«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫЙЛЫҚ ТАҢДАЙ БІЛЕСІЗ БЕ?

Жыл сайын 8 наурыз мерекесінде аналарға, қыз-келіншектерге не сыйлаймыз деген мәселе туындайды. Бүгінде дүкендерде сыйлықтан көп нәрсе жоқ. Бірақ көз көргенді ала салуға тағы болмайды. Сондықтан сыйлық таңдаған кезде тапқырлық керек. Анаңызға сыйлық іздеген кезде оның өмір салтын басшылыққа алып, лайықты, пайдалы дүние таңдаңыз. Сонымен, сіздің анаңыз

 

ҮЙ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ АДАМ БОЛСА …

Егер анаңыздың қызмет аясы көбіне үй тірлігі болса, онда қиялыңызға ерік беріп, сыйлықтың түр-түрін ұсына аласыз. Көбіне сіз оған не қажет екенін білуіңіз де мүмкін, өйткені, ол қандай да бір затты сатып алғысы келетінін бұған дейін айтқан шығар? Бәлкім, бұл асүйге қажетті жақсы ыдыс-аяқ, тәттілер пісіретін пеш болар. Егер үй аспаптары түгел болса, онда жаңа фен, жылы монша халаты керек шығар? Техниканың дамыған заманында робот-шаңсорғыш, асүйлік комбайн, автоматтандырылған пештердің небір түрлері бар, бұл жерде тек қалтаңыздың қалыңдығын байқаңыз.  

Анаңыз көбіне үйде болатынын ескерсек, сұлулық салонына, косметика дүкеніне сертификат, фитнес-клубқа немесе бассейнге абонемент тарту етсеңіз де болады.

ІСКЕР АДАМ БОЛСА …

Анаңыз жұмыс үстеліне қоятындай әсемделген жиектемеге отбасыңыздың суретін салып, тарту етсеңіз болады. Сонымен қатар, “Сүйікті анама” деп жазып, әдемі қыш құмыра сыйласаңыз, соған көзі түскен сайын сіздің қамқорлығыңызды есіне алып отырады.

Бәлкім, ол жаңа киім сатып алғысы келіп жүрген шығар? Дүкенге апарып, іскерлік костюм алып беріңіз. Немесе анаңыздың жұмыстағы орындығына көңілі толмай жүрген болар, ыңғайлы орындық сатып әперіп қуантыңыз.

Егер қалтаңыз көтерсе, анаңызды шипажайға немесе шетелге демалысқа аттандыруыңызға болады. Қызметтен қолы босамайтын аналар үшін бір уақыт демалыс тамаша сыйлық болар еді.

Сонымен қатар демалыста отбасыңызды қала шетіне шығарып, атқа мініп, таза ауада серуендеп қайтудың өзі үлкен сый. Күйбең тірліктен бір сәтке босап, отбасымен бірге өткен уақыт кез келген заттан құнды екені рас.

ӨНЕРСҮЙЕР АДАМ БОЛСА …

Егер анаңыз түрлі мәдени шараларға баруды ұнатса, онда опера, театр немесе филармонияға билет – тамаша тарту. Тек бір билет қана алмай, отағасына да тосын сый жасауға болады. Кітаптардан оның сүйікті жанрының топтамасын немесе фильмдер жиынтығын сыйлауға болады. Болмысы нәзік жандарға сыйлыққа түрлі аромашамдар немесе жақсы бір әтір жарайды.  

ҚОЛӨНЕРМЕН АЙНАЛЫСАТЫН  

АДАМ БОЛСА …

Егер анаңыз киім тігуді, кестелеуді немесе тоқуды жақсы көрсе, оның қызығушылығына арналған кітаптар, керекті материалдар жақсы сыйлық болады. Ойланып көріңіз, мүмкін жаңа үлгідегі тігін машинасын сыйға тартарсыз?

АСПАЗ АДАМ БОЛСА …

Егер анаңыздың басты қызығушылығы аспаздық болса, онда түрлі мәзірлер ұсынылған кітап жақсы сый. Сонымен қатар, бәліштерге арналған түрлі формалар жиынтығы немесе микротолқынды пеш сияқты асхана құралдарын тарту етіңіз. Мұнда бәрі сіздің қанша сомаға шығындалуға дайын екендігіңізге байланысты.

Және әрбір ананың көңілінен шығатын әмбебап сыйлықтар да бар: конфеттер, торт, жемістер, кофе және жақсы шай. Бірақ мұнда да анаңыздың талғамын ескеріңіз.

Ең бастысы, гүл сыйлауды ұмытпаңыз.

Енді анаңызға 8 наурызда не сыйлауға болатынын білдіңіз. Ең бастысы, есіңізде болсын, сыйлыққа не тарту етсеңіз де, анаңыз риза болады, өйткені, оған сіздің ықыласыңыз бен қамқорлығыңыз маңызды. Оған әрдайым өз құрметіңізді көрсетіңіз және оны жақсы көретініңізді жиі айтыңыз, бұл – ең үлкен сый!

Дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp