«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘТТІ ҚАДАМДАР

Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі іске қосылған алғашқы айда консультативтік-диагностикалық қызметтер, соның ішінде компьютерлік және магнитті-резонанстық томографиялық тексерулер, оңалту шаралары бойынша көрсетілген қызметтер саны артты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Тайынша ауданына ұйымдастырған баспасөз туры барысында айтылды.

БАҚ өкілдері алдымен Келлеровка ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда болып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ауылдық амбулаторияның дәрігері Гулия Молдожанова жаңа жүйе бойынша науқастар көптеген қызмет түрлеріне тегін қол жеткізгенін айтты. Қазіргі таңда жеті жарым мың адам емдеу мекемесінде тіркеуде тұр. Он жеті ауылдың тұрғынына көмек көрсететін медициналық мекемеде кезек саны қысқарып, дәрігердің жүктемесі азайған. Алғашқы медициналық көмек көрсету мен зертханалық сараптама жүргізу үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта медициналық ұйым флюорографиялық аппарат сатып алмақ.
Медициналық мекемеде күндізгі стационар, тіс емдеу, фильтр, диагностика, клиникалық зертхана, оптика мен тағы басқа кабинеттер бар. Әдетте, ауылдық амбулаторияда көз дәрігерін сирек кездестіретініміз жасырын емес. Ал мұнда тұрғындар білікті маманның кеңесіне жүгініп, көзәйнекке тапсырыс бере алады. Қажетті көзілдірікті таңдау да қиындық тудырмайды.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған уақыттан бастап тұрғындарға стоматологиялық қызмет тегін көрсетілуде. Үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында 387 науқас көмекке жүгінді. Медициналық көрсеткіштер бойынша тісті жұлу, емдеу шаралары жүргізілді. Күн сайын шамамен 10-15 сырқатты қабылдаймын, – деген тіс дәрігері Галина Тальконың сөзінен қолданыстағы стоматологиялық құрал-жабдықтар жаңартылса деген тілекті аңғардық.
Ауыл тұрғындары әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бірқатар қызмет түрлері тегін көрсетіліп жатқанына дән риза. Келлеровкалық Темірболат Қабдулбариев бұл жаңашылдықтар медицина саласының дамуына тың серпін беретініне сенімді. Ауылдық амбулаторияның медициналық қызметкерлерімен кездесу барысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева бүгінгі таңда науқастарды оңалту, денсаулықтарын қалпына келтіру шаралары қарқын алғанын, біздің өңіріміз бойынша мұндай қызметтерге 1,5 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалымен өңірдегі 22 медициналық ұйым келісімшарт жасаған.
– Кездескен қиындықтарға қарамастан Тайынша аудандық ауруханасы өңірімізде алғашқылардың бірі болып амбулаторлық деңгейде оңалту шараларын қолға алды. Қазір тұрғындар тарапынан магнитті-резонанстық томографиялық көмекке сұраныс артты. Өткен жылдың қаңтар айында 82 сырқат МРТ-дан өтсе, үстіміздегі жылдың алғашқы айында мұндай көмек 739 науқасқа көрсетілді. Яғни, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш тоғыз есе көп, – дей келе Лариса Гордеева алдағы уақытта сырқаттарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бірізділендірілетінін жеткізді.
Тілшілер Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының материалдық-техникалық базасымен де танысты. Қағазбастылықтан арылып, алғашқылардың бірі болып электронды құжат жүйесін қолданысқа енгізген ауруханада өткен жылы инсульт орталығы ашылып, сырқаттар бұрын-соңды болмаған қайта қалпына келтіру және медициналық оңалту, неврологиялық, медбикелік күтім, паллиативтік көмекпен қамтамасыз етілді. Қабылдау бөлімшесінде “Триаж” жүйесі іске қосылған. Диализ орталығы, балаларды ересектерден бөлек қабылдау үшін арнайы бөлімше ашылғанын да айтып өткен жөн.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық шаралары жан-жақты жүргізілді. Ол үшін кереует қорын көбейтіп, жаңа медициналық қызмет түрлері бойынша қосымша орын қарастырдық. Өткен жылы тұрғындар үшін физиоемдеу ақылы болса, биылдан бастап бұл қызмет тегін көрсетілуде. Мұның барлығы сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта емдеу мекемесінде неврологиялық орталық ашу жоспарлануда, – деген аудандық аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальский ұжым қатары жас мамандармен толығып жатқанын жеткізді. Медициналық сақтандыру жүйесі аясында қаңтар айында тұрғындарға 1821 стоматологиялық, 168 компьютерлік томографиялық, 1259 ультрадыбыстық зерттеу, 862 рентгендік зерттеу қызметтері көрсетілген. Қарамағында қырық бес мың тұрғын бар аурухана медициналық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Соның ішінде рентген, компьютерлік томограф, тыныс алу, наркоз аппараттарын айтып өткен жөн. Компьютерлік томографтың құны қымбат тұратындықтан бұрын ауыл тұрғындары үшін сапалы диагностика жасатуға мүмкіндік болмағаны жасырын емес. Енді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясында мұның бәрі тегін. Бастысы аудан тұрғындары дән риза.


Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp