«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ ОРЫНДАУШЫСЫНА СЕНІП, пәтерінен айрылып қала жаздады

Жанардың қуанышында шек жоқ. Құжаттарға қол қойылды. Несие берілетін болды. Ол бұл күнді асыға күткен еді. Енді, міне, жылдар бойы армандаған баспанаға қолы жеткелі отыр. Ол осы сәтте 2020 жылға дейін мойнына несие “қамыты” киілгенін де қаперіне алған жоқ. Тек “Өзгеге емес, өз пәтерім үшін төлеймін ғой”, – деген ойдың әсерімен алдағы күндерге деген үмітін аялаумен болды.

Алаңдайтын да ештеңе жоқ сияқты. Өзі – мектепте мұғалім, жолдасы да жұмыссыз емес. Былай алып қарағанда 37 мың теңге көп ақша да емес қой. Осылай бұл отбасының да алаңсыз күндері басталған еді. Алайда, өмірде біз күтпеген тосын жайлар көп қой, арада алты жыл өткенде, нақтырақ айтқанда, 2012 жылы етектен тартып, аяқтан шалар қиыншылық қылаң берді. Аяқастынан балалары ауырып қалып, ерлі-зайыптылар, өздерінің айтуларынша, бар тапқан-таянғандарын сәбиін емдетуге жұмсайды. Жамандық жалғыз жүрген бе, Жанар Тәшімованың (аты-жөні өзгертілген – А.Б.) өзіне пана тұтып жүрген құрылыста істейтін ағасы жұмыс басында қаза табады. Отбасында бас көтерер басқа адам болмағандықтан, үй-күйі жоқ ағасын соңғы сапарға шығарып салу міндеті де оның мойнына артылды. Өзінің айтуынша, баланы емдетуге де, ағасының жаназасына да шығынданған ол банкке ай сайын 37 000 теңгені тауып бере алмай, 2 150 549 теңге қарыз болып қалады.

Мұндайда “Ақша жетпей жатыр” деген желеу тұрмыстық қиындықты да жеңілдетпейді, жауапкершіліктен де босатпайды. Ипотекалық несиемен баспана алған көпшіліктің тұтылатын жері де осы. “Төлейтін ақша жоқ”, – деп шарасыздық танытқандар кейін өз жауапсыздықтарының салдарынан бастарын тауға да, тасқа да ұрып жатады. “Береген қолы алаған” банктің талабынан шықпаудың соңы пәтерінен айрылған отбасының “Бұл қалай?” – деп байбалам салуымен ғана аяқталады. Бұл жолы да банк борышкерге бірнеше мәрте хабарласып, қарызды өтеу жолдарын іздегенімен, түйткілді мәселені шеше алмайды. Анығы – тығырықтан шығар жолды банк іздемейді, бұл арада несие алушының басы ауыруы керек, ең алдымен, сол мәселені шиеленістірмеудің жолдарын қарастырғаны жөн.

Банк болса, келісімді алға тартып, несие алып, уақытында қайтара алмаған адамды сотқа береді. Бұл жолы да солай болды. Сот түскен материалдарды қарай келіп, 2014 жылдың 17 ақпанында Жанар Тәшімовадан банктің пайдасына 2 150 549 теңге және 32 258 теңге мемлекеттік баж салығын өндіріп алу туралы шешім шығарады. Осы шешімді орындау мақсатында облыстық әділет департаментінің жеке тұлғалардан өндіріп алу жөніндегі бөлімінің сот орындаушысы Н.Петрованың (аты-жөні өзгертілген – А.Б.) үстіміздегі жылдың 15 қаңтарындағы қаулысына сәйкес Жанар Тәшімованың үш бөлмелі пәтері ашық саудаға шығарылады. Электрондық аукционның қорытындысы жөніндегі хаттамасына сәйкес үш бөлмелі пәтер 4 845 558,96 теңгеге сатылады. Өткізілген сауданың нәтижесі бойынша үстіміздегі жылдың 14 мамырында облыстық әділет департаменті мен аукционның жеңімпазы арасында аталған пәтерге қатысты сатып алу-сату шарты жасалады.

Былай алып қарағанда бәрі заңды сияқты. Ипотекалық несиені төлей алмаған еліміздегі көптеген отбасының баспана үшін күресі осылай аяқталатындығына етіміз үйренген. Бұл оқиғаға да осылай нүкте қойылар ма еді, егер бір гәп болмаса?.. Осы күнге дейін орта, жоғары білімді қазақ тілінде алған Жанар Тәшімова орысша ауызекі тілде сөйлескенімен, заң терминдерін мүлдем түсінбейді. Ипотекалық несиені ресімдеген кезде орыс тілін жетік білетін жұбайының көмегіне сүйенген ол борышкер ретінде соттың табалдырығын аттаған кезде маңдайы тасқа ұрылады.

Өз құқығын білмегендіктен, сотта істі қазақ тілінде жүргізуді талап етпегендіктен, судья оны орыс тілінде сөйлеуге мәжбүрлеген. Осылай қолайсыздыққа тап болған ол соттың 2014 жылдың 17 ақпанында өзінен банктің пайдасына 2 150 549 теңге және 32 258 теңге мемлекеттік баж салығын өндіріп алу жөнінде шешім шығарғанын үнсіз құптайды. Мойнындағы қарызынан тезірек құтылу ойымен пәтерін өзі де сатпақшы болады. Бірақ сатып алушы табылмайды. Ал бұл кезде қолында соттың өндіріп алу жөніндегі шешімі ғана бар сот орындаушысы кезекті істі тезірек аяқтау үшін көп ойланбастан оңай жолды таңдайды. Оңай жол – үш балалы отбасын тентіретіп жіберіп, олардың жалғыз баспанасын ашық саудаға қою. Ақыры өз басына би болған сот орындаушысы заңды аттап, Жанар Тәшімованың үш бөлмелі пәтерін ашық саудаға қоюға қаулы шығарады. Қаулыны әкеліп, борышкерге таныстырған кезде пәтер 46 000 АҚШ долларына, яғни 8 354 412 теңгеге бағаланғанын айтқан. Заңгерлермен ақылдаспаған, орыс тілін жетік білетіндердің көмегіне жүгінбеген Жанар Тәшімова пәтер осы бағаға өтсе, банктегі қарызынан құтылып, қалғанына бір бөлмелі пәтер сатып аламын деп ойлаған. Бірақ оған сот орындаушысы сауданың голланд әдісі бойынша өтіп, пәтер көрсетілгеннен анағұрлым төмен бағаға сатылуы мүмкін екендігін ескертпеген. Ашық саудада пәтер 4 845 558,96 теңгеге сатылған. Бұл хабарды естігенде Жанар есінен танып қала жаздайды. “Бесеуміз қайда барып паналаймыз?” – деген сауал жанын жегі құрттай жеп барады. Өз жерінде орыс тілін білмегендігі үшін дәл бұлай сорлаймын деген ой түсіне де кірмеген екен.

“Суға кеткен тал қармайдының” кебін киген Жанар Тәшімова: “Сотта іс қарау тілі анықталмады. Мен орыс тілін жетік білмеймін”, – деген уәжбен адвокат жалдайды. Заңды жетік білетін маманның көмегінің арқасында сот орындаушысы тарапынан кеткен заңсыздық анықталады. Адвокат Нұрбақыт Теменов Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабында: “Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді”, – деп көрсетілгендігін негізге алып, арызданушының өкілі ретінде сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсіреді.

– Бұл арада біз, ең алдымен, сот орындаушысы тарапынан борышкердің мүлкін өткізу кезектілігі сақталмағандығына назар аудардық, – деді Нұрбақыт Талғатұлы. – Себебі, Қазақстан Республикасының “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы” Заңының 72-бабына сәйкес қарызды борышкердің мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі баспананы емес, бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, қымбат металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, жеңіл автокөліктерді тәркілеуден басталуы тиіс.

Судья жоғарыда аталған Заңның 72-бабында көрсетілген тәртіпті ескермеген және соттың тиісті шешімінсіз пәтерді бірден ашық саудаға шығарған сот орындаушысы Н.Петровадан өзіне жатпайтын құзыреттілікке не үшін барғанын, ал банктің өкілі М. Федоровадан (аты-жөні өзгертілген – А.Б.) сотқа пәтерді сату арқылы қарызды өндіріп алу жөнінде шағым түсірмей, бұл тәртіпті неге айналып өткендерін сұрады. Сот орындаушысы тарапынан мардымды жауап болмады. Ал банк өкілі өз әрекетін: “Сот әдетте пәтерді сату арқылы өндіру жөнінде шешімін шығармас бұрын борышкерге қарызын басқа жолмен өтеу үшін уақыт береді”, – деп түсіндірді.

Ақыры не керек, білікті заңгер араласқан іс арызданушының пайдасына шешілді, жансыз тетіктей жұмыс істеген сот орындаушысынан кеткен қателіктің салдары – электрондық аукцион да, пәтерді сатып алу-сату шарты да соттың шешімі бойынша заңсыз деп танылды. Енді Жанардан банк алдындағы қарызды өндіру ісі заңдық тәртіп сақтала отырып жүргізілмек.

Мамандар сот практикасында мұндай жағдайдың өте сирек кездесетінін айтады. Біздің естіп, көріп жүргеніміз, көбінесе сот орындаушыларының дегені болып, арызданушылар улап-шулап, далада қалып жатады. Ал кеңірек ойласақ, “Бұл не сұмдық?” – деп айғайға басатындардың өздері де кінәлі. Несиеге үй алар кезде тәуекелге барған олар, оны төлей алмаған кездерінде де: “Бір жөні болар”, – деумен уақытты созып, жағдайларын тіпті қиындата түседі. Несиенің салмағы зілбатпан екенін ұмытпайық, ағайын!

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp