Алаш қайраткерлерінің осыдан бір ғасыр бұрын атқарған істері қазір өз жемісін беріп жатқандай, ал айтқан сөздері әлі өзектілігін жойған жоқ. Мәселен, сол кезде Омбыда оқып жүрген Смағұл Сәдуақасұлының ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру туралы идеясы қазір ауылдарды сақтап қалудың бір жолы ретінде ұсынылуда. Жаңа әрі әділетті Қазақстан құрып жатқан біздің билік Алаштың арда ұлының ескі мен жаңа туралы жазған мақаласына бір назар салса артық болмас еді. Оқырман назарына биыл туғанына 125 жыл толған Смағұл Сәдуақасұлының «Жас азамат», «Лениншіл жас» газеттеріне шыққан бірнеше мақаласын алаштанушы ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай ықшамдап ұсынып отыр.
ҚАЗIРГI ДӘУIР – IС ДӘУIРІ
Қазақстан өңiрiнде жастардың мiндетi өте-мөте зор екенiн дәлелдеп қажетi жоқ. Жастар төңкерiс заманының қазанында қайнап өстi. Жастардың мектебi алысқан, тартысқан тұрмыс болды. Бұрын кiтапта айтылатын нәрселердiң көбiн жастарға өмiрдiң өзi көрсеттi. Бұл жастардың заманынан алған олжасы. Мұнымен қабат, жастардың өзгелердiң алдында табиғи артықшылығы да бар. Жастың жүрегi тезiрек қызады. Жаңалыққа да жас тезiрек аяқ басады. Елдi жасартатын – жас.
Бiрақ жастың бұл сықылды артықшылығымен қатар, оның кемшiлiк жерi де аз емес. Жас жаңа пiкiрге тез түседi дедiк әлгiнде. Жаңа пiкiр деп ненi айтамыз? Бiреудiң ойына келмегендi айтқанды жаңа пiкiр тапты дей аламыз ба? Ылғи ескiлiкке қарсыны жаңа пiкiрге санай аламыз ба?
Мысалы, бiреу: «Абайды күйдiрiп, өртеп жiберу керек», – дейдi екен. Себебi Абай ескi, ол бұрын болған, бiзге жаңа керек. Бұл сықылды пiкiрге жаңа пiкiрлi жастар қалай қарау керек? Бұл пiкiр сырттан қарағанда, рас, жаңа сықылды. Бiрақ бұның негiзi дұрыс емес. Бiз ескiге қарсы болғанда, оның шын шiрiген, ескiрген жерiне қарсымыз. Осы күнгiнi гүлдендiрудiң орнына бүлдiретiн, шiрiтетiн, iлгерi басуға бөгет болатын жерiне қарсымыз.
Бiз өткен заманнан осы күнгiнiң арасын шорт кесiп тастамаймыз. Менен бұрынғының бәрi ескi, менiкi ғана жаңа, сол жаңа өзiме жетедi, өзiмдi қанағаттандырады деп бiз еш уақытта да айта алмаймыз.
…Сондықтан бiз iске жарайтын ескiден жиренбеймiз, бiз оны өз керегiмiзге жаратамыз. Әлгi Абайға қайта келейiк. Абайдың бiз шәкiртiмiз деп, әрине, айтпаймыз. Бiрақ Абайдың сабақ болатын жерi де бар. Абай – анық ақын. Абай әдемi сөздiң ұстазы. Абайдан бiз әдемi сөзге үйренуiмiз керек. Абай құр ғана ақын емес, ол бiр белгiлi заманның адамы, заманында болған кертартпалыққа, бұзақылыққа Абай қарсы болған. Оның сынаған, оның мiнеген тұрмысы осы күнi, әрине, өзгередi, бiрақ әлi өзгермеген, жетпеген жерлерi де бар. Олай болса, осы күнгi кем-кетiктерiмiзбен күресу жолында Абайдың iске асатын сөздерi әлi де толып жатыр.
Бiз «ескi», «жаңа» деген сөздердiң арасын тым жадағай, құрғақ түсiнбеуiмiз керек. Бұл екеуiнiң арасында байлам бар, қатынас бар. Қыс пен жаздың арасында жазғытұрым бар. Ескi мен жаңаны екi ортасындағы байламымен бiрге түсiну керек.
ЖАСТАРДЫҢ БҰРЫНҒЫ ҺӘМ ҚАЗIРГI ҰЙЫМДАРЫ
Қазақ жастарының ұйымдары бұрыннан бар едi. Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бiрлiк» едi. «Бiрлiктiң» мақсаты оның программасында (тұтынған жолында) айтылған:
«Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан iлгергi қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезiмiн туғызу һәм ұлттықты сақтау».
Бұл айтылған мақсаттарға жету үшiн жастар арасында ұлтты сүю сезiмiн сiңдiре беру. Халық әдебиетiн жинау, ол әдебиеттi кiтапша һәм үлкен кiтаптар етiп бастыру. Театр кiтаптарын шығару, газет-журналдар шығару. Бастауыш, орта дәрежелi мектептерге кiтаптар жазу, школға түсемiн деген шәкiрттердi даярлайтын курстар ашу, мұқтаж шәкiрттерге жәрдем көрсету, спектакль, концерт һәм басқа ойындар жасап, қазақтың iшiнде театр туғызу.
Ұйымның саяси һәм шаруашылық туралы ұстаған жолы: кедейлердi, жiңiшкелердi байлардың, күштiлердiң зорлығынан құтқару, әйелге теңдiк әперу.
«Бiрлiктiң» бұдан басқа да iстеген жұмыстары толып жатыр. 1916 жылы «Бiрлiк» «Балапан» деген қолжазба журнал шығарып тұрды. «Балапан» заманында ауызға iлiнiп, жастарға көрсеткен қызметi көп болды.
1917 жылы Қазақстанда мынадай ұйымдар ашылды: «Еркiн дала» – Орынборда; «Жанар» – Семейде. «Оқытушылар ұйымы» – Семейде; «Талап» – Семейде, Шыңғыс болысы; «Игiлiк» – Орынборда; «Қамқор» – Торғайда; «Жас қазақ» – Уральскiде; «Үмiт» – Троицкiде; «Талап» – Қызылжарда; «Оқығандар» – Көкшетауда; «Ұйым» – Екiбастұз заводы, Семей облысында; «Ғылым ұйымы» – Керекуде; «Ынтымақ» – Атбасарда; «Жас жүрек» – Спасск заводында; «Жастар ұйымшасы» – Бөкейлік ордасында; «Жас қазақ» – Ақмолада; «Қазақ жәрдемi» – Зайсанда; «Ерiк» – Баянауылда (Семей облысы); «Қызмет» – Керекуде; «Жас тiлек» – Ақтөбеде; «Ғылым» – Керекуде. Бұл ұйымдардың iшiнде «Еркiн дала», «Жанар» ұйымдары да көп жұмыстар iстедi.
1918 жылы Омбыда жалпы қазақ-қырғыз жастарының жиылысы шақырылды. Бұл жиылыста қазақ-қырғыз жастарының ұйымдарының бәрi бiрiгiп, «Жас азамат» деп ат қойып, кiндiк комитет сайланды. Артынан тез уақыттан соң Омбы шаһарында билiк Сiбiр үкiметiнiң қолына көшiп, жастардың кiндiк ордасы мен басқа жастар ұйымдарының қатынасы үзiлiп қалды. Әйтсе де, «Жас азаматтың» басында қалған бiраз азаматтар iстi жүргiзе бердi…
ӨМІР ҮШІН КҮРЕСУ
Адам баласына жан-дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер, кәсіп қылу, жалға жүру, тілемшілік қылу, ұрлық қылу – бар жерде жан дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, екіншісінің тұрмысы орташа, үшіншісі жаман.
Бұлай болудың себебі: күресушілердің әдіс-тәсіл жағынан айырма барлығынан. Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы, тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты алайық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай әдісін өзгертіп отырады. Сондықтан екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар.
Ол мынау:
1) Неміс түрлі қымбат тастардан, ағаштан салынған үйлерде тұрғанда, қазақ шымнан салынған жер үйшікте жатады;
2) Неміс малын неше мыңға алатын жерде қазақ малын текке де алмайды;
3) Қазақ қара топырық жерде егінге жарымайды, неміс тастай жерде егінді мол алады;
4) Неміс фабрикадан шығатын кездемесін, заводтан шығатын дәрі дәрмектер сияқты нәрселерін өзінен асырып шет жұрттарға жеткізіп жатқанда;
5) Біздің қазақ сатып алуға таба алмай, өз денесін әзер-мәзер жауып отыр;
6) Фабрика-заводтар, темір жол, параход-аэропландар неміс жұртынан табылады. Бізде мұның бірі де жоқ. Бұдан байқалды өмірмен күресу үшін қилы жұрттардың қандай әдіс пен іс қылатындықтары. Һәм соның арқасында тамағы тоқ, көйлегі көк, еңсесі көтеріңкі, шаруасының жоғары екендігі. Шаруаны түзеуге әртүрлі әдістерді қолдану үшін саяси кеңдік болып, үкімет жағынан бірде қысымшылық болмасқа керек. Орыс халқының шаруасының артта қалуы, ескі үкіметтің шаруаға қысыңқы саяси тұмылдырық салғандықтан болатын.
Үлкен өзгерістен бері шаруаға саяси кеңдік туды. Бұрынғы уақыттарда біздің қазақтың оқыған азаматтары бірыңғай саясат жолымен жүруші еді. Әлі де азаматтарымыз сол жолда. Бұлай жүрмеске осы күнгі заман ағымы қоятын емес.
Сонда да шаруаны кейін қалдыруға болмайды. Сондықтан саясат таразысында салмағы аз оқығандарымыз ел шаруасына кірісулері лайық. 20-сыншы ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек. Елдің кірісі азайып, шығысы көбейіп барады. Бұл қалыппен жүре берсе, шаруаның жайы кетеді.
Бұдан былай біркелкі азаматтар шаруаның күйзелгенін қайта түзетіп, гүлденетін шаруаларын қарастырып, керекті істерді қолға алу керек. Шаруаның жолы тарам-тарам болғандықтан, оған істейтін шаралар да әртүрлі болмақшы.
Қазаққа киетін киімді, ішетін шайды, ұстайтын ыдыс-аяқтарды арзан алу үшін ұйым дүкендерін ашу керек. Ақшасы жоқ кедейлерге астық, киім үшін, алым үшін тайынша-торпағын бергізбестей ұсақ қарыз серіктіктерін ашу керек.
Қазақтың малының тұқымын асылдандыратын, егін шаруасын түзейтін ауыл шаруасы ұйымдарын ашу керек. Қазақтың тері-терсегін, жүн-жұрқасын, майын, малын еріксіз көндіріп шет жұртқа сатқызбастай, алыс-беріс ұйымдарын ашу керек.
Ұйымдар туралы бұл мақалада барлығын жазып болмайды. Сондықтан келесі нөмірлерде әр ұйым туралы бір-бір мақала жазармын.
Смағұл СӘДУАҚАСҰЛЫ.