«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘБИТТІ ДЕ САТҚАН, АБАҚТЫҒА ЖАППАҒАНЫ БОЛМАСА тобығынан да қаққан, атпағаны болмаса

Биыл қазақтың бас ақыны – Абай­дың 175-ке келген мерейлі жылында Сәбит Мұқанов та 120 жаста! Мерейлі жасқа келген тұл­ғаны энциклопедияның хроноло­гия ізімен сыдыртып, “дежурный” сөздермен жазуға да болады. 

Бі­рақ бүгінде Сәбит Мұқановқа ол – жол емес. Көзін көргендердің бір­ауыздан айтуына қарағанда, дар­қандығы даладай, көңілі жас ба­ла­дай Сәбеңнің ұлтқа сіңірген ең­бегі, ұрпаққа қалдырған рухани мұ­расы ұшан-теңіз. Соның бар­лы­ғынан хабарсыз бүгінгі жастар Сә­бит Мұқановты тек жазушы ғана деп таниды. Себебі, мектеп оқу­лықтарынан Сәбит Мұқанов­тың ысырыла-ысырыла шығып қалғаны қашан…? Ал жоғары оқу орындары классикалық стан­дарт­тық жүйеден айырылып қал­ғалы, “орыс ойына келгенін істей­дінің” керімен жүр… Шындығын­да Сәбит Мұқанов – сан қырлы тұлға. Санқырлылығы сол, кейбір мұрасы әлі реттеліп те, зерттеліп те болған жоқ… Сәбең деген атты қарапайым халық Сәбит Мұқа­нов­қа жасы да, басы да жас ке­зін­де-ақ берген. Жасыратыны жоқ, ол тұста Сәбеңнің өзі алдымен Сә­кенге айтып, сонан соң өзі же­тектеп әкеліп ортаға қосқан Ғаби­ті де, Ғабидені де әдебиет дейтін аламанның үзеңгісіне аяқ салға­ны болмаса, Сәбит Мұқановсыз “тырп” ете алмайтын. Біздің мақ­са­тымыз ат жарыстыру емес. Бі­рақ бірі білмей, енді бірі жақсы бі­ле тұра “Сәбеңнің атына бәрі жа­расадының” керімен жымысқы ой­ларын өткізбек болғаны қынжыл­тады. “Халық айтса қалт айтпай­ды”, – дегенге жүгінер болсақ, бү­кіл қазақтың көңілінен шығып, сү­йік­ті ұлына айналу үшін тек клас­сик-жазушы болу аздық етеді. Қа­зірдің өзінде жасы дардай атағы нардай болғанмен, қадір-қасиеті ала-құла “классиктер” аз ба ара­мызда?.. Осы тұрғыдан алып қа­ра­ғанда Сәбеңнің шоқтығы қа­лам­дастарынан да, замандаста­ры­нан да әлдеқайда биік!
Сәбит Мұқанов – тума талант. Тума талант ешкімнен “қарызға” сөз де, бөз де сұрамайды. Көкейі­не келген көлгөсір ойын төгіп-тө­гіп айтады да оның қайырымы­на қайрылып та қарамайды. Ал жасанды таланттар қиналып жаз­ған еңбегін елемеген елдің есін алып әлек. Ол еленіп, ескеріл­ген­ге дейін тамыр-танысқа да, үкі­меттің есігіне де дамыл жоқ. Он­дайды халық көрмейді емес, кө­ре­ді, білмейді емес, біледі. Сә­бе­ңе бұл тұрғыдан замандастары да, қаламдастары да тіпті құрдас­тары да мін таға алмайды. Қайта есе жіберіп алғандардың көшін Сәбит Мұқанов бастап тұрған шы­ғар. Басы дау мен дақпырттан арыл­мауының да бір себебі осын­да болса керек. Сондықтан Сәбең туралы сөзді ауырдың үс­тімен, жеңілдің астымен сипай айту ішіне сыр бүккен адамның ғана сөзі болуы мүмкін. Сәбит Мұқановтың бүгінгі жағдайына ол жөн емес.
Сонымен, Сәбит Мұқанов кім?! Сәбит Мұқанов, ең алды­мен, классик жазушы! Оған еш­кім­нің дауы жоқ. Сәбит Мұқанов 73 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетінің барлық жанрына қа­лам тартып, оқырмандарының ма­хаббатына бөленген қазақтың ең сүйікті жазушысы! Сәбеңнің ең сү­йікті жазушы екендігін дәлел­дей­тін оқырмандарымен арада­ғы хаттар. Сол хаттар қазір Мем­ле­кеттік архивте 141 том болып сақтаулы. Оны Сәбең өз қолымен тапсырған. Хат тақырыбы әр алуан. Көркем шығармасын оқу­шы іздеп жүріп оқыса, еліктесе, ерінбей-жалықпай авторға хат жазса, жазушы бақыты деген сол емес пе?! Құдайға тәубе, қазақ ақын, жазушыдан кенде емес. Бірақ олардың бәріне бірдей мұн­дай бақ бұйырмаған. Ол басы ашық шындық. Ол хаттардың кей­бірін Сәбең мұражайының дирек­торы ақын Әділғазы Қайырбеков 2018 жылы құрастырып шығар­ды. Сәбеңе келген хатта, Сәбең жазған хатта амандық-саулықтан басталғанымен, ағыс арнасы әр­түр­лі. Бір хатта тарихи фактіге кез­десесіз, бір хаттан саяси сыр ұғасыз. Ал енді бір хаттан Сәбең­нің мейірімді даусын естіп, ширы­ғып шыға келесіз. Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Қа­йым Мұхамедхановтардың Сә­бит Мұқановқа жазғандары аты хат демесеңіз мөлдіреген мәде­ниет, тұнып тұрған тарих.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің бүгінгі және келесі сандарынан оқи аласыздар. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp