Петропавлдықтарға саяжай учаскелеріне баруға рұқсат етілмек. Қазіргі уақытта әкімдік мамандары тұрғындардың тізімін жасауда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин хабарлады.
Көктемнің бір күні – жылға азық. Бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы 136 саяжай қауымдастығында 21923 жер телімі бар. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде оның 2300-іне су кірді. Алайда, карантиннің кесірінен жұртшылық су баспаған саяжайларына да бара алмауда. Осыған орай саяжайы бар тұрғындар жедел штаб өкілдерінен қала сыртына шығып, бау-бақша жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруді сұраған.
– Соңғы күндері өңірде карантин шараларының күшейтілуіне байланысты бірқатар сұрақтар туындап, олар әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Солардың бірі – саяжайларға шығу мәселесі. Саяжай иелері қатты алаңдап отыр. Өйткені, қазір көктемнің дәл ортасы, жұртқа қолайлы кезең. Біз саяжайға шығатын азаматтардың тізімін жасап жатырмыз. Ол кейін автоматтандырылған “Сергек” бейнебақылау жүйесінің базасына енгізілетін болады, – деді Асқар Ережепұлы.
Петропавлдықтар аты-жөндерін, ЖСН, мекенжайын, саяжай қоғамдастығының атауын және телефон нөмірін қала әкімдігінің 8 (708) 306-28-38 “WhatsApp” нөмеріне немесе dpetro2020@mail.ru электронды поштасына хабарлаулары қажет. Ал блок-бекеттердің сыртында орналасқан “Журавушка”, “Гудок”, “Эврика”, “Вишенка”, “Тихая роща”, “Энергостроитель”, “Куйбышевец”, “Аккорд”, “Сансевьера”, “Эверест” саяжай серіктестіктерінің өкілдері автокөліктерінің маркасы мен мемлекеттік тіркеу нөмірі туралы қосымша ақпарат берулері керек.
Қалалық бағбандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Ротарь қала тұрғындарын карантинге байланысты орын алған жағдайға түсіністікпен қарап, саяжай қоғамдарының төрағаларын тізімдерді дайындауда белсенділік танытуға шақырды.
Сурет: https://pkzsk.info/