“Nur Otan” партиясы сайлауалды тұғырнамаларында, саяси бағдарламаларында, ұлттық іс-қимыл жоспарларында белгіленген стратегиялық басым бағыттарды кешенді түрде жүзеге асырудың ішкі-сыртқы мүмкіндіктерін жүйелі түрде қарастырып келеді. Елді дамытудың негізгі мәселелері бойынша алға қойылған міндеттер ауқымдылық және нақты нәтижелерге бағдарланған сипатымен ерекшеленеді. Басты саяси ұстанымы жаhандық экономикалық қиындықтар мен пандемия індетінің зардаптарына қарамастан экономикалық өсімді төмендетпеу, қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, адамдардың сапалы өмір сүруін одан әрі жақсарту болмақ.
Енді, міне, әрбір өңір, қала және аудан бойынша таяудағы бесжылдыққа арналған сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарымен жұртшылықты таныстыру басталып кетті. Бүгінде барлық азаматтар “Nur Otan” партиясынан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтіп отыр. Біз сындарлы ашық диалогқа, іскерлік байланысқа дайынбыз және өзара тиімді ынтымақтастық күтеміз. Жұртшылық тарапынан айтылған әр маңызды ұсыныс-пікірлер жинақталып, бағдарламада ескерілетін болады.
Бағдарлама жобасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани салаларын кешенді түрде дамыту шараларына жете көңіл бөлінген. Карантин кезінде халықты әлеуметтік жағынан қолдау жүйелі түрде жүргізілгені мәлім. Мәжбүрлі демалысқа шыққан 167,4 мың қызметкерге 42,5 мың теңгеден төленді. 35,1 мың адам азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтар төлемін алды. 20477 тұрғынның коммуналдық шығындары өтелді. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында түрлі жобаларды жүзеге асыруға 32,1 млрд. теңге бөлінді, бұл 6,4 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Президент белгілеп берген ел дамуының 7 басым бағыты сайлауалды бағдарламаға негізгі өзек етіп алынған. Басты бағдар – тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру.
Солтүстік Қазақстан – аграрлық-индустриялық өңір болғандықтан, осы салаға ерекше басымдық берілген. Экономиканың 25 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Облыс еліміздің барлық ауыл шаруашылығы өнімінің – 12 пайызын, өсірілетін астықтың төрттен бірін береді. Өңір экономикасының тұрақты дамуы өнеркәсіптің, құрылыс пен сауданың есебінен де қамтамасыз етілмек. “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағы аумағында трансформаторлар, ауыл шаруашылығы техникалары, тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар құру үшін 160 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, еліміздің басқа өңірлерінен 13,5 мыңнан астам білікті кадр тарту – басты міндеттердің бірі. Осындай кешенді шараларды қабылдау нәтижесінде бес жыл ішінде өңірде 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жалақы мөлшері 126,2 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін өседі. Облыс тұрғындарының жартысынан көбі (54 пайызы) ауылдық жерлерде тұратыны ескеріліп, жоғары технологиялық агроөнеркәсіп кешенін құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру көзделген.
“Nur Otan” партиясының филиалы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту және шаруаларды барынша қолдау талабын қойып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша облыс орталығы мен ірі елді мекендердің айналасында азық-түлік белдеулерін құру, азық-түлік тауарлары мен сусындар өндіретін кәсіпорындардың желісі мен өндірістік қуатын кеңейту қарастырылған. Инвестицияларды тиімді орналастыру, озық технологияларды енгізу, өндірісті заманауи техникамен, цифрлық технологиялармен әртараптандыру және жарақтандыру есебінен ауыл шаруашылығы бойынша еңбек өнімділігі 2,7 млн. теңгеден 4,5 млн. теңгеге дейін көбейеді. Қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау шаралары 43 млрд. теңгеден 55 млрд. теңгеге дейін артады.
Шағын және орта бизнесті дамыту жайына келсек. Кәсіпкерлік – өңір экономикасын ілгерілетудің маңызды факторларының бірі. Жыл сайын “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 100-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетіледі. 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны – 36 мыңға, жұмыспен қамтылғандар саны – 115 мың адамға, өнім шығару 870 млрд. теңгеге дейін өседі. Оның ішінде туризм – табыс табудың пайдалы бір көзі. Имантау-Шалқар курорттық аймағы аңшылық, балық аулау және емдеу-сауықтыру туризміне мамандандырылады. Туризм индустриясын жетілдіруге озық жобалар бағытталып, нәтижесінде 2025 жылға қарай туристер ағынын жылына 60 мыңнан 280 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған.
Сайлауалды бағдарламада жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту, қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыру мәселелері де жан-жақты көрініс тапқан. Жасыратыны жоқ, өңірдегі жолдардың 35 пайызы қанағаттанарлықсыз күйде болғандықтан, ауылдықтар үлкен қиындық көріп жүр. Сол сияқты таза ауызсу тұтынуда да проблемалар аз емес. 2016-2019 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орталықтандырылған сумен жабдықтау 90 пайызды құраса, 2025 жылға қарай елді мекендердің бәріне су жүйесі жеткізіледі. Партия отбасы институтын нығайту, олардың материалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғын үй алу үшін мүмкіндіктер жасау жөніндегі шаралар кешенді қолдауды қажет етеді деп санайды. Облыста 137,4 мың отбасы тұрса, көпбалалы отбасылар – 3 243. Осыған орай бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 25,5 шаршы метрге дейін жеткізілмек.
Азаматтардың әл-ауқаты – өңірдің тұрақты даму көрсеткіштерінің индикаторы. Бұл салада да шешетін мәселелер баршылық. Медициналық қызмет көрсету сапасы мен денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, білікті дәрігерлердің тапшылығы адамдарды әлі де толғандырады. Әсіресе, еліміздің және шетелдің жетекші ғылыми орталықтары негізінде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелері тиісті назар аударуды қажет етеді. Аталған шаралар жүзеге асса, 2025 жылға дейін солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 72,9 жасқа дейін арттыру мүмкін болады. Бағдарламаның бір бағыты шалғайдағы шағын ауылдардағы мектеп жасындағы балалардың “Уақытша отбасыларда” тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. “Бақытты отбасы”, “Кедергісіз келешек” партиялық жобалары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға және олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға септігін тигізбек.
Жастар – біздің болашағымыз. Жаңа ұрпақ Қазақстанның стратегиялық бағытының қозғаушы күші болуға тиіс. Жастардың әлеуетін пайдаланудың маңызы зор. Былтыр “Жастарға 100 нақты қадам” аймақтық бағдарламасы әзірленді. Қазір жастар бастамаларын дамытудың 14 орталығы жұмыс істейді. Оларда патриоттық тәрбие беру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, рухани-адамгершілік, азаматтық-құқықтық және дене шынықтыру деңгейін арттыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылады. Жыл сайын кемінде 4,6 мың жасты жұмысқа орналастыру, бизнес жүргізуге 500 кредит бөлу межеленіп отыр. 732 орындық 3 студенттік жатақхана салынады. Филиал “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларында айтылған іс-шараларды жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге де мүдделі.
Партия филиалы облысты кешенді дамытудың мәселелерінен шет қалмайды. Сайлауалды бағдарламада әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті экономикасы бар, серпінді дамып келе жатқан өңір құрудың барлық тетіктері қарастырылған. Облысымыздың дамуы мен өркендеуі үшін азаматтармен және қоғамдық бірлестіктермен идеялар алмасуға, сондай-ақ, кең ынтымақтастыққа әзірміз.
Болат ДАНИЯРОВ,
“Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары.