«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ

Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті.

Қаралған мәселелердің алғашқысы – жол жағдайы. Бүгінгі таңда өңіріміздегі автомобиль жолдарының қашықтығы 8998 километр болса, оның жартысынан астамы қанағаттанарлық жағдайда. Ал тиісті деңгейде жөндеу көрмейтін аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы өте нашар. Үстіміздегі жылы сапасы сын көтермейтін жолдарды жөндеуге ел мен өңірдің бюджеттерінен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Осындай қомақты қаржыға жөнделіп жатқан жолдардың да сапасы мақтанарлық жағдайда емес. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Серік Мұхамедиев жолды сапасыз жөндеген мердігерлерді жауапқа тартып, “қара тізімге” кіргізіп жатқандарын жеткізді.

Тимирязев ауданында азаматтардың арыз-шағымдарын қарауда заңнаманың сақталмағандығын прокурорлық тексеріс анықтаған. Бүгінгі таңда орын алған заңсыздықтар жойылып, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.  

“Қолжетімді тұрғын үй – 2020”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары бойынша салынған үйлердің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде мердігерлер тарапынан жіберілген олқылықтар белгілі болды. Облыстық прокуратура Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй заңнамасын бұзуы бойынша бірқатар фактілерді анықтады. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған үйлердің пәтерлері бөлінген кезде жиналған ұпай көлемі есепке алынбаған. Сондай-ақ, қызметтік пәтер беруде тұрғын үй заңнамасының талабы ескерілмей, тиісті комиссия екі заңсыз шешім шығарған. Отырысқа қатысушылар Петропавл қалалық әкімдігіне баспана бөлуде заңсыздықтың орын алуына адами фактордың әсері мол екендігін ашық айтып, болашақ пәтер иелерін анықтауда “әке”, “көкені” білмейтін компьютердің көмегіне жүгіну қажет деген ойларын жеткізді.

Отырыста қаралған мәселелердің тағы бірі – балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту. Бүгінгі таңда өңіріміз бойынша балабақша кезегінде тұрған 1-6 жас аралығындағы балалардың жалпы саны – 13330. Ал Петропавл қаласы бойынша 11703 мың бала кезекте тұр. Кезек бар жерде келеңсіздік орын алатыны белгілі. Өңірімізде бүлдіршіндерді балабақшаға орналастыруда белгіленген заңнама, не болмаса жас мөлшері сақталмайды. Балабақша кезегіне қоюда да, орын беруде де заң бұзушылықтар орын алған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалып, балабақшалар республикалық мақсатты трансферттерді толық игере алмауда. Ал облыстық тексеру комиссиясының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қараша айынан осы күнге дейін білім берудің 7 нысаны тексерілген. Анықталған заңсыздықтар өңіріміздің білім беру саласында жыл сайын қайталанады екен. Аудандық білім бөлімдерінің біліктілік талабына сәйкес келмейтін педагогикалық қызметкерлерге еңбекақы төлеуі, мақсатты трансферт қаржысын басқа бағытта жұмсауы, құрылыс жұмысы толық орындалмай, мердігердің есебіне қаржы аударуы теріс әдетке айналған. Мәселен, Тайынша ауданының Келлеровка ауылындағы 50 орындық балабақшаның ғимаратын қайта жаңартуға қажетті жобалық-сметалық құжатты әзірлеу үшін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мердігердің есебіне 1 008 000 теңге аударған. Прокурорлық тексеріс кезінде аталмыш құжаттың жоқ екендігі анықталды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp