«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАП БАРШАҒА ОРТАҚ

Соңғы жылдары сұлулық салондары мен шаштараз, косметолог, спа-салон сияқты қызметтерге сұраныс артқан. Осыған орай біздің өңірімізде де бұл бизнес түрі айтарлықтай жақсы дамуда.

Қазіргі таңда бұл қызмет түрі 2012 жылғы 1 шілдеде қолданысқа енгізілген “Шаштараз қызметтері. Жалпы техникалық талаптар мен бақылау әдістері” заңнамалық құжатына сәйкес жүзеге асырылады. Бетін әрлеймін деп денсаулығына зиян келтіріп, сан соғып қалатындар да жоқ емес. Сондықтан аталған құжат сапаға қойылатын техникалық талаптарды, сұлулық салондарының, сонымен қатар тиісті персоналдарды даярлау бойынша жеке кәсіпкерлер мен білім беру мекемелерінің қызметін реттейді.
Сондай-ақ, шаштараз қызметі “Әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарға және парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасының құралдарын өндіруге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға” сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұған қоса коммуналдық мақсаттағы нысандарға қойылатын арнайы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бар. Косметикалық, педикюр, маникюр, массаж, солярий, пирсинг, татуаж сияқты қызметтер жеке мекемелерде немесе арнайы қоршаулармен оқшауланған орындарда көрсетіледі. Келушілердің денсаулығына нұқсан келтірмес үшін орын мен құрал-жабдықтарды таза ұстаудың маңызы зор.
Кеден одағына кіретін елдердің сұлулық салондары мен шаштараздардың қызметіне қойылатын талаптарды да ескеруіміз керек. Оның аясында бірыңғай тізілімге енген материалдар мен техникалық құрал-жабдықтар белгіленген тәртіпке сәйкес нормативтік және техникалық құжат талаптарына сай қолданылуы тиіс. Аталған қызметті көрсетуші шебердің арнайы кәсіптік білімі және біліктілік талаптарына сәйкес сертификаты болғаны жөн. Сонымен қатар тұтынушылар шебердің жұмыс орнының қауіпсіздік, санитарлық, эстетикалық және эргономика талаптарына сәйкес жабдықталуына мән беруі керек.
Қазіргі таңда “Сұлулық құрбандықты талап етеді” деген қағиданы ұстанған, әсіресе, жас қыздар түрлі косметологиялық сән үлгілерін жасауға құмар. Олардың терісіне қандай да бір материал жақпай қалуы мүмкін. Мұндай келеңсіздіктер орын алса, шебер алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын болғаны жөн. Сондықтан жұмыс үстелінде міндетті түрде медициналық қобдиша тұруы қажет. Қолданылу мерзімі асып кеткен материалдарды пайдалану денсаулыққа қауіп төндіреді.
Шашты, қас пен кірпікті бояу сияқты үрдістерді бастамас бұрын алдымен міндетті түрде – тұтынушы терісінің қолданылатын материалдарға сезімталдығын тексеріп алған жөн. Қолданатын құрал-жабдықтар ел аумағында пайдалануға рұқсат етілген аптисептикалық заттармен дезинфекциялануы тиіс. Тырнақты, шашты әрлеуге арналған заттар әр тұтынушыдан кейін міндетті түрде тазартылып отыруы керек. Ал тарақ, қайшы, щеткалар зарарсыздандырылады. Қарапайым ұстараны бір реттен артық қолдануға тыйым салынады. Ал электр ұстарасының алмалы-салмалы қайшыларын араға 15 минут салып екі рет 70 пайыздық этил спиртімен сүрту керек. Тазарту қиын және инфекция жеңіл таралатын губка сияқты заттарды шебер тек бір рет қана қолданады. Косметикалық заттар кисточка, спонж секілді бірреттік құралдармен жағылады.
Тұтынушыларға қызмет көрсету барысында қолданылатын төсеніш үнемі санитарлық тазалаудан өтіп немесе бір рет қана қолданылуы тиіс. Шаш қию кезінде денеге тиюден қорғайтын синтетикалық матадан жасалған жамылғы қолданылады.

Екатерина ПАРШИНА,
Техникалық реттеу және метрология комитеті
Солтүстік Қазақстан облысы
бойынша департаментінің бас маманы. 

Сурет: https://sales-generator.ru/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp