«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУЫҚ СУ СЕРГІТЕДІ

Табиғат аясында суық сумен дене шынықтыру – бұрыннан бар әдістердің бірі. Егер тәжірибелік ұсынымдарды және сілтемелерді бұлжытпай орындаса, мұздай суға шомылудың адам ағзасына тигізер пайдасы зор.

Мен өзім он жылдан астам уақыт бойы осы әдіспен айналысып келемін. Бастапқы кезде суық суға шомылу туралы көп оқып, біліп алдым. Кейін бірнеше адаммен кездесіп, ақыл-кеңес алып, өзім де ақырындап суық судың пайдасын көре бастадым. Бала кезімде ағаларым суық суға шомылғанда қызығып қарап отыратынмын. Өзім аурушаң болып өскен соң анам қолымды салқын суға да тигізбейтін. Шіркін, ана дегеннің бәрі солай емес пе?! Бауыр еті баласына титтей суық тиіп ауырып қалса болғаны, жылы-жұмсағын төсеп, тәттілерін әкеліп, әлек болатын. Үнемі мені қымтап, үстіме қалың зелетке кигізіп қоятын. Көрші апай болса, мені көрген сайын: “Қысы-жазы үстіңнен осы зелеткең түспейді екен, қайтесің соны, апаңды тыңдама, шешіп таста. Мен саған әдемі көйлек сатып әперем”, – деп мені бір қызықтырып алатыны да әлі есімде. Ол кезде мен жеті-сегіз жастамын.

Уақыт деген зымырап өте шығады екен. Қазір қырықтан асып, елуге аяқ бастым. Бірақ бірге оқыған құрбыларыммен кездескен кезде: “Сен өзің әлі отыздан асқан келіншек сияқтысың, сұлулығыңның сыры неде?” – деп әзілдеп жатады. Оны өзім де байқаймын. Қозғалысым да ширақ. Жалпы көңіл күйім де үнемі көтеріңкі жүреді. Себебі, мен күнде ертемен тұрып, суық суға шомыламын. Сөйтіп, әрбір жаңа күнімді сергектікпен бастауға тырысамын. Су адам бойына қуат береді, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Өзің шынығасың, жаның мен тәнің тазарады.  

Жалпы салқын су физиологиялық тұрғыда денені шынықтырса, адам бойына қорғасындай қатты жігер беріп, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Бірақ мұндай әрекет етуге екінің бірінің жүрегі дауаламайды. Себебі де түрлі. Денсаулықтың қадірін ауырған кезде ғана түсініп жатамыз, дегенмен де, оның алдын алу үшін өзіміз бірінші болып қадам жасағымыз келмейді. Мамандардың айтуына сүйенер болсақ, 45 жастан асқан соң дене шынықтырумен айналысуды қойып, аз қозғалатын адамдардың уақыт өте келе ойлау қабілеті бәсеңдеп, соңы ұмытшақтыққа әкеліп соғады екен. Міне, спорттың адам денсаулығы үшін пайдасы қандай?!

Егер ұзақ жасап, әдемі қартайғымыз келсе, оған осы бастан дайындалу керек. Яғни, біртіндеп спортпен айналысу қажет. Жастар қазір фитнес клубқа көптеп барады. Ол да керек. Әрине, ақшаң болса. Бірақ ауасы тар бір бөлмеде он-он бес адам жаттыққанша, табиғат аясында, кең жерде жүгіргенге не жетсін?! Бастысы – бәрі тегін. Тек табиғат берген әрбір сыйды дұрыстап қабылдай алсақ болғаны. Сонда аурушаң болып, үнемі емхана, аурухана табалдырығын тоздырмаймыз.

Қазір балалар да жиі ауырады. Титтей суық тисе болғаны, ақ халаттылардың көмегіне жүгінбей болмайды. Оның бірден-бір себебі баланы қымтап, жылы жерде көп ұстаудың салдары деп ойлаймын. Бұл бала кезімде менің де басымнан өткен. Менің ойымша, кішкентай кезінен бастап балаларды дене шынықтырумен айналысуға, суық сумен шомылуға үйреткен жөн сияқты. Сонда ол шымыр болып өседі. Бұл жерде мен суық суға шомылуды насихаттағым келіп отырған жоқ. Әрине, әркімнің өз таңдауы өзінде. Тек саламатты өмір салтын ұстансақ, ауру-сырқаудан аман жүретінімізді айтқым келеді. Бүгінгі қыздарымыз болашақ аналар емес пе? Сондықтан да олардың дені сау болса, ұрпағымызға алаңдамаймыз. Осындай оймен қолыма қалам алып, өз тәжірибеммен бөлісіп отырмын.

Жібек НҰРМАҒАНБЕТОВА.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp