«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СІЗДЕРГЕ ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Мен сұрапыл соғыста қан кешіп жүріп, еліміз бен жерімізді басқыншы жаудан қорғап қалған, Ұлы Жеңіске төгілген қанымен, қыршынынан қиылған жанымен үлес қосқан сан мыңдаған жауынгерге жас буынның атынан хат жазып, алғыс білдіруді ұйғардым.

ХХІ ғасыр жастарының жадында Жеңіс деген сөздің мәні көктемнің шуақты күнінде орталық алаңға ағылған халық, құшақ-құшақ гүл шоқтары, әскери оркестр әуені және жарқылдаған отшашу болып қана қалмауы керек. Бұл қасиетті күннің құнын бүгінгі ұрпақ жан дүниемізбен сезіне алсақ деймін.
Құрметті майдангерлер! Сүттей ұйыған бейбіт елімізге жау шапқанын алғаш естігенде бойыңызды қандай сезім биледі? Қолыңыздағы кетпеніңізді қаруға айырбастап, майданға аттанғанда, алғаш ұрысқа кірісіп, өліммен бетпе-бет келгенде қандай сезімде болдыңыз екен? Майдандас жан досыңыз оққа ұшып, қолыңызда жан тапсырғанда жүрегіңізді жауға деген ыза мен кек кернеген болар. Енді бірде ауыр жарақаттан кейін ауруханада есіңізді жиып, екі аяғыңыз тізеден жоқ екенін көргендегі күйіңізді көзге елестетудің өзі қиын. Жалғыз төбені жаудан қорғап қалу үшін күні-түні шайқасып, ақыры барлық жауынгер қырылып, жалғыз өзіңіз қалғаннан қиын сәт жоқ шығар, сірә.
Қадірлі жауынгерлер! Адам баласы төзгісіз осыншалық қиындықтарға қалай мойымадыңыз. Менің түсінуімше, мұндайға тек рухы күшті жандар ғана шыдайды. Сонау сұрапыл жылдары жаныңызға қуат берген, жеңіске жігерлендірген құдіретті күш – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік сезім болғанын білемін. Халықтың тағдыры, келер ұрпақтың болашағы үшін жауапкершілік күш-қуат бергенін ұғынғандаймын. Бабалардан мирас болып қалған жеріміздің тағдыры дәл сол сәтте өз қолыңызда екенін түсініп, бір қадам да артқа шегінбегеніңіз нағыз ерлік.
Ардақты ардагерлер! Ел мен жерді сүюдің, сол жолдағы қайталанбас ерліктің үлгісін көрсетіп кеткеніңіз үшін бүгінгі ұрпақтың атынан шексіз алғысымды білдіремін! Сіз қалдырған ерлік дәстүрін келер ұрпақ абыроймен жалғастыра алатынына кәміл сеніңіз! Біздің бүгінгі баянды өміріміз үшін, еліміздің тәуелсіздігі үшін, жалпы адамзатты бақытсыздықтан құтқарып қалғаныңыз үшін Сізге алғысымыз шексіз! Сіздің жанкешті ерлігіңіз адамзаттың жадында мәңгі сақталады!


Диана ЖЫЛҚЫБАЙ,
Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp