«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СПОРТШЫНЫ ШЫДАМДЫЛЫҚ ШЫҢДАЙДЫ”

Жуырда Мароккода самбодан өткен әлем біріншілігінде жұлдызы жанып, алтын медаль тағып қайтқан жерлесіміз, Ұлттық ұлан әскери институтының аға жаттықтырушысы Мақсат Нүсіповті теміржол вокзалынан күтіп алғандардың шоғыры қалың болды. Қазақ елінің абыройын асырып, көк байрағын желбіреткен спортшыны біз де айтулы жеңісімен құттықтап, спорттағы жетістіктері жайлы әңгімелескен едік.

– Дүниежүзінің жиырмадан астам мемлекетінен бес жүзге тарта спортшы қатысқан байрақты бәсекеде қазақ халқының, жанкүйер болып, тақымын қысқан Қызылжар жұртшылығының мерейін асырып, Әнұранымызды әуелеттіңіз. Олай болса, әңгімемізді осы жеңістен бастаған жөн болар.

– “Генерал болуды армандамайтын жауынгер жауынгер емес” демекші, әлем чемпионы атануды көздемейтін спортшы жоқ шығар. Бала кезімнен осы салада биікке көтерілсем деп алдыма мақсат қойдым. Алайда, кез келген додада спортшының бабы ғана емес, бағы қатар шабуы керек. Осыған дейін де спорттың бірнеше түрі бойынша республикамызда, әлемнің өзге мемлекетінде өткен бәсекелерге қатысып, бағымды сынап көрдім. Жүлдемен оралған сәттерім де аз емес. Бабым келіссе де, бағым шаппаған кездерде өзімді одан сайын шыңдай түсетін едім. Міне, еңбегім еш кетпей, Мароккодағы біріншілікте алтыннан алқа тағындым. Шыны керек, мен осындай деңгейдегі жарысқа бала күнімнен дайындалып келе жатырмын. Қарап отырсам, отыз жеті жыл ғұмырымның басым бөлігі спорт залдарында өтіпті. Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта біраз дайындалдым. Мұнда мені облысымыздың аға жаттықтырушысы самбо және дзюдо күрестерінен спорт шебері Нұрлан Ергазинов жаттықтырды. Әскери институтта курсантарды спорттың осы түріне баули жүріп те біраз шынықтым. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қостанай қаласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен еді. Еліміздің түкпір-түкпірінен таң-даулы спортшылар қатысқан сол жарыста асығым алшысынан түсіп, жеңімпаз атандым. Кейін Мароккоға баратынымыз белгілі болды. Жарыс барысында алған жарақаттан біраз уақыт бойы ауруханада, кейін үйде ем қабылдауға тура келді. Алдымда дүбірлі дода күтіп тұрған соң, тез сауығудың жолдарын іздеп, шілде айынан бастап қызу дайындыққа кірістім.

35 жастан асқан самбо шеберлері арасында өткен байрақты бәсекеде 62 келі салмақта күресіп, барлық белдесуімді жеңіспен аяқтадым. Жалпы бұл чемпионатты самбодан халықаралық әуесқойлар федерациясы ұйымдастырып, жеті салмақ дәрежесі бойынша 22 елден келген 450 самбошы күш сынасты. Алғашқы белдесуде француздық Серутти Фабиенмен кездесіп, басым түстім. Ал ақтық сында әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, ресейлік Андрей Моргалевпен белдесіп, оны да ұтып кеттім.

– Спортшы болу туралы қай жастан бастап ойлана бастадыңыз? Өзіңізді оқырмандарымызға кеңірек таныстырып, туған жер, өскен өңіріңіз туралы айтып берсеңіз.

– Туған жерім – Алматы облысына қарасты Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек деп аталатын шағын ауыл. Үш жасымда нағашыларым тұратын Мамлют ауданындағы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Бостандық ауылына отбасымызбен қоныс аударыппыз. Балдәуренім өткен Бостандықты туған жерім сияқты ерекше қастерлеймін. Алайда, анам кіндік қанының қайда тамғанын есінен шығармасын дей ме екен, Жетісу жерінде дүниеге келгенімді үнемі айтып отыратын. Спортқа деген қызығушылық бала күнімде басталды. Үйде осы салада қызмет етіп жүрген мамандар жиі қонақ болатын. Әкемнің алдында отырып, олардың айтқан әңгімелерін ұйып тыңдайтын едім. Еркін күрестен спорт шебері атанған нағашым – Мәлік Мурсалимовтың ерлігі туралы көп естідім. Танымал балуандардың да біздің үйдің төрінде отырып, дастарқаннан дәм татқаны бүгінге дейін көз алдымда. Ол кезде “Kazsport” сияқты телеарналар болмады. Бокстан, футболдан өтіп жатқан сайыстар телеарналардан берілсе болды тапжылмай көретінбіз. Ара-тұра анамызға, әкемізге еріп қалаға келгенде спорттық бәсекелер жазылған бейнекассеталарды қоярда-қоймай алғызушы едік.

Әкем футболды ерекше жақсы көрді. Ол бізге “спортшының бойынан табылуы тиіс негізгі қасиет біреу ғана. Ол – шыдамдылық. Төзімді спортшының айы оңынан тумай қоймайды”, – деп үнемі айтатын. Отбасымызда менен кейінгі інім Абылай да спортшы. Біраз додаларға қатысты. Бүгінде Бостандық орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде Ерсайын Оспанов есімді бапкерден көп нәрсе үйрендім. Ол бізді еркін күрес бойынша жаттықтырып, осы саланың қырсырына баулыды. Тіпті, сабақ бітіп, білім ордасының есігі жабылуға санаулы уақыт қалғанда мектептің спорт залына ұрланып кіріп, жаттыққан сәттеріміз де аз болмады. Оқушы кезімде көптеген сайыстарға қатыстым. Алайда, айтарлықтай нәтиже көрсете алмадым.

– Осыдан кейін болашақ мамандығыңызды өзге саламен байланыстырғыңыз келген де шығар? Спортта жолы болмаған, тіпті, жетістікке сынық сүйем жетпей қалған жандардың дені бұл саламен қош айтысып жататыны белгілі ғой.

– Мен спортсыз болашағымды елестете алмайтынмын. Жоғары оқу орнына түсетін уақыт таяғанда да дене шынықтыру факультетінде білімімді жалғастыруды қаладым. Дәл мен мектеп бітірген жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінде қазақ бөлімі жоқ еді. Қазақ ауылында өсіп, қазақ тілінде білім алған, орысшаға шорқақтау маған таңдау болмады. Осылайша, жаратылыстану факультетінен бірақ шықтым. Менің мақсатыммен мүлдем қабыспайтын салада білім ала жүріп, бос уақытымды спортқа жұмсадым. Университет қабырғасында Көпей Ахметов есімді кісінің жаттықтыруымен грек-рим күресімен айналыстым. Қолыма диплом алғаннан кейін де өз мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Әсілінде, істей алмадым емес, зауқым соқпады. Содан кейін Серік Ырзатаев деген кісі самбо, қазақ күресіне баули бастады. Арманға жететін жолымнан адаспай дене шынықтыру факультетіне құжаттарымды қайта тапсырып, оқи жүріп, Петропавлдағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұлттық спорт түрлері бойынша өрендерді жаттықтыру ісімен айналыстым.

– Осы уақытқа дейін бірқатар додаларда бақ сынадыңыз ғой. Асығыңыз алшысынан түскен кездерді есіңізге түсіріңізші.

– 2003 жылы Шымкент қаласында студенттер арасында универсиада өтті. Қазақ күресі бойынша ұйымдастырылған сайыста үшінші орынға ие болдым. Келесі жылы Талдықорғанда Қазақстан Республикасының чемпионаты болды. Осы бәсекеден кейін спорт шебері атағын алдым. 2006 жылы Павлодар қаласында өткен қазақ күресінен төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын халықаралық сайыста да бағым жанды. 2007 жылы Ресейдің Орск қаласында алғаш рет қазақ күресінен өткен ашық Еуропа чемпионатында биік белесті бағындырып, жеңімпаз атандым.

– Бүгінде әскери институтта аға оқытушы болып қызмет атқарудасыз. Курсанттарды қазақ күресіне және қоян-қолтық ұрысқа баулып жүрсіз. Жастардың спорттың бұл түрлеріне деген қызығушылығы қандай?

– Ұлттық ұланның әр өңірдегі бөлімдері арасында спартакиада ұйымдастырылып тұрады. Бәсекелі жарысқа самбо күресі де енгізілді. Бүгінге дейін көрсеткен нәтижеміз ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Дене дайындығы кафедрасында аға оқытушы болып жүргеніме де он жылдай уақыт болыпты. Біз оқу орнында ең алдымен жастарды спортқа ғана емес, Отан алдындағы парызды абыроймен атқарудың маңыздылығын түсінуге тәрбиелейміз.

Самбо күресінің өңірімізде дамуы туралы не айтасыз? Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз.

– Қазіргі уақытта самбо күресіне облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған күрес мектебі ғана жаттықтырады. Аудандық, облыстық чемпионаттар өткізілмейді. Биыл Қостанайда өткен додаға қатысқан кезімізде бізді ешкім танымады. Өйткені, солтүстікқазақстандық самбошылар Қазақстан чемпионаттарына көп қатыспайды. Самбо биыл Азия, Еуропа ойындарына енгізілді. Алдағы уақытта Олимпиада ойындары қатарына кіргізілетіні туралы айтылып жүр. Сондықтан біз де өңірімізде спорттың осы түрін дамытуға зор маңыз беруіміз керек.

Алдағы уақытта спорт шеберлерінің арасында Талдықорғанда Қазақстан біріншілігі өтеді деп күтілуде. Соған дайындық үстіндемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp