Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Астанада “Сулы-желекті бульварды” аралап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин “Назарбаев Университетінде” болды.
Мемлекеттер басшылары университеттің қызметімен танысып, студенттермен кездесті. Си Цзиньпин олардың алдында Қытайдың Орталық Азиядағы сыртқы саяси басымдықтары және Қазақстанмен арадағы екіжақты ынтымақтастық тақырыбында дәріс оқыды.
Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз Қытайдың Қазақстанмен және өңірдегі өзге елдермен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылысын қолдайтынын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығы айтарлықтай алға жылжып, бүгінде тауар айналымы 26 млрд. долларға жеткеніне тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшылары оны 40 млрд. долларға жеткізу міндетін алға қойып отыр.
Мемлекет басшысы Си Цзиньпинге екі елдің студенттер алмасуын қамтамасыз етуге ниет білдіргені үшін алғысын айтты.
– Жастар бірін-бірі біліп, қарым-қатынастарымыз одан әрі нығая беру үшін Қазақстан да Қытайдан студенттер қабылдауға әзір. Қазақстан ұзақмерзімді ынтымақтастыққа дайын. Қазақстан ҚХР-ға жақсы көрші, сенімді дос және экономикалық серіктес болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Университет студенттері алдындағы дәріс барысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің экономикалық және саяси дамуында едәуір ілгері кеткенін және бұл қадамы халықтың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартып, халықаралық беделінің артуына жол ашқанын атап өтті.
– Небәрі 10 жылда заманауи қала болған Астана Қазақстан жерінің тағы бір ғажайыбына айналды. Астана – еңбексүйгіштіктің, Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі мен жарқын болашағының символы. Қытайдың Хань династиясының елшісі 2 мың жылдан астам уақыт бұрын бейбітшілік пен достық миссиясымен Қазақстанға екі рет келіпті. Сол сапарлар Қытайдың Орталық Азиямен достық қатынастарының кеңеюіне ықпал етіп, Жібек жолының шығыстан батысқа, Азиядан Еуропаға барар бағыттарын ашты. Ежелгі Жібек жолы өзінің бастауын менің туған провинциям саналатын Шэньсиден алады, – деп атап көрсетті Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы ежелгі Жібек жолының бойында жатқан қазақ жері шығыс және батыс өркениетінің ықпалдастығына зор үлес қосып, түрлі ұлттар мен мәдениеттер арасындағы байланыстардың дамуына септігін тигізгенін айтты. ҚХР Төрағасы Қытайдың көрші елдермен өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтуға барлық халықтардың игілігі үшін ұмтылып отырғандығына да тоқталды. ҚХР Төрағасы ынтымақтастықтың жаңа модельдерін қолдану төмендегідей нақты бағыттардан бастай отырып, бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы Ұлы Жібек жолының “экономикалық белдеуін” қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
– Бірінші, экономикалық интеграция шаралары мен бағдарламаларын әзірлеу үшін экономикалық даму стратегиясының түрлі мәселелері жөнінде ұдайы пікір алмасып отыру. Екінші, Тынық мұхиттан Балтық теңізіне дейін біртұтас көлік инфрақұрылымын түзу. Үшінші, кедергілерді жоя отырып, жеткізу жылдамдығын арттыру арқылы сауда байланысын күшейту. Төртінші, валюта ағынын күшейту. Бүгінде біз ұлттық валюталар мен жинақтар есебі бойынша табысты жұмыс жүргізіп келеміз. Мұндай тәжірибе ақша шығынын азайтып, қаржы жүйесін қатерден қорғайды, сондай-ақ экономиканың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бесінші, халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі күшейту, – деді С. Цзиньпин.
Сөзінің қорытындысында ҚХР Төрағасы елдеріміздің біздерді біріктіретін және өзара тиімді ынтымақтастықтың даму перспективаларына жол ашатын қарым-қатынасының екі мың жылдан астам тарихы мен кең ауқымдағы мүддесі бар тағдыры ортақ тату көршілер екенін атап өтті.
Соңында Си Цзиньпинге Қазақстан Президенті оған Назарбаев Университетінің құрметті профессоры атағының берілуіне байланысты профессор мантиясын тапсырды.
Мемлекет басшылары Университетте болғаннан кейін “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрын аралап көрді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізді.
Ақордада өткен келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету перспективаларын қарастырды.
Атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, шекаралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесу барысында Си Цзиньпиннің тарихи сапарына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айтты.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдардағы өзара іс-қимылдың маңызды тұстарына қатысты пікір алмасты.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында С.Цзиньпиннің сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретініне сенім білдірді. Қазақстан Президенті елдеріміздің Үкіметтері, Парламенттері, саяси партиялары арасындағы байланыстардың игі үрдіске айналғанын атап өтті.
Си Цзиньпин бұл оның Қазақстанға алғашқы сапары және Қазақстан Президентімен биылғы екінші ресми кездесуі екенін айтты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарда айтарлықтай табыстарға қол жеткізілгенін атап өтті.
– Біз ортақ шекараны бекіттік, сауда айналымының көлемін ұлғайттық. ҚХР-дың Қазақстанға салған инвестициясы 20 млрд. долларға жетті. Бұл ел біздің экономикамызға инвестиция салудан барлық шетелдердің арасында үшінші орында. Газ бен мұнай құбырлары құрылысын қоса алғанда, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. “Достық-Алашанькоу” және “Қорғас-Алтынкөл” темір жол өткелдерінің ашылуы біз үшін әлемдік нарыққа қолжетімділік аясы кеңейгенін білдіреді, теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекетіміз үшін мұның маңызы өте зор, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайды өңірлік қауіпсіздікке, экстремизмге, терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес мәселелері бойынша қолдайтынын да атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Президенті еліміздің Ляньюньган порты арқылы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі көлік инфрақұрылымына шығуы маңызды екеніне тоқталды.
Си Цзиньпин екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы өзара тиімді сипатқа ие екенін, ортақ күш-жігер жұмсау арқылы трансшекаралық мұнай және газ құбырларын тартуды жүзеге асыруға, энергия ресурстарын барлау, өндіру және өңдеу саласында кешенді өзара іс-қимылды арттыруға болатынын атап өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды: ҚР және ҚХР арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы бірлескен декларация, ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктер ғимаратының құрылысына өзара жер учаскелерін беру туралы келісім, Ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісім, Қорғас өзеніндегі бірлескен “Достық” су торабын басқару және пайдалану туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісім, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың орта және ұзақмерзімді бағдарламасы (2020 жылға дейін), Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Қытай Халық Республикасының энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы Көмірді кешенді өңдеу жобаларын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум, “Қазақстан темір жолы” ҰК АҚ мен Ляньюньган қаласы Халық үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің құрылтайшылық отырысына қатысты.
Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қытайды сенімді серіктес және тату көрші ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап біздің елдеріміз екіжақты экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге жетті. Өткен жылы өзара сауда көлемі 24 миллиард доллар болды. Ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында соңғы жылдары өзара іс-қимылдың түрлі тетіктері қалыптастырылды және табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің қызметі мен тұрақты өткізіліп тұратын Үкімет басшылары деңгейіндегі кездесулер анағұрлым маңыздысы болып саналады. Өткен жылдар ішінде біз екі-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды реттейтін байыпты шарттық-құқықтық база құрдық. Бұл 170-тен астам үкіметаралық және ведомствоаралық құжатты қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елімізде инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңдар қабылданғанын атап өтті.
– Олардың қызметіне жан-жақты қолдау көрсетілуде. “Қазақстан-Қытай” мұнай құбырының, “Сарыбұлақ-Зимұнай” және “Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбырларының құрылысы табысты инвестициялық өзара іс-қимылдың тағы бір мысалына айналды. Қазіргі уақытта біз жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз. Бүкіл еліміз бойынша “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” магистральді көлік дәлізін, жаңа автомобиль жолдарын және темір жолдарды, теңіз терминалы мен логистикалық орталықтарды іске қосудамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың тағы бір тәсілі ақпараттық технологиялар саласындағы транзиттік әлеуетті ашу болатындығы жөнінде пікір білдірді.
– Азия мен Еуропа арасындағы телекоммуникациялық арналарға сұраныстың артып отырғанын ескеріп, Қазақстан ақпараттар ағыны үшін мейлінше қолайлы және барынша қысқа бағыт ұсынуға дайын. Елімізде бар дата-орталықтардың қуатын тиімді пайдалануды бірлесіп ойластыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Іскерлік кеңесті құру екі ел бизнесінің арасындағы байланыстарды кеңейтудің қисынды жалғасы болатынына тоқталды.
– Менің ойымша, онда елеулі экономикалық әлеует бар. Бұл құрылым қызметтің ашық форматына ие бола отырып, екі-жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету жөніндегі пәрменді шараларды қабылдауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Іскерлік кеңестің аясында салалар мен өндірістерді дамыту жобаларын жүзеге асыруға арналған инвестициялық және жол карталарын жыл сайын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.
– Кеңестің тиімді жұмыс істеуі үшін оның аясында Астанада тұрақты жұмыс органын құру қажет деп есептеймін. Одан бөлек, тараптар үшін басым бағыттарды нысанаға алған салалық жұмыс топтарын ұйымдастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының тағы бір ұсынысы Іскерлік кеңестің күш-жігерін кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасында сұхбат алаңын қалыптастыруға бағыттау жөнінде болды.
– Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетін көрмелерді, сауда жәрмеңкелерін, семинарларды, конференциялар мен екі елдің таныстырылымдарын тұрақты өткізіп тұру қажет. Сондай-ақ, тиімді пікір және іскерлік ақпараттар алмасуды жолға қою мақсатында Іскерлік кеңеске мерзімді баспа және электронды басылымдар шығаруды қамтамасыз ету ұсынылады, – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Іскерлік кеңестің құрылтайшылық отырысы екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруға қатысты құнды ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысушыларды Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің ашылуымен құттықтады және екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығы бұрын қол жетпеген биікке көтерілгенін атап айтты.
– Менің сапарымның ең басты міндеті – екіжақты қатынастарымызды жаңа белестерге көтеру үшін Қазақстан Президентімен бірге бар күш-жігерді жұмсау. Қазақстан – тартылған Қытай инвестицияларының көлемі жағынан ТМД-дағы ірі ел. Қазақстанмен бірге біз құбыр желісін және шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын салдық. Табысты ынтымақтастықтың мұндай мысалдары өте көп, – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы Іскерлік кеңесін құру екі ел бизнес-қауымдастықтарының сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға деген құлшынысының айғағы екенін айтып, бұл Кеңес ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін әзірлейтініне және өзара тиімді серіктестікке компанияларды көптеп тартатындығына үміт артты.
Іскерлік кеңес отырысының барысында экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин “Бозой-Шымкент” учаскесіндегі “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральді газ құбырын газбен толтыруды бастауға арналған ресми салтанатқа қатысты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге Алматы қаласына келді.
Сапар барысында Мемлекеттер басшылары бірқатар нысандарды аралап, қала архитектурасымен танысты.