Жыл санап екпеден бас тартатын солтүстікқазақстандықтардың қатары қалыңдап келеді. Бұдан бөлек жүрек, бауыр мен бүйрек ауыстыруға мұқтаждардың қатары артқан. “Nur Otan” партиясының өңірлік филиалында өткен облыстық мәслихат жанындағы депутаттық фракцияның кезекті отырысында медицина саласындағы түйінді мәселелер талқыланды.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңір тұрғындарының скринингтік тексерістен өтуде белсенділігі төмен. Алдағы уақытта денсаулығына немқұрайдылық танытқандар тексерістен өтуге заң жүзінде міндеттелетін болады. Мұнымен қоса, баласына екпе салдыруға қарсы ата-аналардың да қатары артқан. 2017 жылмен салыстырғанда вакцина қойдырмағандардың үлесі 29 пайызға ұлғайыпты.
– Енді балаға екпе жасату үшін ата-аналарынан рұқсат алынбайды. Бұған дейін заңды өкілдер екпе жасатуға қарсы болып, баланың құқығын шектеп келді. Түрлі инфекцияларды жұқтырудың алдын алу үшін уақтылы вакцинациялау шарасын өткізу маңызды. Қазақстан дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен вакциналарды ғана сатып алады, – деді Нұрлан Айманов.
Отырыс барысында трансплантация жайы да сөз болды. Өңірімізде 97 адамның бүйрегін, 15 бауыр, 7 жүрек алмастыру керек. Бұл тізім де нақты емес. Елімізде донорлық белсенділік төмен екендігі белгілі. Ал марқұмның дене мүшесін туыстары мен заңды өкілдерінің рұқсатынсыз басқа адамға салуға болмайды.
Халық қалаулылары денсаулық сақтау саласындағы осындай өзекті мәселелерді талқылағаннан кейін Парламент Мәжілісіндегі әріптестеріне ұсыныс жолдамақшы.
Берік ҚАСЕН.