Бүгінгі таңда өңірде ауыл халқын таза сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр 10 мың тұрғыны бар 64 ауылға кешенді блок- модульдер орнатылды. Сонымен қатар 280 шақырым су құбыры желісі жаңғыртылды. Су құбырларын салу және жаңарту жұмысы 5 мың тұрғыны бар 15 елді мекенде атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл халқының 97,5 пайызы ауызсуға қол жеткізді, бұл – 258 мың адам.
Облыста 7,4 мың тұрғыны бар 88 ауылды таза сумен қамту мәселесі әлі де өзекті. Оны шешу үшін су құбыры желілерін тарту, топтық су құбырларын салу және кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған. Бұл шаруа аяқталса, ауыл халқының таза суға қолжетімділігі 100 пайызға жетпек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».