Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ұлытау – 2019” халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде қазақ даласында дүниежүзі жұртшылығына көрсетуге лайықты жерлердің жеткілікті екенін айта келіп, бүгінгі таңда шетелдік меймандарды бесжұлдызды қонақүйлер мен курорттар емес, түрлі халықтардың мәдениеті, салт-дәстүрлері, тарихы ерекше қызықтыратынын еске салған еді. Осы себепті әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға қатысуға және аса маңызды оқиға орындарын қайта жаңғыртуға деген сұраныс артып келеді деуге толық негіз бар. Өркениетті елдерде туризм пайда көзі болып табылады. Бұл сала барлық әлемдік экономиканың 10 пайызын құрайды. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, Қазақстан жері мәдени мұралардан кенде емес. Еуразияның жүрегі саналатын еліміз көне өркениеттер мен сауда жолдарының тоғысқан жерінде тұр. Өкінішке қарай, жергілікті туризмнің ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) үлесі бір пайыздан аспайды. Келешекте еліміз шетелдік және отандық туристер үшін аса тартымды аймаққа, сондай-ақ, әлемдік этнотуризм орталықтарының біріне айналса, ІЖӨ-гі үлесін 8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Сонда сырттан келетін туристердің саны 9 миллионға, ал ішкі туристердің саны 8 миллионға дейін көбеймек.
Жасыратыны жоқ, зор мүмкіндіктер бола тұра теріскей өңірінің туризм әлеуеті бертінге дейін Үкімет назарынан тыс қалып келді. Тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Бурабайда солтүстік өңір әкімдерімен кеңес өткізіп, үш ауданда туристік индустрия мен инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту жөнінде тапсырма бергеннен кейін ғана соны серпіліс сезілді. Сол жиында Нұрсұлтан Әбішұлы: “Туризм саласында бизнесті дамыту үшін мол резерв бар. Туризм – орасан табыс көзі және кез келген ел экономикасының бөлігі. Алайда, туристердің басым көпшілігі тек Бурабайға келеді. Бұл жергілікті экожүйеге едәуір салмақ түсіреді. Осыған байланысты Зеренді, Айыртау, Баянауылда және солтүстік облыстардағы өзге аудандарда туристік әлеуетті дамыту қажет. Мысалы, Зеренді ауданына 200 мыңға дейін турист жіберуге болады. Алайда, Щучье – Зеренді жолының жағдайы қанағаттанғысыз күйде”, – деп бірқатар проблемаларды атап көрсеткен болатын.
Иә, сал-серілер думандатып сайран салған, әнге қосқан Қызылжар, оның ішінде Айыртау – жердің жұмағы дерсің! Суы мөлдір айдын көлдермен, бұрала өскен қайың, терек, қарағайлы аралас орманды алқаптарымен көмкерілген сұлу табиғаты адамның көз жанарын еріксіз арбаса, небір аңыз-әпсаналарға толы тарихи-танымдық, археологиялық, мәдени жәдігерлердің өзі – бір төбе. “Ботай” – ежелгі адамдар қонысы, Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі, Құлшынбай төбесінде жерленген қос батыр – Қарасай мен Ағынтайдың мемориалдық кешені, тағы басқа тарихи ескерткіштердің зор тәрбиелік-патриоттық маңыздылығы ескеріліп, киелі жерлер картасына енгізілген. Ал Имантау – Шалқар аймағының жөні тіпті бөлек, мәні айрықша. Курорттық аумақта Шалқар, Имантау, Айыртау, Жақсы-Жалғызтау, Иманбұрлық өзен-көлдері қаздай тізіліп орналасқан. Имантау көлінің қақ ортасындағы Тасарал табиғи ескерткіші ғажайыптығымен ерекшеленеді. Минералдық тұздарға бай кермек суы – түрлі кеселге таптырмас ем. Бір сөзбен айтқанда, солтүстіктен оңтүстікке – 70, шығыстан батысқа 65 шақырымға созылып жатқан алқап жазда күнге қыздырынып, суға шомылатын, алаңсыз демалатын адамдардан көз сүрінеді. Әсіресе, “Акбар”, “Солнечный ВИП” секілді турбазаларға сұраныс өте көп. Алдыңғысы 2003 жылы қалпына келтірілген, күніне 150-200 турист қабылдайды. Корпустар түгелдей жаңартылған. Жаңа үлгідегі үйлер тұрғызылған. Соңғысында пантамен емдеу орталығы жұмыс істейді. Емдік дәрумен ретінде марал мүйізінің қаны қосылады. “Изумрудное” демалыс базасында абаттандырылған жағажай, балалар алаңқайы бар. Десек те, турбазалардың көпшілігінің қызметі маусымдық кезеңдермен ғана шектеліп жүр. Кезінде жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеу салдарынан 40-қа жуық нысанның 26-сына ғана электр желілері, 13-іне ғана су құбырлары тартылған. Имантау – Шалқар курорттық аймағы мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық маңыздағы 10 үздік жобаға енгізілгелі ондаған жылдар бойы қозғаусыз күйінде жатқан түйінді проблемалардың біртіндеп шешіле бастағаны қуантады. 2018 жылы 101 шақырым жолды қалпына келтіруге 3 млрд. теңге жұмсалса, былтыр 92 шақырым жолды жөндеуге 3,7 млрд. теңге бағытталды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тікелей қолдауымен туристік әлеуетті дамытудың бірнеше жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленіп, шағын және орта бизнес саласын, инфрақұрылымды, жолды жақсарту, тарихи нысандар жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға 3,2 млрд. теңге бөлінді. 53 жазғы үй тұрғызылды. 65 гектар алқапты алып жатқан 11 жер үлесі берілді. Инвестициялардың жалпы мөлшері жарты миллиард теңгеге жетті. Демалушыларға арнап жасалған қызықты жобалардың бірі – автокараванинг. Оны “Тұрпан” демалыс орны орнатқан. Мұнда 13 үйге бір мезетте 50 адам қоныстана алады.
Бір қынжылтатыны, істің көзін таба білгендер туристік қызмет түрлерін көбейтіп, сапасын арттырып, адамдардың қызығушылығын тудырудың жолдарын тынбай қарастырып жатса, кей кәсіпкерлер мемлекеттің көмегіне ғана сүйенуді қолайлы көретін тәрізді. Былтыр жыл бойы жұмыс істейтін 5 жаңа демалыс орнын салу жоспарланғанымен, тапсырма толық орындалмапты. Мұндай сылбырлық “Шалқар су” шипажайы тарапынан орын алған. Нысанның кей бөлігі әлі бос тұр. Жарық пен жылу тартылмаған. Кәріздік жүйе ауыстыруды қажет етеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда өңірге келген демалушылардың саны 2 есеге артып, түскен табыс экономиканың 0,3 пайызын құраған. Жұмыс істеп тұрған демалыс орындарының инфрақұрылымдары жөнге келсе, біраз жетістікке қол жеткізуге болады. Демалатын аймақтар қолжетімді, таза, қауіпсіз, ыңғайлы болуы да шарт. Сонау Германия, Қытай, Польшадан да біздің өңірге туристер аз келмейді. Кәсіпкерлер өз жобаларын жүзеге асыру үшін инфрақұрылымның нашарлығы іске қолбайлау болып отыр. Жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтін демалыс базалары көбейсе, облысқа келетін қонақтардың да саны артар еді. Алайда, кей туристік базалардың иелері бойына жегіқұрттай жабысқан немқұрайдылықтан арылмаған тәрізді. Олар теріскейде 2-3 айға ғана созылатын жаз маусымы тез-ақ өте шығатынын, сондықтан нысандарды қыс бойы жабдықтап, көктемге салым сақадай-сай дайын етіп қоюды естен тарс шығарған. Олардың бар ойы – қызмет бағасын жөнсіз қымбаттатып, күреп пайда табу. Демалыс орындарындағы мобильдік, цифрлық телевизия байланысының нашарлығы биыл да келушілердің орынды ренішін тудыратын түрі бар.
Былтыр курортты аймақта 63 мың адам тыныққан. Олардың 10 мыңнан астамы – шетелдіктер. Келешегі бұдан да кемел. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін 23 млрд. теңге бөлініп, 10 бағыт бойынша 56 іс-шара атқарылады. Олардың ішінде инженерлік инфрақұрылымға, сапалы автомобиль жолдарын салуға, маркетинг жүйесін жақсартуға, қаржыгерлер тартуға, экологиялық жағдайды сауықтыруға айрықша басымдық берілген. Ел тұрғындарымен қатар шетел қонақтарының да өңірдің көрікті жерлерімен, тарихи орындарымен танысуына барлық мүмкіндіктер тудырылады. Яхта, желкенді қайық спорты, медициналық, мобильдік, аң, балық аулау туризмдері жанданады. Болашақта Имантау – Шалқар – Зеренді біріктірілген аймағы елге 78-80 млрд. теңге табыс әкеліп, демалушылардың саны 400 мыңға дейін көбейеді.
Жұртшылық жаңа жобалардың жүзеге асуына тілекші болғанымен, ішкі туризмнің кенжелеп қалғанын, қымбатшылығын жасырмайды. Талапқа сай сервистік жағдай жасалмаса да, шетелге қарағанда баға едәуір жоғары. Әйтпесе, туған жер төсінде тыныққанға не жетсін?! 240 адамға лайықталған пантамен емдеу кешені қашан пайдалануға берілері белгісіз. Нұсқаушы, гид мамандарын даярлау, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, демалушыларды тасымалдайтын көлік бағыттарын ашу, маркетинг, сервис саласы, телефон байланысымен, жылдам интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де түбегейлі шешілмей келеді. Әсіресе, тиісті кадрларды әзірлеу есебінен туристік қызмет сапасын жақсарту аса маңызды. Қарым-қатынас әлі де күрделі күйінде. Жолдардың 70 пайызы, материалдық-техникалық базаның 60 пайызы тозған. Мақтаулылар санатындағы “Акбар” демалыс орнына жету – бір машақат. Осы себепті инвесторлар қаржы құюға тәуекел ете бермейтін сияқты.
Қоқыс төгетін полигонның салалық бағдарламаға енбей қалғанын кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың аузынан естігенде сенер-сенбесімізді білмедік. Түйінді мәселенің тағы бірі “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына тіреліп тұрғанға ұқсайды. Шалқар көліне қарай салынатын 35 шақырым жолдың 11,6 шақырымы саябақ аумағы арқылы өтеді екен. Осы мекемемен жол құрылысына қажетті жер учаскелерін қайтарымсыз негізде пайдалануға алуға келіскенмен, бұл ұсынысты аудандық әкімдік пен жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының құптамағаны түсініксіз. Подстанция қуаттылығының жетімсіздігінен 13 турбазаға электргенератор қойылған. 14 демалыс орнына ауызсу тасып жеткізіледі. Жалпы, курортты аймақ бойынша жылу, кәріз жүйелері мүлдем жоқ. 2020-2021 жылдың бас жоспарына инженерлік инфрақұрылым құрылыстарын жүргізу енгізілгенімен, әлі күнге дейін жобалау-құрылыс құжаттары рәсімделмек түгіл, қаражат та қарастырылмаған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде де бөгесіндер аз емес. Курортты аймақта ұтқырлы жылжымалы бекет біреу ғана. Жоспар шеңберінде Шалқар және Имантау көлдері бойында суда құтқару станциясын тұрғызу қарастырылса да, Қаржы және Ішкі істер министрліктері оның іске қосу мерзімін 2024 жылға дейін шегеріп тастапты.
Айта берсе, қолдан жасалған кедергілер көп. Әр іс-шараның нақты орындалу уақыты тайға таңба басқандай анық көрсетілгеніне қарамастан жекелеген ведомстволардың кежегесі кейін тартып отырғанын байқау қиын емес.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.