“Qutty meken” партиялық жобасы шеңберінде жергілікті студент-жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізілді. Топ өкілдері М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің екі жатақханасында болып, бөлмелерді аралады. Мұнда қашықтан оқуға техникалық мүмкіндіктері жоқ, басқа жақтардан келген 180-ге жуық студент тұрады. “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің мүшелері студенттердің тұрғын-жайларымен танысты. Оқу залдарының, кір жуу орындарының, ас үйлердің, санитарлық тораптардың жай-күйі тексерілді. №3 жатақхананың старостасы Юлия Семенычеваның айтуынша, күнделікті іс-шаралар кесте бойынша атқарылады, ережелер мұқият сақталады. Интернет орнатылғандықтан онлайн-оқуда еш кедергі жоқ. Жатақханаларға қабылдау университеттің ресми сайты арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл әдіс бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға жәрдемдеседі.
Жатақханалардың әр қабатында санитайзерлер қойылған, сырқаттанған студенттерге арналған оқшаулағыш бар. Ішкі және сыртқы бейнебақылаумен, өрт сөндіргіш құралдармен жабдықталған.
“Мониторинг барысында олқылықтар, заң бұзушылықтар байқала қоймады. Студенттер тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Оларды инфрақұрылымның қолжетімділігі мен интернет байланысының сапасы қанағаттандырады”, – дейді “Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайбергенов. Бақылау-қадағалау шараларын өзге оқу орындары жатақханаларында да ұйымдастыру жоспарланған.
Ілияс САБДИНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.