«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУБСИДИЯ ОРНЫНА – ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айта келіп, алда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап берді. Олар – агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, индустрияландыруды, жаңа технологияларды, озық техникаларды белсенді түрде енгізу, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, экспорттық әлеуетін күшейту.

Бүгінде пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі жүйесінен бас тартылып, диқандар бұдан былай көктемгі егін егу және жиын-терім жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Былтыр республика бойынша 26,7 млн. тонна дәнді дақыл бастырылып, әр гектардан 16 центнер өнім алынса, өңірде гектар берекелігі 18,6 центнерден айналып, Отан қамбасына 6,2 млн. тонна астық құйылды. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған заманауи технологияларды, жоғары сапалы тұқымды, тыңайтқышты пайдалану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту арқылы қол жеткізілді.

Күздің, қыстың және көктемнің ауа-райының климаттық көрсеткіштерін талдау негізінде биыл жауын-шашын мол болады деп күтілуде. Топырақ қабатындағы ылғал қоры 129 мм-ге дейін жетті, бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен 71 мм-ге көп. Осы кезең сәтті пайдаланылып, 1,5 млн. гектар алқапқа қар тоқтатылды. Десек те, қардың ерте еруі болмаса температураның күрт жоғарылауы арамшөптердің тез өсуіне ықпал етіп, жағдайды күрделендіріп жіберетіні бар. Бұл орайда, көктемгі ылғалды барынша сақтау, дала жұмыстарын талапқа сай ұйымшылдықпен атқару шешуші рөл атқарады. Қазіргі таңда агроқұрылымдардың күш-жігері кездейсоқ тәуекелдерді азайту, қолда бар ресурстарды толық пайдалана отырып, науқандық шаралардың уақытылы орындалуына жұмылдырылған. Мемлекет басшысының көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру тапсырмасы аясында жол картасы әзірленіп, тиісті индикаторлар белгіленді. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан диқандар егін егу уақытында аз қиындық көрмейтін. Орын алып келген олқылық түзетіліп, көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдікті несиенің алдын ала–желтоқсан айынан беріле бастауы өте құптарлық. Нәтижесі айтарлықтай, жанар- жағармай, қосалқы бөлшектер, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерде бөгеліс жоқ.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 4,4 млн., оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 3,3 млн. гектарды құрайды. Бидай танаптары 32 мың гектарға қысқартылып, күнбағыс, рапс, зығыр сияқты пайдалылығы жоғары майлы дақылдар 85,5 мың гектарға, жалпы мөлшері 760 мың гектарға дейін көбейтілді. Биыл фермерлер егіс алқаптарына 333,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр. Әр гектарға орташа норма 76 килограммнан келеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Мұның өзі егіншілік мәдениеті мен өнімділікті арттыруға деген ұмтылысты, дала жұмыстарына алдын ала дайындалуға деген мүмкіндіктің молдығын көрсетеді. Бөле-жара айтатын жайт, 60/40 бағдарламасының сәтті іске қосылуы. 144 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт, оның ішінде 74 мың тоннасы қазақстандық зауыттармен жасалды. Дегенмен тасымал ісінде вагондардың жетіспеушілік қаупі жоқ емес. Осы мәселеге республикалық деңгейдегі салалық ведомстволар назар аударады деген сенімдеміз. Бұдан бөлек, тыңайтқыш сатып алудағы сылбырлық та алаңдаушылық туғызады. Бұрын қаржыландырудың жетіспейтіні басты сылтау етілетін. Қазір қажетті ресурстар жеткілікті, соған қарамастан сұраныс төмен. Салыстыру үшін айтайын: бір тонна аммофостың нарықтағы бағасы – 247 мың теңге, одан да жоғары, ал отандық зауыттарда субсидияларды ескерсек – 115 мың теңге ғана. Сондықтан аудан әкімдері қалыптасқан жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында өнімділікті, егіншіліктің тиімділігін арттыру және саланы орнықты дамыту үшін тыңайтқыштарды уақытылы енгізудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бүгінгі таңда пестицидтер үшін 11,2 млрд . теңге субсидия төленді.

Агроқұрылымдар табысының бірден-бір кепілі саналатын сапалы тұқым дақылдардың сыртқы жағдайларға төзімділігін жақсартады. Өңірде 470 мың тонна тұқым дайындалды, бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттілігін толығымен өтейді. 40 аттестатталған тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Өкінішке қарай, Мағжан Жұмабаев пен Ақжар аудандарында әлі күнге дейін тұқым шаруашылығы құрылмаған. Былтыр аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілері 105 мың тонна тұқым өндірді. Оның 2,6 мың тоннасы – суперэлита, 18,5 мың тоннасы – элиталы, 56 мың тоннасы – бірінші репродукциялы тұқым. Ең маңызды міндет – сортты жаңартып отыру. Өткен жылы сортты жаңарту деңгейі 10,1 пайыз болды. Биылғы меже – 11,2 пайыз. Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют аудандарында бұл көрсеткіш төмен.

Өңірде ұйымдастырылған «Тұқым – 2025» халықаралық конференциясы мен көрме заманауи агротехнологияларды енгізудің тәжірибе алаңына айналды. Оған қатысушылар жаңа сорттармен, тиімді өсіру әдістерімен және өсімдіктерді қорғаудың озық құралдарымен танысты. Соңғы жылдары OZS- 50, Dis-200 үлгідегі 20-дан астам тұқым тазалау желілері сатып алынды. Алайда техникалық базаның жаңаруына қарамастан кадр мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Облыста тек 71 апробатор жұмыс істейді, мұндай мамандар Айыртау, Шал ақын аудандарында мүлдем жоқ. Қалған аудандарда санаулы ғана. Көктемгі дала жұмыстарына түрлі маркалы 12,3 мыңнан астам трактор, оның ішінде 13,7 мыңға жуық астық сепкіш және 1,5 мың егіс кешені тартылатын болады. Олардың 91 пайызы сақадай-сай. Машина-трактор паркін жаңарту қашанда өзекті мәселе болып қала береді. Өткен жылы жаңарту көрсеткіші 6,1 пайызға жетті, биылғы міндет – 7 пайыз. Диқандар 68,9 млрд. теңгеге 2998 техника мен жабдық сатып алып, техникалық паркті жаңартуға қомақты қаражат салды. Биыл жаңғырту қарқыны жалғасады, атап айтқанда 87,6 млрд. теңгеден астам сомаға 3150-ге жуық жаңа техника мен жабдық сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері техникалық паркті жаңартуға 9,7 млрд. теңге инвестицияланды. Бірақ ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көрсеткішінің өскеніне қарамастан жаңғырту қарқыны әлі жеткіліксіз. Ескі, пайдалану мерзімі өткен техникалар Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын аудандарында көбірек.

Дала жұмыстарын жанар- жағармаймен қамтамасыз етудің мәні айрықша. Биылғы көктемгі науқанға бөлініп отырғаны – 52,2 мың тонна жеңілдікті дизель отыны. Оның бір литрінің бағасы – 254 теңге. Жоғарыда айтқанымдай, 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап көктемгі-күзгі жиын жұмыстарын ерте қаржыландырудың арқасында «Солтүстік» ӘКК арқылы – 30 млрд., «Қаз-АгроҚаржы» АҚ арқылы 27 млрд. теңге бөлінді.

Алдымыздағы үш жыл ішінде республикада агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру талабы тұр. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің экспортқа 12 млн. тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар. Осыған орай диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету Үкіметтің басты міндеті ретінде белгіленген.

Олай болса солтүстікқазақстандық диқандар да заманауи агротехнологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, экспортқа бағдарланған өнімдер түрін кеңейтуге ұмтылары сөзсіз.

Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ,

облыс әкімінің бірінші

орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp