Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің акт залында Қазақстанның жауынгерлік өнері қауымдастығы өңірлік филиалы белсенділерінің жиыны өтті.
Осыдан екі жыл бұрын ашылған қауымдастық елімізде каратэ, жекпе-жек, ММА аралас жекпе-жегі және қоян-қолтық ұрыс түрлерін дамыту мақсатын көздейді. Қазақстанның жауынгерлік өнері қауымдастығы филиалының құрметті президенті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бастығы Азат Каримуллиннің төрағалығымен өткен шарада дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов, өңірлік таэквандо, кикбоксинг және жекпе-жек, джиу-джитсу мен қоян-қолтық ұрыс, дзюдо, самбо сияқты олимпиадалық емес спорт федерацияларының жетекшілері Владимир Хван, Сабыржан Сақтағанов, Ғабит Өтенов, Нұрлан Ерғазынов, тағы басқа өңірлік спорт ұйымдарының басшылары бас қосты. Жиында өңірімізде аталған спорт түрлерін дамытудың негізгі бағыттары белгіленіп, Қазақстанның жауынгерлік өнері қауымдастығы өңірлік филиалының жұмысы қорытындыланды.
Шарада сөз алған Азат Каримуллин спорт адамдардың жасына және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, қоғамды біріктіруге ықпал ететінін жеткізді. Осы орайда өскелең ұрпақпен жұмыс істеп, оларды спортқа баулудың маңызы аса зор. Соңғы кезде жастарды өз мүдделеріне пайдалануды көздейтін деструктивті және сотпен тыйым салынған ұйымдардың көбейіп кеткені белгілі. Осындай жайттардың алдын алу қажеттігін тілге тиек еткен баяндамашы саламатты өмір салтын ұстану, жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу бағытында бірлесіп әрекет ету қажеттігіне тоқталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов бірлескен мақсатқа жетуге жергілікті спорт ұйымдарының аянбай атсалысуы тиіс екенін айтты.
Шараға қатысушылар аталған ұсынысты қолдап, өскелең ұрпақ арасында саламатты өмір салтын, спорт түрлерін насихаттап, патриоттыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында қоғамдық маңызды шараларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық филиалының баспасөз қызметі.