«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ БЕЗІНІҢ ҚАТЕРЛІ ІСІГІ

Облысымыз қатерлі ісік дертінің таралуы бойынша бірнеше жыл қатарынан көшбастап келеді. Оның ішінде өкпе обырынан кейін сүт безімен ауыратындардың үлесі басым. Және жылдан-жылға бұл көрсеткіш ұлғаймаса, кеміген емес. Бұл дерттің алдын алу мен күресудің жолдарын білмек болып облыстық онкологиялық диспансердің маммолог дәрігері Майя Исмұратованы әңгімеге тартқан едік. – Әлемде соңғы он жылдықта сүт безі ісігі дертінің өсуі байқалады. Жыл сайын мыңдаған нәзік жандар сүт бездерінде обырдың барын анықтайды. Облысымызда үстіміздегі жылдың 9 айында 100 мың адамға шаққанда бұл сырқат бойынша 23,6 жағдай тіркелсе, өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 28,5 болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, көрсеткіш бірнеше пайызға азайған. Бірақ бұл дегеніміз, сүт безінен болған онкологиялық аурулардың кемігенінің дәлелі емес. Оның бірден-бір себебі скринингтік тексерістердің жүйелі түрде өткізілуі болса керек. Және бұл дертті ерте кезден анықтау үрдісі байқалады.

– Қатерлі ісік жайлы әңгіме қозғалғанда науқастың бойын үрей билейді. Мұндай жағдайда науқас нені білуі керек?

– Мұндай жағдайда алдымен, мүмкіндігінше, сабырлы болған дұрыс. Науқас қорқады. Бұл – қалыпты жағдай. Сосын “Бұл шынымен обыр ма?”, “Ота жасатқаным дұрыс па?” деген сыңайлы сұрақтарға жауап іздей бастайды. Әсіресе, әйелдер: “Кеудемнен айрылып қаламын ба?” – деп қорқады. Бірақ көп жағдайда сүт безінің обыры қатерсіз ісік болып келеді. Яғни, өмірге қауіп төндірмейді. Десе де, ең алдымен, дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Сондықтан дерттің дәрежесі мен оның қатерсіз ісік екенін анықтау үшін маммолог дәрігерге қаралған жөн. Ал егер ісіктің қатерлі түрі ерте кезде анықталса, науқастың емделіп шығуына толық мүмкіндік бар.

– Бұл дерттің алғашқы белгілері қандай?

– Әрбір әйел айына 1 рет, етеккір циклінде кеуденің ауырсынуы мен қатаюы басылғанда оны тексеруге болады. Кеуденің ұшы мен айналасын тексеріп, ол жерде қызару, бөрту, жарылу, тарылу, бозару немесе басқа да өзгерістердің жоқ екендігіне көз жеткізу керек. Айна алдында тұрып, қолыңызды басыңыздың артына қарай созып, кеуденің пішіні мен терісіне назар аудару қажет. Кеуденің әр тұсында тартылған немесе томпайған жерлердің жоқ екенін мұқият қарап шыққан жөн. Бірақ кеуденің көлемі мен пішінінің өзгеруі әрқашан аурудың белгісі бола бермейді. Ал теріде лимон қабығы тәрізді бөліктер пайда болса, маммолог немесе гинеколог мамандардан кеңес алған дұрыс.

– Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына не әсер етуі мүмкін?

– Сүт безі қатерлі кеселінің пайда болуының негізгі себебі әлі белгісіз. Ісіктің өсіп шығуына 40-тан астам себептер әсер етеді. Ішкі бездер жүйесі қызметінің бұзылу құбылыстары, денедегі зат алмасудың бұзылуы, етеккірдің уақытында келмеуі, бедеуліктің болуы, кеш құрсақ көтеру, нәрестені белгіленген мерзімнен аз емізу, мастопатия, фиброаденома, сүт безінің өзегінде папилома болғанда, түсік жасату және тағы басқа себептер аурудың тууына әсер етуі мүмкін. Тұқымқуалаушылық та бар. Егер отбасыңызда анаңыз не болмаса әпкелеріңіз бен сіңлілеріңізде сүт безінің қатерлі ісігі болған жағдайда аурудың алдын алу мақсатында міндетті түрде дәрігерге қаралып тұрған жөн. Сүт безі қатерлі ісігімен ауруым мүмкін емес деп ойлау қателік болады.

– Дерт тұқым қуалайды деп айттыңыз. Әлемге танымал киноактриса Анджелина Джоли анасы қатерлі ісіктен көз жұмғандықтан, өзін сақтандыру мақсатында ауырмаса да, кеудесіне ота жасатып, сүт бездерін алып тастағаны жайында ақпарат көздері жарыса жазып еді. Бізде мұндай тәжірибе бар ма?

– Қатерлі ісіктің тұқым қуалайтын түрі бар. Сүт безі обырымен ауырғандардың 5-10 пайызында дерт тұқымқуалау салдарынан пайда болады. Кейбір нәзік жандар жаңадан ашылған BRCA1 және BRCA2 патологиялық тұқымның тасымалдаушысы болып табылады. Яғни, ағзасында мұндай гені бар әйелдерде дерт пайда болудың қаупі басым. Анджелина Джолиде осындай патологиялық тұқым анықталды. Сондықтан да ол сүт безін алып тастауды жөн көрген. Біздің облыста да мұндай жағдайлар тіркелді. Қателеспесем, бір әйел ауырғанша сүт безіне ота жасатуды қалаған. Аталмыш отаны жасатуға болады. Бірақ ол үшін қаражат қажет.

– Сүт безі қатерлі ісігі тек нәзік жандарда ғана болады деген түсінік бар. Ал бұл дерт ер адамдарда кездесе ме?

– Әлбетте, кездеседі.

– Ал оны анықтау мен емдеудің жолдарында айырмашылықтар бар ма?

– Айырмашылықтар жоқ деуге болады. Аурудың белгілері де біркелкі өрбиді. Бірақ ер адамдарда бұл дерт сирек кездеседі.

– Ал кәмелет жасына толмаған қыз балалар сүт безінің қатерлі ісігі дертімен сырқаттануы мүмкін бе?

– Бұл дерт қыз бала мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басталуы мүмкін. Сүт безі қатерлі ісігімен жасы келген әйелдер ғана ауырады деп ойламау керек. Сырқатты ерте анықтау мақсатында сүт безі қатерлі ісігі дерті скринингтік тексерістің тізіміне енгізілген. 50-ден асқан әрбір әйел скринингтік тексерістен әр екі жыл сайын өтіп тұруы тиіс. Көбінесе нәзік жандар маммографияға түсуден жалтарады. Немесе уақытты созып, жүріп алады. Ал бұл дертті анықтауда маммографиялық тексерістің ықпалы мол. Себебі, сүт безі қатерлі ісігінің көзге көрінбейтін кезінде ерте анықтау оған шалдықпаудың бірден-бір жолы болып табылады.

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp