М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жоғары медицина мектебінің бірінші курс студенттерін қатарға қабылдау рәсімі өтті. Жиынға Үндістанның еліміздегі елшілігінің екінші хатшысы Канагасабай Рамалингам қатысты.
Салтанатты шара барысында сөз алған университеттің ректоры Серік Өмірбаев студенттерді құттықтап, үстіміздегі оқу жылындағы жаңашылдықтар туралы айтып берді. Серік Мәуленұлының айтуынша, білім ордасында бүгінде 48 бакалавр, 23 магистратура, 4 докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес “Ауыл шаруашылығы ғылымдары”, “Техникалық мамандықтар және технология” бағытындағы жаңа мамандықтар оқытыла бастады.
Мінберге көтерілген Канагасабай Рамалингам қазіргі уақытта Қазақстандағы университеттерде 4 мыңға жуық үндістандық студент ағылшын тілінде оқып жатқанын хабарлады. Бірақ оқу орындарында шет тілін жетік меңгерген ұстаздар санаулы болғандықтан бірқатар қиындықтар орын алуда.
– Біздің елімізде Қазақстанда жоғары білім алуға ниет танытқан жастардың қатары қалың. Көпшілігі медицина саласын таңдауда. Алдағы уақытта Қазақстанға студенттерді ғана емес, оқытушыларды да жіберуді жоспарлап отырмыз,– дейді елшілік өкілі.
Жоғары медицина мектебінің директоры Әсет Ізденовтің айтуынша, аталмыш мектепте 200 студент білім алса, олардың 68-і Үндістаннан келген жастар. Сонымен қатар факультетте Қытай, Ресей және Түркіменстанның өкілдері де бар. Болашақ дәрігерлерге үш оқытушы дәріс беруде.
Шара барысында студенттер көрермендердің назарына медицина тақырыбына арналған театрландырылған сахналық қойылым ұсынды. Жиын соңы ән және биге ұласты.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.