Театр – “Өнер” атты айдынның ішіндегі жиегіне көз жетпейтін, жанарыңмен байқап, жаныңмен ұғатын ағысы бөлек арнасы. Бұл өнердің есте жоқ ескі замандардан бері адамзат баласына сіңіріп келе жатқан игілігін айтып, жеткізу мүмкін емес. Оны ғимаратының сыртындағы атауымен емес, ішіндегі сахнасының құдіретімен құрметтеу ләзім.
Біздің осындай өнер ордамыз – Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрымыз биыл өзінің 128-ші маусымының шымылдығын ашты. Осы жылдарда оның тізгінін қаншама адамның ұстағанын санап шығудың өзі санаға біраз салмақ түсіреді. Әйгілі өнер ордасын соңғы екі жылдан бері басқарып келе жатқан Спартак Рамазановпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Спартак Өмірзақұлы, сіздің әулетіңізге осы бір құдірет қонғанын ежелден білуші едім. Ұмытпасам, 1985 жылы болар, марқұм әкеңіз Өмірзақ ағайды арнайы іздеп барып, “Еменнің иір бұтағы” деген очерк жазған сапарымда он бес жасар бозбала едіңіз. Ал бүгін осы үлкен өнер шаңырағын басқарып отырсыз. Айтарлықтай-ақ өмір мен өнер жолы емес пе?
– Солай да шығар. Сіздің біздің қазіргі Есіл ауданындағы Орталық ауылына келгеніңіз есімде. Әкеммен ұзақ әңгіме-дүкен құрдыңыз да. Аталған очеркті оқып, барша әулетіміз болып сүйсіндік. Өйткені, біздің әулетіміз – шетінен өнерпаз. Әкем ауылда Мәдениет үйінің директоры болды. Шағын ғана, төңкерілген тақиядай ауыл. Онда әкем халық театрын құрып, ауылдың атын өнермен шығарды ғой. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе әрі мақтаныш. 1979 жылы осы өнер шаңырағына “Халық театры” атағы берілгенде әкемнің төбесі көкке жеткендей болып, көзіндегі қуаныш жасын көргенімде оның жанарының неге суланғанын сездім. Ол қайсар еді ғой. Аса қатты дерт бұғауласа да, оның ырқына көнбей, өнерді өрлетті.
– Ол бір сөзінде: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегені жадымда.
– Онысы ақиқат. Әкемнің өзі домбыра тартатын, баянда ойнайтын, ансамбльге қажетті біраз аспаптарды меңгерді. Ағасы Бегайдар, менің ағам Амангелді әкемізге еліктеп, осы жолды таңдады. Артынан Амангелді Шымкенттің мәдениет институтын тамамдап, жоғары білім алды. Бүгінде жас өнерпаздарды әнге, термеге баулиды.
Әкем мені де балдырған күнімнен өнермен сусындатты. Онда мен бар болғаны бес жаста екенмін. Үйде домбыраны құшақтап жүретін болыппын. Анам марқұм қиратып тастай ма деп, қолымнан алып қойса, әкем қайта ұстатады екен. Ол маған алғаш рет Қожаберген жыраудың “Сылдыр-сылдыр қамысқа сырғам түсті, сырласпаған жат елге апам түсті” деп басталатын, ол кезде халық әні аталып кеткен “Елім-айын” үйретіпті. Кейін “Анашым” деген әнге баулыды. “Мені де домбыраға үйрет!” – деп кешке, тіпті, іңір қараңғысында клубтан қажып келетін оның мазасын алсам да, ерінбейтін.
– Бірақ ғұмыры қысқа болды ғой?
– Иә, иектеген ажал 50 жасында алып тынды. Өмірден озарынан бір жыл бұрын Чириковкаға көшкен едік. Амал нешік, 1997 жылы, 50 жасында өтіп кетті өмірден.
Осы орыс ауылында 1987 жылы орта мектепті тамамдап, орысша білім алсам да, жүрегім де, тілегім де туған халқым, ата жұртым емес пе?!
Әкемнің өмірден озарында айтқан: “Күнім, өнеріңнен қолыңды үзбе!” – дегені оның өмірлік аманатындай болды. Әлі күнге құлағымда жаңғырып тұрады. Осы өсиетке өз арманым қосылып, Көкшетаудың Ақан сері атындағы мәдениет училищесін 1993 жылы тамамдап шықтым да, өнер жолына түпкілікті түстім.
– Осы жолдан айнымағаныңызды жақсы білемін.
– “Ит басына іркіт төгілер” деген дәмемен бұл арнадан басқасына ауысып кеткендер болды ғой. Асылық айтқаным емес, шыдадым. 1988 жылдан бастап, яғни мектеп бітірісімен әуелі Ленин аудандық мәдениет бөлімінің көркемдік жетекшісі қызметінен бастап, туған Орталығымда, Есіл, Жамбыл аудандарында көркемдік жетекші, халық театрларының режиссері, кейін өз ауданымда және Мағжан Жұмабаев ауданында мәдениет, тілдерді дамыту бөлімдерін басқарған кездерім де болды.
Менің бұларды жіпке тізгендей айтып отырғаным: осы саланың қыр-сырын меңгеруге машықтанғанымды құлаққағыс қылу. Адам қызметте де, былайғы өмірде де ысылуға тиіс. Қиындықтан жалтару, бой тасалау – біздің әулетімізге жат. Оған алдымен әкемнің өмірі нақты айғақ. 1988-1990 жылдары Кеңес Армиясының қатарында әскери борышымды өтедім. Осының бәрі мені шынықтырды. Шындыққа баулыды.
– Сіздің осы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында директордың орынбасары болған кезіңізді жақсы білемін. Одан соң қуыршақ театрында да қызмет атқардыңыз ғой.
– Иә, біледі екенсіз. Өнер деген бір үлкен шалқар іспетті болады екен. Оған қайықшы да, кемеші де келіп түседі. Бірде жолдары түйіспей қоймайды. Мен Н. Погодин театрында қызмет етіп жүрген кезімде жаңадан келген директор болды. Сахнагерлерге жақпады. “Айттым – болды, үздім – кесілдінің” адамы екенін ұқтық. Ұжымдағылар ренішін айтып маған келетін.
Айтыс-тартыс өнерді өрлетпейтінін білетіндіктен, қуыршақ театрына көркемдік жетекші болып ауыстым. Бірақ погодиндіктер мені, мен оларды қимайтынымды іштей анық аңғардым.
Бірде мені бұрынғы өңір басшысы шақыртты. Қабылдауында болдым. “Сізді Қарағандының Станиславский атындағы орыс драма театрына басшы болып кетеді”, – деп естідім. Бұл не сөз?” – деді. “Иә, маған осындай ұсыныс жасалды. Ойланып жүрмін. Бірақ туған жерімді, погодиндіктерді қимаймын”, – деп шынымды айтып едім, облыс әкімі: “Мұныңыз дұрыс болған. Ұжымыңыздан сұраныс түсіп, Сізді өзіңіз жұмыс істеп кеткен театр директорлыққа қалап отыр. Тізгінді қолға қайта алыңыз”, – деді.
Міне, сонымен 2014 жылдың оныншы шілдесінде Н. Погодин театрына қайта оралып, директорлық қызметті атқарып келемін.
– Театрды басқару оңай еместігін білемін. Бүкіл ұйымдастыру, оның ішінде шаруашылық, көркем, шығармашылық міндеттерді атқаруға тура келеді ғой.
– Бұл да анық. Біздің театрда көркемдік жетекші қызметін Тимур Кәрімжанов атқарады. Оның білім қайнары мықты. Астананың Өнер академиясының түлегі. Көрнекті ұстаз әрі білікті қоюшы-режиссер Юрий Ханинга-Бекназаровтың алдынан білім алған. Жас болса да ізденімпаз.
Әр театрдағы сияқты, бізде де көркемдік кеңес жұмыс істейді. Оның шешімінсіз спектакльдер сахнаға шыға алмайды. Мен осы кеңеске жетекшілік етемін. Мұндайда білікті сахнагерлермен терезең тең болмаса, “Мен – директормын!” деп кеуде соға алмайсың. Сондықтан маусым сайынғы жоспарға енетін драматургиялық шығармаларды өзгелерден кем білуге хақым жоқ. Бұлар – орыстың, әлем классикасының туындылары. Алдыма келген сценарийлердің бәрін, бірін қалдырмай, оқып шығамын. Көркемдік кеңестің мүшелері әбден елеп-екшеген спектакльдер осылайша сүзгіден өтеді.
– Биыл театрдың 128-ші маусымы ғой. Республикадағы ең байырғы сахна ордасының бірісіздер. Өнер ахуалы қалай?
– Кім өзін нашармын десін (күлді). Труппамызда 33 сахнагер бар. Біразы – бұрыннан еңбек етіп жүргендер. Жастар да жоқ емес. Алайда, кейінгілері қиындықтарға төзгілері келмейді. Келіп-кетушілер жоқ дей алмаймын. Мысалы, биыл ұлы Шоқанның туғанына – 180 жыл. Біздің сахнада Сәбит Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” драмасы бойынша екі мәрте қойылым сахналанған. Оларда тұлғаларды мүсіндегендердің байырғылары орнында, ал жастар ауысып кетті. Соған қарамастан, біз спектакльге жаңа орындаушыларды тартып, бұл әйгілі тарихи шығарманы биылғы маусымның жоспарына енгіздік. Ұлттық классикадан Мұхтар Әуезовтің Ю. Ханинга-Бекназаров қойған “Қарагөзі” бар. В. Шалаевтың “Мағжанның соты” спектаклі репертуарға енгізілді.
Орыс және шетел драматургтерінің пьесаларына негізделген қойылымдарды қамтыдық. Балаларға арналған 10 спектакль репертуардан орын алды.
– Мен сіздің театрдың қойылымдарына келіп жүремін. Байқаймын, залда бос орындар аса көрінбейді. Мұның сыры неде?
– Бұған сұрау салып көрген емеспін. Көрермендердің көбі билетті театрдың кассасынан өздері келіп сатып алады. Премьераларда 650 орындық залымыз лық толады. Арнайы әкімгерлер де таратады. Алайда, қаладағы ірі кәсіпорындар басшыларының погодиндіктерге ықыласы жақсы екенін сеземін. Ұжым мүшелеріне жомарттық жасай біледі. Сол үшін де ризамыз.
– Жылына неше жаңа қойылым шығара аласыздар?
– Жалпы төрт спектакльге шамамыз жетеді. Былтыр бұларға облыстық бюджеттен 2 миллион 570 мың теңге жұмсалса, биыл 2 миллион 551 мың теңге көзделіп отыр.
Өз табыстарымызды орынды жұмсаймыз. Айталық, үздік сахнагерлерді марапаттауға, сырттай оқып, біліктілігін жетілдіретіндерге, пәтер жалдап тұратындарға, ақшалай көмекке зәрулерге жәрдем беруге арнаймыз.
– Спартак Өмірзақұлы, сіз жақында 45 жасқа толады екенсіз. Сол ғұмырыңыздың тең жартысынан астамын өнерге арнапсыз. Бақыттысыз ғой?
– Солай десе де болады. Алдымен, балаларымның да өнер жолын таңдағанына қуанамын. Өзім әнші болғандықтан әрі жастай театр өнерімен қанаттанғандықтан, олардың қолдарын қаққан жоқпын. Үлкен қызым Зәмзәгүл Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында сахнаға шығып жүр әрі өнер колледжінде білім алады. Екінші қызым Жан – өнерге дарынды балалардың мектебінде қобыз сыныбында, ал кенжем Расул домбырада ойнаудың қыр-сырына машықтануда.
Әңгімемізді түйіндер болсам, өнер өмірімнің өзегі, арманымның өзі еді …
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.