«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ, САХНАДА…

Астанадан хабарласқан жас өнерпаз, жерлесіміз Әсет Әбдірахманов 20 қаңтарда Петропавлдағы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында елорданың Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің концерті қойылатынын айтты.

Әңгімені Ә. Әбдірахмановтың бұл оркестрге қандай қатысы бар деген сауалдан бастағанды жөн көрдік.

Осы дарынды өнер иесі 2011 жылы Алматының Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын домбыра аспабы бойынша тамамдаса, биыл осы жоғары оқу орнының дирижерлік мамандығының дипломын иеленді.

Сондықтан соңғы мамандығы бойынша Астанада жоғарыда аталған оркестрде қызмет істеп жүр. Атап айтқанда, бұл өнер ордасына өткен жылғы желтоқсан айынан бастап орнықса да, Әсет Біржанұлының дирижер таяқшасын қолға алып, ысыла бастағанын бұрыннан білетінбіз.

– Оркестрдің құрамындағы алғашқы гастрольдық сапарымды өзім туып-өскен Қызылжарымның сахнасынан бастау құрметіне ие болғаныма аса қуаныштымын, – деді жас дирижер.

Оркестрді оның көркемдік жетекшісі Талғат Бердіғұлов бастап келмекші. Құрамына халық аспаптары, бишілер және камералық музыка ансамбльдері тоғысқан үлкен ұжым қызылжарлықтарға биылғы маңызы зор оқиға – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы бастау алатын кезеңдегі ең атаулы да айтулы өнер тартуын жасамақ.

Бір шаңыраққа тоғысқан үш үлкен өнер шоғырының бірі – камералық ансамбльге Әсет Біржанұлы өзінің дирижерлік ететінін жеткізді.

Көрермендерімізге бұл үш ұжымның өнерінен басқа жеке орындаушылар да тарту жасамақ. Олардың арасында елімізге белгілі термеші-жыршы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова, мәдениет қайраткері, домбырашы Олжас Сүлейменов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Нұрболат Құсайынов, Әсел Мәдекешова, Жанна Көпеева, Асылхан Шалқаров бар. Сонымен, 20 қаңтарда – сәрсенбінің сәтінде Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасынан өнер тартуын тамашалаймыз.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp