«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕН САЛАР ДА МЕН САЛАР…

Облыстық қоғамдық кеңестің ке­зекті отырысы өтіп, онда білім ошақтарының жаңа оқу жылына әзір­лігі, аз қамтылған және көпбала­лы отбасыларға берілетін әлеу­­меттік көмек жөніндегі мәсе­лелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баян­дама жасаған облыстық білім бас­қармасы басшысының орын­ба­са­ры Владимир Ткаченконың айтуы­на қарағанда, үстіміздегі жы­лы өңірдегі 130 білім ордасын күр­делі жөндеуге бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінген. Бү­гінгі күні тек 75 білім мекемесінде жөн­деу жұмыстары толығы­мен аяқтал­ған. Қалған мектептер жаңа оқу жылына дайын емес. Ар­найы жүргізілген мониторинг қо­рытын­дысы көрсеткендей, об­лыс­­тағы 16 оқу орнының жөндеу жұ­мыс­тары 1 қыркүйекке дейін біт­пейтін сыңайлы. Владимир Сер­геевич бұл олқылықтың мердігер ұйымдардың талаптарды уақты­лы орындамауы, конкурстық рә­сімдердің кешіктірілуі, құжаттар­дың дайын болмауы және өзге де себептердің салдарынан орын алып отырғанын айтып ақталды. Жоғарыда аталған 16 мектептің ба­сым бөлігіндегі құры­лыс жұ­мыс­тарына жауапты “Севим­сталь­кон” ЖШС (директоры С.Газ­­диев) шарт бойынша бекі­тілген міндеттемелерін мерзімін­де орындамауы салдарынан құ­рылыс жұмыстары жыл соңына дейін созылуы мүмкін. Серіктес­тіктің жауапсыздығынан биылғы оқу жылында Айыртау ауданын­дағы Лобанов және Бірлестік орта мектептерінің, Қызылжар ауда­нындағы Якорь, Вагулино, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Тахтаброд, Урожайное, Володарское және тағы бірқатар елді мекендердің балалары жарық, жайлы сыныптарда сабақ оқудың орнына құрылысшылармен қа­бат­та­сып білім алуға мәжбүр бо­лары анық. Петропавл қаласы бо­йынша да апатты деп танылған Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептегі жөндеу жұмыс­тарының барысы көңіл көншіт­пейді. Ұстаздар мен оқушылардың биылғы оқу жы­лын әзірге төбесі тесік, едені жа­мау-жамау білім ошағында бас­тау­дан басқа амалы болмай тұр.
Владимир Ткаченко өңірімізде құрылысқа қажетті материалдар жетіспейтінін айтты. Бүгінгі күні облыстық білім басқармасы құрылыс жұ­мыстарын кешіктірген кәсіпорын­дар тізімін жасап, оны шара қа­былдау мақсатында об­лыстық құ­рылыс басқармасына жолдаған. Осылай өздеріне шаң жуытпаған облыстық білім бас­қармасы басшысының орынбаса­рын кеңес мүшелері сұрақтың астына алды. Тіпті, кейбір мек­тептерде жөндеу жұмыстары мүлде бас­тал­мапты. Мәселен, Мемле­кеттік аудит комитетінің Айыртау ауданындағы Сырым­бет орта мек­тебіне қатысты кон­курстық рәсім­дерді жоққа шыға­руы салдары­нан соттың істі қа­рау уақыты бір айға созылып кет­кен. Салдары­нан білім ордасын­да биыл жөндеу жұмыстары жүр­гізілмейтін бол­ған. Конкурстық рә­сімдердің ере­желері сақталмай, уақытында өт­кізілмеуі салда­ры­нан Жамбыл ау­данындағы Қайран­көл орта мектебін қалпына кел­тіру де әлі күнге дейін шешіл­меген мәселе күйінде қалып отыр. Мек­тепті жөндеу бойынша биыл төр­тінші рет конкурстық рә­сім өткі­зілмек. Егер де бұл шара осылайша сиырқұйымшақ­тана­тын болса, балалар биыл да ескі мектепте білім алуға мәжбүр болары даусыз. Сондай-ақ, Есіл ауданындағы Чириковка, Тораң­ғұл, Явленка және А.Игібаев атындағы Николаевка орта мектеп­теріндегі құрылыс жұмыста­рын аяқтауға мүмкіндік болмай отыр. Бұл мекемелер бойынша кон­курстық рәсімдер тек 23 шілдеде ғана басталған. Осындай салғырттықтың кесірінен Мамлют ауданындағы Андреевка және Воскресеновка, Мағжан Жұма­баев ауданының Бастомар ауы­лындағы орта мектептер сабақ кезінде жөнделеді.
Қоғамдық кеңес мүшелері бі­лім ордаларының оқу жылына күр­­делі жағдайда кіріскелі отыр­ға­нын сынға алып, осы іске жауап­ты атқарушы билік жұмысының жүйе­сіздігіне өкініш білдірді. “Тамыз айы­ның басында қоғам­дық кеңес­тің мүшелерімен бірге білім ор­даларын аралап, жағдай­дың мәз еместігіне көз жеткізген едік. Биыл мектептердің құрылыс жұмыс­тарына 5 млрд. теңге бө­лініп отыр. Бұрын-соңды бұл са­лаға мұн­дай қомақты қаржы бө­лінбей­тін. Енді соның өзін дұрыс игере алмай отырғанымыз өкі­нішті. Құрылыс жұмыстарын ке­шік­тірген “Севимсталькон” ЖШС-і сынды кінәлі ұйымдарды жауап­қа тарту керек”, – деді облыстық қоғамдық ке­ңестің төрағасы Қа­йырлы Еді­ресов.
Бүгінгі күні бұл мәселе бойын­ша “Жол картасы” әзірленіп, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту облыс әкімінің жеке бақылауына алын­ған. Өңір басшысы Құмар Ақса­қаловтың бастамасымен биыл ауыл шаруашылығы құры­лым­­дарының басшылары мек­тептер­ді оқу жылына дайындау жұмы­сын­да белсенділік танытты. Жазғы демалыс кезінде ауыл­да­ғы кәсіпкерлер 157 білім орда­сына 117 млн. теңге қар­жы­ла­й кө­мек көрсетті. Кеңес мүш­елері осындай мүмкіндіктер жаса­лып отырған уақытта атқарушы билік өкілдерінің өздеріне тиесілі мін­деттерді дұрыс атқара алма­ға­нын түсіне алмай дал. Сон­дай-ақ, олар білім нысандарының жаңа оқу жылына әзірлігін ерте­рек ой­лауы керектігін, орын алған жағдайды былайша талқылау “жау кеткен соң, қылышты босқа сер­ме­генмен” тең десті. Мәселен, ке­ңес мүшесі Жарасбай Сүлейме­нов оқу жылына әзірлік мәсе­лесінің тым кеш қозғалып отыр­ғанына қынжылыс білдірді. “Бұ­ған тек құрылысшыларды ғана кінә­лауға болмайтын сияқты, тапсырыс беруші атқарушы билік өкілдері де өздеріне жүктелген мін­детті орындай алмағаны кө­рініп тұр”, – дейді ол.
Мемлекеттік қызмет істері де­партаменті басқарма басшысы­ның міндетін атқарушы Арман Қахабаев атаулы әлеуметтік кө­мекті тағайындау барысында орын алған заң бұзушылықтар жө­нінде хабарлама жасады. Жұ­мыс­пен қамту орталықтары мен “Азамат­тарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының қызметі ба­қылауға алынып, нәти­жесінде 18 ұсыным жасалған. Де­партамент қызметкерлері әлеу­мет­тік же­лі­лерге мониторинг жасау кезінде ақпараттық-түсіндіру жұмыста­рының жеткіліксіздігін, сондай-ақ, тиісті мекемелер ма­мандарының жауапсызды­ғынан атаулы әлеу­меттік көмекті ала ал­май отырған тұрғындардың бар екендігін анық­таған. Арман Қа­хабаевтың айтуына қарағанда, бүгінде бұл олқылық жойылып, азаматтардың бар­лығына жәр­демақы толықтай тө­ленуде. Қы­зылжар ауданының жұмыспен қамту орталығындағы ішкі бақы­лау жұмыстарының қо­ры­­тынды­сында атаулы әлеу­мет­тік­ көмекті тағайындау тәртібін бұ­зудың 1711 фактісі тіркелген. Нәти­же­сінде орталықтың басшысы мен екі қызметкері тәртіптік жау­ап­кершілікке тартылған. Бұдан бас­қа, аталмыш ауданда жеке кәсіп­керліктен түскен табысын жа­сырып, 550 639 теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз түрде алып келген үш адам анық­талды. Олар зейнетақы ауда­рым­­дарының ең аз мөлшерін көр­се­тіп, пайдаға кенелмек болған.

Гүлбике КУБЕНОВА,  “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp