Елде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан, Тимирязев ауданының орталығында киім-кешек пен аяқ киім сататын дүкен жұмысын тоқтатпаған. Бұл туралы “Жолда қабылдау” республикалық акциясы барысында әлеуметтік желі қолданушыларының бірі облыстық полиция департаментінің “Instagram” парақшасында хабарлады.
“Дүкеннің есігінің сыртына “жабық” деген жазу ілінгенімен, ішінде сауда жүріп жатыр”, – деген әйел карантинді бұзушыларға шара қолдануды өтінген. Тимирязев аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шұғыл түрде дүкенге келген кезде, онда сатып алушылар болмаған, алайда сауда орнының маңында дүкен иесінің күйеуі ұсталған. 33 жастағы ер адам ешбір дәлелсіз өз үйінен қашықта болғаны, сөйтіп бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын бұзғаны үшін оған қатысты “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” кодекстің 476-бабы бойынша, яғни төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін хаттама толтырылып, материалдар сотқа тапсырылды. Дүкен иесімен де түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
“Жолда қабылдау” акциясы барысында келіп түскен сұрақтардың дені әкімшілік және жергілікті полиция мен көші-қон қызметтерінің, учаскелік инспекторлар мен патрульдік полицияның жұмысына қатысты болды.