Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында агроөнеркәсіп кешеніне зор міндеттер жүктейді. Елбасы, әсіресе, суармалы жерлерді тиімді пайдалану қажеттігін қатаң тапсырды. Осыған орай алдағы бес жылдың ішінде мол өнім беретін суармалы жерлердің көлемін 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет.
Жер ресурстарын басқару агенттігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі 298 мың гектарға азайып, 575 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы жекешелендіру барысында бұрынғы ішкі шаруашылық каналдары мен кәріздік жүйелер, тік дренаж ұңғымалары иесіз қалды. Ал ұсақ шаруа қожалықтарындағы қаржы, техника тапшылығы суару және дренаж жүйелерінің тозуына, жерлердің құнарлығының төмендеуіне әкеліп соқтырды. Атап айтар болсақ, 1991 жылға дейін облысымызда 27,6 мың гектар суармалы жер болса, бүгіндері оның 2,8 мың гектары ғана мақсатқа сай игерілуде. Яғни, 24,8 мың гектар алқап айналымнан шығып қалған. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекет су ресурстары мен суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде.
Суармалы жерлерді қалпына келтіру және ұлғайту, алынатын өнімді молайту мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында ісшаралар жоспары дайындалды. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының 6 ауданында 27,6 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Ақжар ауданында – 1717 гектар, Айыртау ауданында – 944 гектар, Есіл ауданында – 5074 гектар, Қызылжар ауданында – 6773 гектар, Шал ақын ауданында – 6113 гектар, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 6984 гектар суармалы жер қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін су жүйесін барынша ұтымды пайдалану бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Ол үшін барлық су жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізу қажет. Осыған орай қазіргі уақытта иесіз жатқан су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу рәсімдері жүргізілуде. Бір орталықтан басқару, су ресурстарына мониторинг жүргізу, қажетіне қарай шұғыл шешім қабылдау, делдалсыз бірыңғай тариф енгізу жұмыстары біздің өңірімізде де сәтті жүргізілуде. Үстіміздегі жылғы сәуір-қазан айларында “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының мамандары аудандарда суармалы егістікпен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарының тізімін жасап, алқаптардың картасын әзірледі. Суармалы жерлердегі суару-суландыру жүйесі нысандарына тексеріс жүргізілді. Анықталған иесіз жылжымайтын мүліктер алдағы уақытта сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне берілетін болады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда – 7, Ақжар мен Қызылжар аудандарында 1 нысаннан анықталды. Бұл иесіз жылжымайтын мүліктерге қатысты зерттеу құжаттары мен фотоматериалдар ауылдық округ әкімдеріне, ал қалпына келтіру жұмыстарын талап ететін суару-суландыру жүйесі, электржелілері және сорғы станциялары алаңдарының құжаттары облыстық жер қатыстары басқармасына жіберілді. Бүгінгі таңда қалпына келтіру шаралары жүргізілетін 27,6 мың гектар суармалы жердегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке өткізу және жаңадан игерілетін нысандардың жер телімдеріне жобалық-сметалық құжат дайындау мәселесі шешілді. Бұл жұмыстарды атқару міндеті жүктелген “Құрылыс Одақ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінге дейін 13 ауыл шаруашылығы құрылымымен келісімшартқа отырды. Қазіргі уақытта келісім-шарт жасалған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 5, Қызылжар ауданындағы 1 агроқұрылымның егіс алқаптарында топографиялық-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Келісім аясында мемлекет өз тарапынан сорғы станцияларын орнатып, су гидранттарын тартып береді. Ал жергілікті тауар өндірушілер жеке қаражатына суару қондырғыларын сатып алулары тиіс. Билік бұл шығындардың 30 пайызына демеуқаржы бөлетін болады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға ел бюджетінен 7,8 млрд. теңге жұмсалады.
Суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету республикалық меншіктегі су шаруашылығы нысандары арқылы жүргізіліп, су есебін жүргізу мен бөлу бір орталықтан басқарылады. Ең бастысы, су жеткізу қызметі делдалдарсыз тікелей көрсетіледі. Облысымызда суармалы егіншілікті дамыту үшін тіршілік нәрі жеткілікті болуы қажет. Ол үшін облыс аумағындағы гидротораптар мен су қоймаларына жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет екені сөзсіз. Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық тұтынушыларды, көрші орналасқан өңірлер мен Ресейдің шекаралас облыстарын ауызсумен қамтитын “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының қарамағында үш гидроторап бар. Олар – Сергеевка, Петропавл және Шарық гидротораптары. Қазіргі уақытта Сергеевка мен Петропавл су қоймасы ақаусыз жұмыс істеуде. Соңғы жылдары жаңғырту жұмыстары жүргізілген екі нысан да өткен жылғы су тасқынында еш сыр берген жоқ.
Петропавл су қоймасының сыйымдылығы 24,5 млн. текше метр.
Гидроторап облыс орталығы тұрғындарын ауызсумен және шаруашылық мақсаттағы сумен қамтиды. Нысанның қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Бұл нысанда осыдан алты-жеті жыл бұрын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген болатын.
Шал ақын ауданындағы Сергеевка су қоймасы 1969 жылы пайдалануға берілген. Облыс орталығынан 172 шақырым қашықтықта орналасқан су қоймасының сыйымдылығы 693 млн. текше метрді құрайды. Бұл су қоры өңірімізді, Ақмола, Қостанай облыстарын, Ресейдің Түмен өңірін ішінара сумен қамтуға жеткілікті. Есіл суы ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін де қолданылады. 2011-2012 жылдары нысанға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары барысында нысандағы тозығы жеткен құрал-жабдықтар жаңартылды.
Ал екі жыл бұрын апаттық деп танылған Шарық өзеніндегі су қоймасы 2019 жылы қалпына келтірілетін болады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан бұл нысанда 8,3 млн. текше метр су бар. Көктемгі су тасқыны кезінде маңызды нысанда орын алатын төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 2016 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. “Юпитер” ЖШС-і дайындаған жобалық-сметалық құжат бойынша алдағы жылы гидроторапта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа ел бюджетінен бөлінетін қаражаттың мөлшері мемлекеттік сараптамалар аяқталғаннан кейін белгілі болады. Нәтижесінде аудандағы суармалы алқаптың аумағын 300 гектарға арттыру мүмкіндігі туады.
Суармалы егістік жаңа технологиялар мен егін егудің жаңа әдістерін енгізуге, өнім алуда жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына жол ашады. Сондықтан 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы белгіленген бағыттар мен басымдықтарды біздің облысымызда жоспарлы түрде жүзеге асыру жалғастырылатын болады.
Серікжан ЖАҚАЕВ,
“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры.