су тасқыны қаупін төмендетуге мүмкіндік туды.
“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мамандары Есіл өзенінің суы алдағы бір-екі күнде шарықтау шегіне жетеді деген болжам жасауда. Сондықтан құтқарушылар облыс орталығындағы жеке тұрғын үй секторларын аралап, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескертуде.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.