Ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы еліміздің Тәуелсіздігі асыл арман болған еді. Бүгінгі күні олардың арман-мақсаттарының жүзеге асырылып жатқанына куәміз. Небәрі ширек ғасыр ішінде әлеуметтік, экономикалық әлеуетіміз артты, енді алдағы меже – көшбасындағы отыз елдің қатарына қосылып, тәуелсіздігімізді бұдан да бетер баянды ету. Ал алдағы күндерге арналған жоспарымыз өте ауқымды. Елбасының “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары еліміздің дамып, өркендеуін жаңа деңгейге көтеретін болады. Бұл орайда еліміздің сот жүйесіне де үлкен міндеттер жүктеліп отыр.
Мемлекет басшысы “Ұлт жоспары – арманға бастайтын жол” атты мақаласында атап көрсеткеніндей: “Тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің қызметі тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиіс”. Бұл мақсат-міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен “Жоғары Сот Кеңесі туралы” жаңа Заң қабылданды. “Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы” Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді. Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады.
Сот билігінің беделі мен оның қызметінің тиімділігі судьялардың біліктілігіне, объективті, бейтарап және әділ болуына да тікелей байланысты. Алдағы уақытта судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады. Президентіміз сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиістігін атап көрсеткен болатын. Сондықтан судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылатын болады.
Өмір көрсетіп отырғанындай, халықтың әл-ауқаты мен сана-сезімінің, мәдениетінің, оның ішінде құқықтық мәдениетінің өсу деңгейіне байланысты билікке әр заманда әртүрлі талап қойылады. Мысалы, XIX ғасырдың бас кезіне дейін қазақтардың өздеріне тән бірегей дәстүрлі билер соты болғанын тарихтан жақсы білеміз. Би болудың да заманына орай өз шарттары айқындалған еді. Атап айтқанда, би қазақтың салтын, дәстүрлі әдет-ғұрпын жете танып, “Қасым ханның қасқа жолын”, “Есім ханның ескі жолын”, әз-Тәукенің “Жеті жарғысын” және басқа да билерге арналған ережелерді жатқа білуі қажет болды. Бұдан бөлек, би атағынан үміткер шешендік өнері мен аталы сөзді шебер меңгерген, туғанына тартпайтын адал болу талаптарына лайық тұлғалар қатарынан көрінуі шарт еді. Ал қазіргі таңда судья болудың да өзіне тән заңдық талаптары бар. Конституцияға сәйкес жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтар судья бола алады. Осыған сәйкес елімізде судьялыққа үміткерлерге қатысты жариялы және көпсатылы сипатқа ие конкурстық іріктеу жүйесі енгізілген. Ол бойынша судьялыққа үміткерлер біліктілік емтиханының қорытындысы немесе Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына қарасты Сот төрелігі институтының оқу қорытындысы бойынша іріктеуден өтеді. Үміткерлердің кандидатурасын жергілікті жұртшылықтан, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құралған өңірлердегі қоғамдық кеңес және облыстық соттардың судьялары өздерінің жалпы отырыстарында жария түрде талқылап, нақты шешім қабылдайды. Кандидаттардың өмірбаяны алдын ала жергілікті БАҚ-та, соттардың веб-сайттарында жарияланып, халыққа таныстырылады. Осы сындардан сүрінбей өткен үміткерлердің кандидатуралары Жоғарғы Сот Кеңесінде қаралып, содан кейін ғана Елбасының Жарлығымен судья қызметіне тағайындалады. Болашақ судья мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, еркін жазып, өзінің ой-пікірін толық жеткізе білуі керек.
Тәуелсіз еліміздің тарихында мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, ювеналдық және қаржы соттары ашылып, сот әділдігін өз дәрежесінде жүзеге асыруда. Судьялардың қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін тиімді сот төрелігін жүргізу жауапкершілігі артты, кәсіби этика нормалары күшейтілді. Сот судьяларының тәуелсіздігі қамтамасыз етіліп, олардың әлеуметтік және құқықтық мәртебесі нығаюда. Соттарды материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі күні сот залдары аудио және бейнежазудың қондырғыларымен жарақтандырылуда және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді. Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің шынайылығын қамтамасыз етеді.
Сот әділдігін жүзеге асырудың жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әрбір өңірлік соттардың арнайы сайты ашылды, мұнда заңды күшіне енген сот актілері жарияланады. Сонымен қатар, әрбір облыстық сотта баспасөз қызметі бар, ондағы хатшылар бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жариялап, жергілікті тілшілермен тығыз байланыс орнатқан. Бұл өз кезегінде сот ісінің жариялылығы мен ашықтығы, еліміздің әрбір азаматының сотқа жүгінуге, өзінің конституциялық құқығын қорғауға және кедергілерді толығымен жоюға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Соттар мен судьялардың ең жоғары талаптарға жауап беруі заман дамуы туындатқан міндет болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі аумалы-төкпелі заманның ағынына ілесіп дамуымыз үшін, осылайша әлемдегі өркениетті елдердің қатарынан көрінуіміз үшін алдымызға үлкен міндеттер қойып, жол сілтеп, оның орындалуына қажетті жағдай жасап отыр. Ендігі жерде берілген мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, ерінбей әрі адал еңбек етіп, алға ұмтылу, Елбасы артқан сенімді ақтау баршамыздың басты парызымыз болып табылады.
Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА,
Петропавл қаласы
№2 сотының судьясы.