
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері қалалық Мәдениет және демалыс саябағы аумағына 20 түп шырша көшеттерін отырғызды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына орайластырылып бастау алған “20 игі іс” акциясы аясында жүзеге асырылды. Шараға этномәдени орталықтардың төрағалары, ассамблеяның жастар қанатының мүшелері, мектеп оқушылары қатысты.
Жеріміздегі бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуды көздеген ассамблея мүшелері қалалық саябақтағы шырша көшеттері отырғызылған аумаққа “Достық” саяжолы деген атау берді. Бұл баршамызды түсіністікке, достыққа, өзара келісім мен ынтымақтастыққа шақыратын орынға айналып, осы күн тарихи оқиға ретінде сақталып қалатын болсын деген ізгі ниеттен туған атау. “Бұл, шынында да, игілікті іс, біз саяжолға өзіміздің балаларымызбен, немере, шөберелерімізбен келіп, бұл шыршаларды өз қолымызбен отырғызғанымызды айтып, мақтан ететін боламыз. Саяжол бізді одан әрі жақындастыра түседі, осының барлығы еліміздің жасампаздығы жолындағы жұмыс болады”, – дейді “Кентрон” армян мәдени орталығының төрағасы Геворг Геворкян.
“Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс” акциясы аясындағы шараға қатысушылар қалалық Мәдениет және демалыс саябағы аумағына отырғызылған қарағай көшеттерінің жайқалып өсуі үшін өздері жауапты болып, оны күтіп-баптауға атсалыспақ.
“Ғұмырыңды ұзартқың келсе, ағаш ек” дегендей, олар осы игілікті шара арқылы өскелең ұрпақты этносаралық келісімді, бірлікті, достықты сақтауға баулып, еліміздегі ынтымақтастық пен тыныштық тамырын одан әрі тереңге жайып, мәуелі баққа айналуын қалайтындарын айтты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.