«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Елімізде не қымбаттамай жатыр?! Халыққа қажеттінің барлығының құны құбылып тұр. Алайда кейбір қызмет түрлерінің бағасы көтерілсе, қоғамда наразылық ушығады, ал енді біреулері елеусіз қымбаттай береді. Мәселен, қоғамдық көліктегі жолақы өссе, бұл міндетті түрде қызу талқыланады. Ал такси қызметінің құны артса, ол көп жағдайда ескерусіз қалады. Шындығына келсек, ТМД елдерінің ішінде такси қызметінің ең жоғары тарифі Қазақстанда тіркелген. Соған қарамастан сұранысқа ие. Осы жерде жолаушының қауіпсіздігі, қызмет сапасы құнына сай ма деген орынды сауал туындайды.

ДӘНІККЕННЕН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН

Биылғы жылдың қаңтаршілде айларында Қазақстанда такси қызметі арқылы 85,9 млн.жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Такси қызметін ең көп пайдаланған – алматылықтар (16,2 млн. жолаушы). Тасымал көлемі бойынша алғашқы бестікке Астана (13 млн. жолаушы),Алматы облысы (6,3 млн жолаушы), Маңғыстау облысы (5,7 млн. жолаушы) және Шымкент (5 млн. жолаушы) кірді.

Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді (727,3 мың жолаушы). Одан кейін Солтүстік Қазақстан (1,5 млн.жолаушы) және Шығыс Қазақстан облыстары (2 млн. жолаушы) орналасқан. Тұрғындар «Яндекс.Такси» қызметін жиі қолданған.

Қазақстанда «Яндекс.Такси» қызметі 2016 жылы пайда болды. Бұл сервис ыңғайлы әрі қолжетімді болғандықтан, аз уақыт ішінде жергілікті такси нарығында монополистке айналды. Қазіргі кезде Қазақстанда «Яндекс.Такси» қызметімен қатар «inDrive» қосымшасы да қолданылады. Бұл платформа Қазақстанға 2014 жылы енген, бүгінгі таңда 48 елде миллиондаған қолданушысы бар ірі жүйеге айналып отыр. Түп тамыры Ресейде басталған қосымшаның тарихы да қызық. 2012 жылдың қақаған қысы, такси бағасының күрт қымбаттауы халықтың наразылығын тудырған. Сол кезде Якутск қаласының белсенді тұрғындары «ВКонтакте» желісінде арнайы «Тәуелсіз жүргізушілер» атты топ құрып, жаңа жүйені ұсынады. Жолаушы жолақысын өзі белгілейді, жүргізуші оған келіссе клиентті жеткізіп салады. Халық арасынан туған осындай идеяны кәсіпкер Арсен Томский одан әрі дамытып, смартфондарға арналған «in-Drive» қосымшасын жасады. Содан бері бұл қызмет жолға шығатын талай жанның сенімді серігіне айналды. Алайда бәрі бірдей осы қағиданы ұстанбайды. Қазір «InDrive» таксистердің басыбайлы қосымшасына айналды. Әсіресе қалалар арасында такси қызметіне жүгінген кезде бағаны жолаушылар емес таксистер белгілейтін болған. Егер жолаушылап бара жатқан жүргізуші бір-екі кісіні ала кетейін деген оймен «inDrive»-ке төмен баға көр­сетіп хабарландыру берсе, оған таксистер мүмкіндік бермейді. Өздері жолаушы болып хабарласып, алдайды екен. Бұл мәселе талай мәрте талқыланғанымен, таксистерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылған жоқ.

– Бұрын таксиді –«inDrive» арқылы шақырған тиімді еді.Себебі олардың бағасы заңды түрде жұмыс істейтін таксистерден әлдеқайда арзан болатын. Біз нарық заманында өмір сүреміз. Сондықтан қалтамызды қақпайтын қызмет түріне жүгінуіміз заңдылық. Алайда қазір таксистердің барлығы «inDrive» арқылы қызмет көрсететін болды. Олар өздері қалаған бағаны қояды. Төмен баға қойсаң, көлік таба алмайсыз. Осының салдарынан қазір бұл қосымша да қарапайым халыққа тиімсіз, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Бейбіт Әлімжанов.

САҚТЫҚҚА САЛҒЫРТ ҚАРАЙДЫ

Елімізде такси жүргізушісі – ең танымал жұмыстардың бірі. Көлігі бар кез келген адам ресми тіркеліп, бос уақытында такси жүргізіп, табыс таба алады.

Оны негізгі табыс көзіне айналдырғандар күні-түні қара жолдың бойында жо­лаушы тасиды. Бұл қызметтің қауіпті тұсы да – осы. Ақшаға құныққан кейбір таксистер демалуды ұмытып, жол апа­тына жиі ұшырайды. Соның салдарынан қара жолдың бойында қаншама ғұмыр үзілді.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері такси жүргізушілеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы (тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламай кәсіпкерлік немесе өзгеде қызметпен айналысу) бойынша 243 әкімшілік хаттама толтырыпты.

Ал 7 қарашадан бастап өңір аумағында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін,заң талаптарына сәйкестігін тексеруге бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы іске қосылды. Рейдтің алғашқы күнінен бастап тәртіп сақшылары бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Таңғы бес шамасында Мамлютка кентінің маңында жолаушы тасымалдап жүрген «Toyota Alphard» көлігі тоқтатылды. Медициналық тексеру 34 жастағы жүргізушінің мас күйде болғанын көрсетті. Бұл дерекке қатысты іс қозғалып, жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, енді ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Сол күні Петропавл қаласында да заңсыз жолаушы тасымалы фактісі тіркелді. 35 жастағы азамат жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл төледі.

Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуынша,рейдтің алғашқы тәулігінде облыс жолдарында 115 жол ережесін бұзу фактісі анықталған болса, олардың қатарында маскүйінде көлік жүргізудің 1 дерегі, заңсыз жолаушы тасымалының 6 фактісі, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 4 жағдайы, техникалық байқаудан өтпеген 19 көлік,сондай-ақ телефонмен сөйлесуге қатысты 26 және қауіпсіздік белдігін тақпағаны туралы 42 құқық бұзушылық анықталған.

ҚАУІПТІ ҚЫЗМЕТ

Такси қызметінде келеңсіз жағдайлар жиі орын алады.Кішкентай түсініспеушіліктерден бастап, адам өліміне дейін жеткен жағдайлар да кездеседі.

Биыл маусым айында Петропавлда таксилердің біріндегі жанжал адам өлімімен аяқталды. Белгілі болғандай,такси жүргізуші мас күйдегі жолаушыларды Ойқала шағынауданынан алып шыққан.Салонда отырған ер адамдардың бірі жүргізушінің ескертуіне құлақ аспай, көлік ішінде темекі шеккен. Жанжал Алтынсарин көшесіндегі шіркеу маңына келгенде төбелеске ұласып, жүргізуші басымен қатты соғылған. Кейін бұл іс бойынша Петропавл қалалық соты үкім шығарып, 39 жастағы Виталий Глушков 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу деректеріне сүйенсек, ер адамдар бірнеше бөтелке арақ ішіп, Есіл өзенінің жағасында демалып болғаннан кейін такси шақырған.Көздеген жеріне жеткен соң ол салонда темекі шегуге тырысып, оған наразылық білдірген жүргізушінің қарсылығына ашуланып, сыртқа шыққан соң жүргізушіні бірнеше мәрте ұрған. Андрей Белоконенко ес-түссіз құлап, комаға түскен Бес күндік реанимациялық шаралар нәтиже бермей, жүргізуші өмірден өткен. Судья Әсем Жаналина үкім шығара отырып, Глушковтың кінәсі бейнежазбамен толық дәлелденгенін айтты.«Жанжал болмашы жағдайдан туған. Айыпталушы ашу үстінде қоғамдық тәртіпті бұзып,бірінші болып соққы жасағаны анық көрініп тұр», – деді сот. Глушков өз кінәсін мойындамағанымен, сот оның уәждерін негізсіз деп таныды.

Такси қызметі екі тарапқа да қауіпсіз болуы керек. Алайда елімізде бұл талап әлі қалыптаса қоймаған. Қазіргі таңда такси қызметінде «көлденең көк аттылар» өте көп. Ал олардың көкейін тескені – көбірек ақша табу. Ал кейбір жолаушыларда «ақша төлесем болды, ойымдағыны істеймін» деген пиғыл басым. Өзара сыйластық бар жерде ғана қауіпсіздік пен сапалы қызмет қоса дамиды.

Анар ЗИЯДИНА,

«Soltüstık Qazaqstan.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp