Өңірімізге жұмыс сапарымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев бастаған республикалық мониторингтік топ келіп, бірқатар аудандарды аралап, мемлекеттік қызмет көрсететін органдардың жұмыс барысымен танысты.
Астаналық меймандар Тайынша ауданындағы орталық ауруханада болды. Әсіресе, қызмет көрсету сапасына ерекше назар аударылды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальскийдің айтуынша, қызметтердің бірқатары электронды түрде көрсетіледі екен. Осының арқасында науқастар дәрігердің қабылдауына жазылу үшін тіркеу бөлімінде кезек күтіп тұрмайды. Бұл жүйенің тиімділігін тексерген аудан әкімі Ержан Иманслям қас қағым сәтте дәрігердің қабылдауына жазылды.
Сондай-ақ, агенттік төрағасының орынбасары созылмалы дертке шалдыққандарды сауықтыру үшін арнайы ашылған “Денсаулық мектебі” бөлмесінің жұмысымен де танысты. Ауруханада көрсетілетін қызмет сапасына көңілі толған Алик Жатқамбайұлы мекеменің жұмысына оң баға берді. Ал Келлеровка, Кременчуг, Богатыровка, Липовка сынды төрт елді мекеннің үш мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетіп отырған Келлеровка ауылдық әкімдігі аппаратының жұмысына қатысты сын айтылды.
Келесі күні мониторингтік топ Жамбыл, Мамлют, Қызылжар аудандарындағы және облыс орталығындағы қызмет көрсететін нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына бірқатар сын айтылды. Алик Жатқамбайұлы осы жерде отырып, тұрғындарға сапалы және уақытылы мемлекеттік қызмет көрсетуі тиіс кейбір мемлекеттік орган өкілдерінің жұмыс уақыты әртүрлі екенін естіп, бұл олқылықты жоюды тапсырды.
Сонымен қатар орталық қызметкерлері бөлек кабинеттерде отырмай, кең залға жайғасып, жабық есіктің ар жағында емес, тұрғындардың көз алдында қызмет көрсеткені жөн екендігін атап өтті. Осы жерде бір жапырақ қағаз үшін ауылдан ат арытып келген тұрғындармен тілдескен агенттік төрағасының орынбасары ауылдық округ әкімдіктерінде электронды қызмет көрсетуді жетілдіріп, оны халыққа түсіндіру қажет екендігін айтты.
Мамлют ауданында да сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге жағдай жасалмаған. Мәселен, аудандық ішкі істер бөліміндегі торлы темір есіктер адамға сенім ұялатпайды, керісінше, үрей тудырады. Ал мұндағы емтихан алу-тіркеу жұмысы бөлімшесінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмаған, бүкіл құжат айналымы бір инспектордың мойнына жүктелген. Жалпы, бұл қызмет түрін ішкі істер бөлімі емес, халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсетуі тиіс. Ал жергілікті жердегі халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының ішкі безендірілуі, қызметкерлерінің жұмыс істеу тәртібі республикалық мониторингтік топтың көңілінен шықты. Қызмет алып жатқан аудан тұрғындары да орталық мамандарының қызмет көрсету сапасына көңілі толатындықтарын жеткізді.
Осы күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары облыс орталығындағы және Қызылжар ауданындағы бірқатар нысандарда болды. Петропавл қаласында облыс бойынша 150 мыңнан астам жеке, алты мыңнан астам заңды тұлғаны жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған “СевКазЭнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты маңызды нысандарға атбасын бұрса, Қызылжар ауданында жергілікті активпен және ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.