Арқа қазақтары қазысын жарқыратып, туырылып түскен бұйра-бұйра қартасын ақтарып, жемге байлаған соғымдарын соя бастады. Ел ішіндегі әңгіменің дені де осы соғым жайында. Пәленшенікі екі елі, түгеншенікі үш елі, сере шығыпты деген мақтан аралас сөз желтоқсанның желіндей ызғытып тұр. Қырық күнгі еңбегі жанып, сере қазы байлаған соғымының қызуымен шапанының өңірін ашып тастап, алшаң басып жүргендер аз емес. «Жемесе де май жақсы» деген осы-ау.
Ал жалпы табындағы жылқы қоңы оншалықты емес, жаңа ғана күй жинап келеді. Оның ең басты себебі – биылғы жылы егін орағының кеш аяқталуы немесе тіпті, бірсыпыра бөлігінің орылмай қалуы. Ауылдың бұзау оттайтын іргесіне дейін тіреп егін еккен ірі фирмалар күздің қара жаңбырында амалсыздан қолдары байланып, егіндерін жинап ала алмағаннан кейін қайран астықтың мал аяғының астында қалып, ысырап болмауын ойлап, күзетші қойған. Күзетшісі өз алдына, жылқышыларға жылқыны жаздағыдай қамап бағу қадап тапсырылған. Күні бойы қабағы бір ашылмайтын жылауық күзде ат үстінде жүріп жылқы бағуға қай жылқышы құмартып тұр дейсің, ебепке себеп табылып, кейбіреулері жылқыны қамап тастап, шәнжиіп, құрықтарын қабырғаға сүйеп, үйлерінде жатып алған. Ал жылқы жарықтық қара суық, қалың нөсердің астында дірдектеп шарбақта қамаулы тұрды. Тілерсектен саз. Тілін тістеп, аш тұрған мал қайың сырғауылдың да қабығын кеміріп жегенге ұқсайды. Әлде талғажау, әлде ащылағаны белгісіз, әйтеуір, осындай көрініс көп. Оның үстіне әлді айғырлар мен мама биелер шарбақтың ішіндегі тай-жабағыны теуіп мертіктірген. Шамасы, олардың да жүйкелері жұқарған болуы керек…
Кеш босатылғаннан кейін жаңа ғана құйысқандары бекіп, жалдары көтеріле бастады. Оның өзінде де астығы алынбай қалған кей алқаптар әлі де күзетілуде. Жауын-шашынның ересен молдығынан еңбегі еш, тұзы сор болған диқан қауым ерте көктемде егер масақ басында дән қалса, соғып аламыз деп жіңішкерсе де үзілмеген үмітпен отыр. Ауылдың қу тілді, кері сөйлейтіндері: «Комбайны тауық болып кетпесе, қайдан жинасын?» – деп әжуалайды.
Диқанның шығыны шаш етектен. Малсақ қауымға да оңай емес. Масақ басындағы қатқан мұзды бидай, арпамен қосып қаузаған желіндеген бие құлын тастамақ. Мал жайын білетіндердің айтуына қарағанда, қара суыққа ұрынып, қатып тұрған бидай мұзбен араласып ішке түскен соң ісінеді, қызады. Содан соң мал иесінің үміті кесіліп, шала туған құлын қарсақ пен түлкіге жем болмақ.
Биыл соғым бағасы әр өңірде әртүрлі. Біріншіден, малдың бітіміне, тұрқына, қоңдылығына байланысты. Осы арада тағы бір айта кететін жайт – жылқы тұқымының азуы. Кешегі кеңшар, ұжымшардың кезіндегідей қоғам есебінен құтпан айғырды үйірге салу, оларды жыл аралатып ауыстырып отыру ұмытылған. Ортақ шаруаның жайын опынып айтуы көп болғанмен, ұйымшылдығы кем, берекесі аз ауылдағы ағайын ортадан қаржы жинап, тұқымы тәуір айғыр сатып ала қоймайды. Жеке адамға азынатып, бір үйге бір айғыр ұстау тиімсіз. Одан да жыл сайын нашар да болса төл беретін бие ұстауды жөн көреді. Бірақ қазір Айыртау өңіріндегі бесті құнанға, құнан тайға, тай жабағыға ұқсап барады. Осы өңірде табыннан семіртілмеген тайлардың пышақ көтермейтінін малдану үшін 130-140 мың теңгеге алуға әбден болады. Ал шынашақ қазы шығатындары 160-170 мың теңге шамасында.
– Жалғызтаудың етегін жайлаған елде семіртілген тайлар шамамен 220-240 мың теңге, ал семіртілмеген, бірақ бармақ қазысы бар тайлар 180 мың теңгеге сатылуда, – дейді Айыртау ауданына қарасты Құмтөккен ауылының тұрғыны Абзал Байзулин. – Ал кебеже қарын ту бие, белді, жаялы бестілер 350-380 мың теңгенің шамасында.
Негізі, қалаға жақын ауылдар малдарын бұлдап сатады. Ал шалғайдағы шағын ауылдардың дәл мұндай мүмкіндігі жоқ. Өйткені, желтоқсанның басында тілерсектен қар жауып, қиырдағы ауылдардың арасындағы жол қатынасы үзіліп қалды. Аршып, тазалап та жатыр. Әйткенмен, сәл жел көтерілсе болды, жаяу борасын, сырғыма жүріп, жолды бітеп тастайды. Соғым іздеп, бейнет шегіп, шалғайда жатқан малсақ қауымға кім бара қойсын?!
Осыдан әлденеше жыл бұрын шалғайдағы Көксеңгір өңірінде (Уәлиханов ауданы) жыл он екі ай бойы жілігі татымды, жалы жығылмаған жылқы малы әжептәуір арзан болатын. Жасқайрат ауылының тумасы Әлібек Шәріповтың айтуына қарағанда, қазір бұл өңірде де мал бағасы өскен. Оған астаналық алармандар себепші болып жүр. Әдетте, еттің дәмі малдың жеген шөбіне, ішкен суына байланысты. Көксеңгірдің кең жазира даласында өскен он сан шөптің шүйгінін таңдап жеп, Сілетінің мөлдір суын ішкен жылқы еті шүйгін. Сондықтан да елордадағы қалталы ағайынның таңдауы осы өңірге түсіп тұр.
Кей жерде жылқы бағасының сәл де болса түсуіне Ресей рублінің құнсыздануы да себепші. Қолы жеткендер Омбы, Түмен өңірінен арзан жылқы әкеліп, мал базарына тоғытуда. Мұның елдегі мал баққан адамдарға аз да болса кесірі бар. Өйткені, қолдарындағы бірді-екілі жылқысын өздері ойлағандай өтімді бағамен сата алмай, арзанға беруге мәжбүр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Айыртау ауданы.