Тайынша аудандық мәслихатының кезектен тыс 51-ші сессиясының күн тәртібіне бір мәселе шығарылып, аудан әкімдігіне лайық үміткердің кандидатурасы талқыланды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бұл лауазымға бұған дейін Мамлют ауданының әкімі қызметін атқарып келген Руслан Аңбаевты ұсынды.
Құмар Іргебайұлы Тайынша ауданын екі жыл басқарған Иван Турковты өзіне орынбасарлыққа тағайындағанын, енді бұл қызметке ұсынылып отырған Руслан Әкімжанұлына үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Халық қалаулылары бұл ұсынысты қолдады. Руслан Аңбаев 1978 жылы Тимирязев ауданы Целинное елді мекенінде туған. Академик М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын аға салық инспекторы болып бастаған. Салық органдарында түрлі қызметтер атқарған. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болған.
– Ауданның әлеуеті жоғары. Алға қойылған әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерді орындаудың мүмкіндіктері мол. Бірінші кезекте мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру талап етіледі. Сегіз жыл бойы істемей тұрған “Биохим” кешенінің жұмысы қайта жанданды. Шошқа фермасы іске қосылды. Келер жылдың жоспары, тіпті, ауқымды, – деген облыс әкімі мал шаруашылығын дамытып, етті және сүтті бағытқа бейімдеудің маңыздылығына тоқталды. Өңірде 10 сүт фермасы салынуда. Осы үрдіс аталмыш ауданда да өріс алуы керек. Мемлекет тарапынан субсидиялар бөлінеді, мұндай жеңілдікті кәсіпкерлер жете сезінетіндей жағдай туғызу қажет.
Жаңа әкімге жол мәселесіне қатысты тапсырмалар жүктелді. Келесі жылы Тайынша, Келлеровка, Чкалов елді мекендерінің жолдары қалыпқа келтіріледі. Халықты сапалы ауызсумен қамту жағы да әлі өзекті. Бүгінде жеті жоба дайын. Су құбырларын тартуға қаражат жеткілікті. Ең бастысы, тұрғындарды сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етуді жеделдету қажет.
Сондай-ақ, келесі жылы ауданда екі орта мектептің құрылысы басталады. Бірі – Тайынша қаласында, екіншісі Вишневка ауылында бой көтермек. Бұдан бөлек, жабық хоккей корты салынып, футбол стадионы қолданысқа берілетін болады.
Аманжол НҰРТАЗИН.