
Қазақстан мен Ресейдің өзара сенімді стратегиялық әріптестігі өз алдына, 2003 жылдан бері екі елдің шекаралас өңірлерінің ынтымақтастығын арттыруға серпін берген форумдар жүйелі өткізіліп келеді. Он бір жылдың ішінде екі елдің экономикалық байланысының нығая түскені даусыз. Екіжақты тауар айналымы 6 есе өсіпті. Қазақстан мен Ресей арасында экономиканың әр саласы қарқынды дамуға бет бұрды. Енді бұл байланыс көмір-сутегі саласындағы инновацияларды бірлесе енгізу тұрғысында да кең қанат жайғалы отыр. Бұлай деуімізге Атырауда өткен ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының “Көмірсутегі саласындағы инновациялар” деп аталуы дәлел болмақ.
Қазақстан-Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен форумда Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы мәселеге тереңірек назар аударудың бірнеше себебін тарқатып айтып берді. Бүгінгі таңда көмірсутегі саласы Қазақстан экономикасында айрықша маңызға ие болып отыр. Еліміздің ішкі жалпы өнімінде мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі 22 пайызды құрайды, деді Елбасы осы орайда. Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12-орынды иеленеді. Бұл – 3,9 миллиард тонна. Газ қоры бойынша алғашқы жиырма елдің қатарындамыз, бізде 1,3 триллион текше метр газ қоры бар. Сол себептен, бізге әлемнің көмірсутегі секторын дамытудың өзгеше тренд-терді таңдап отырғанына көңіл аудару қажет.
Былтырдан бері мұнайды тұтыну теңгерімі дамушы экономикалар жағына қарай ауды. Дамушы елдердегі мұнай тұтынысы тарихта бірінші рет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тұтынысынан асып түсті. Мұнай-газ саласындағы соңғы жылдардың негізгі тренді тақтатасты кеніштерді игеру болды. Көлбеу бұрғылау мен жер қыртысын сумен жарудың заманауи технологиялары газды да, мұнайды да өндіруге мүмкіндік береді, деді Қазақстан басшысы.
Дамушы елдердің мұнайға сұранысының өсуі Қытайға тиесілі. Соңғы отыз жылда бұл елдің мұнайға сұранысы 6 есеге өскен. Осыған сәйкес энергоресурстарды жеткізу географиясы өзгеріп келеді. Жаһандық жаңа технологиялық трендтер пайда болуда. Бүкіл әлем, соның ішінде, біздің еліміз де бар, болашақта жеңіл өндірілетін мұнайдың азаю проблемасымен бетпе-бет келеді. Сарапшылар саланың дамуын ауыр мұнайы бар кен орындары мен табиғи битумдарды игерумен байланыстырады. Қазір бұларды өндіру әлеуетті көлемнің 1 пайызынан кем көрсеткішті құрайды. Ал бұлардың қоры орташа және жеңіл мұнай қорынан әлденеше еселенеді.
Қазіргі уақытта Солтүстік Америкадағы тақтатасты газды өндіру көлемі өсті. 2007 жылы АҚШ-та мұндай газ үлесі барлық өндірілген газдың 5 пайызын, ал 2012 жылы шамамен 40 пайызды құраған. Сұйық отынды түрлендірудің шикізаты көмір, газ және биомасса болуы ғажап емес. Экологиялық қауіптілігі жоғары болуына қарамастан, жеңіл қолжетімді мұнайдың тапшылығы кезінде аталған тәсілдердің маңызы артуы мүмкін.
Көмірсутегі саласы да ғарыштық технологиялар, металлургия жетістіктері және машина жасау мен роботты техникалар секілді осы- заманғы жаңа инновацияларды енгізуді талап етеді. Қазақстан мен Ресей көмірсутегі саласында бірлесе жұмыс істеу үшін орасан зор әлеуетке ие. Бұл – терең және шектен тыс терең бұрғылаудың озық технологияларын өндіру мен сынау, ол біз үшін Каспий маңы ойпатында өзекті. Қазақстанның компаниялары ресейліктермен бірге өз өндірісінің жоғары технологиялық жабдықтарын ұсына алады, деп форумға қатысушылар назарын аударды Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлім етуінше, екі елге мұнай мен газдың жаңа перспективалы кеніштерін анықтау үшін геологиялық барлау саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға әбден болады. Соның ішінде, бұл ресейлік тараптың халықаралық “Еуразия” жобасын жүзеге асыруға атсалысуына қатысты.
– Бұл жобаның негізгі міндеті – тереңдіктегі геологиялық түзілістерді және Каспий өңіріндегі жер қыртысының геохимиясын зерттеу, уақыттық-кеңістіктегі модельді жасау, сондай-ақ, ресурстарды бағалау. Қазақстан мен Ресей аумағындағы мұнай-газды Каспий маңы ойпатының ғаламат перспективалары халықаралық ірі компаниялардың зор қызығушылығын тудырады, – деп атап көрсетті Қазақстан басшысы.
Мұнай саласының инфрақұрылымын дамыту үшін көлік, логистика және құрылысты ғана емес, инжиниринг, жобалау, ақпараттық технологиялар секілді жоғары технологиялық қызметтерді қоса қамтитын қызмет ауқымын кеңейтудегі екі елдің өзара іс-қимылының әлеуеті жоғары екені, энергетикалық секторды дамыту үшін ғылыми зерттеулердің рөлі айрықша екені дау тудырмайтыны анық.
– Біздің ғылыми институттарымызға бірлескен зерттеулер арқылы ауыр мұнай өндірісін интенсивтендіру, терең суда өндіру, тақтатасты мұнай, мұнай синтезін алу, балама энергетика және басқа да перспективалы бағыттармен айналысуға болады, – деді осы орайда Елбасы.
ЖОО-ларда, орта білім беру мекемелерінде мамандар дайындауды, студент алмасу салаларындағы ынтымақтастығымызды арттыруымыз қажет. Сапалы мамандарды дайындамай тұрып бұл салада жетістікке жетеміз дей алмаймыз. Мұнайды тереңнен қазу, қатпарлы мұнайды өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуіміз керек. Осының барлығын есепке алып, көмірсутегі саласында алға басуымыз мүмкін. Бірлесіп жасаған еңбегіміз, серіктестігіміз арқылы жаңа жетістіктерге қол жеткізе аламыз.
Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Қазақстан мен Ресейдің мұндай бірлескен жұмыстарының нәтижелері Астанада өтетін “ЭКСПО – 2017” көрмесінде ұсынылуы мүмкін.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық форумының маңызын Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин былайша сипаттады. Оның айтуынша, өткен 11 жыл ішінде көрші елдердің экономикалық байланыстары жаңа сапалы деңгейге шықты. Екіжақты тауар айналымы 6 еседен астам өсті. Қазақстан экономикасына келген Ресейдің тікелей инвестициялар көлемі 10 есе ұлғайды. Мұндай жоғары қарқын көбіне-көп екіжақты экономиканың инвестициялық ықпалдастығы арқылы қамтамасыз етілуде.
– Ресейлік субъектілердің көпшілігі Қазақстанның барлық 14 облысымен тікелей серіктестік қатынас орнатқан. 11 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы 300-ге жуық өңіраралық келісімге қол қойылды. Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын 7600 шақырымдық құрлықтық шекараға ие. Осы шекараның бойында орналасқан өңірлерге екіжақты тауар айналымының 40 пайыздан астамы тиесілі. Түмен, Орынбор, Атырау секілді көптеген шекаралас өңірлерде екі ел үшін стратегиялық маңызды жобалар іске асырылуда. Ресей газын Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне жеткізу жөніндегі көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық ресейлік “Газпром” мен қазақстандық “ҚазМұнай-Газды” ортақ мүддеге тоғыстырып отыр. Компаниялар Орынбор газ өңдеу зауытында жылына 15 миллиард текше метр газды бірлесіп өңдеуді іске асырмақ, – деді Владимир Путин.
Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобалары жетерлік. Соның ішінде Орынбор газ өңдеу кешені базасында инновациялық газ-химия кластерін құруды да жоспарлауда. Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергтің айтуына қарағанда, кластерді дамыту тұжырымдамасы Қарашығанақ кен орнынан газ жеткізу көлемін арттыруды, оны терең қайта өңдеуді, сұйытылған газды тазалау сапасын еуропалық стандартқа дейін арттыруды, сонымен қатар, ілеспе мұнай газын тиімді өңдеудің инновациялық технологиясын енгізуді қарастырады. Оның сөзіне қарағанда, бұл бастаманы жүзеге асыру ресейлік және қазақстандық жер қойнауын пайдаланушыларды кластер резиденттері қатарына тартуға мүмкіндік береді. Аталған жоба жоғары шекті өнімді ала отырып, өндірілетін мұнайдың ілеспе газын кәдеге жаратуды ынталандыруға бағытталғалы отыр.
Форум барысында Қазақстан тарапынан – Энергетика министрі В.Школьник, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов, сондай-ақ, Ресей тарапынан – Энергетика министрі А.Новак, Орынбор облысының губернаторы Ю.Берг, Башқұртстан Республикасының президенті Р.Хамитов баяндама жасады.
Қазақстан мен Ресейдің келесі ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы 2015 жылы Уфа қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
(“Егемен Қазақстан”,
2014 жылғы 1 қазан.
Ықшамдалып алынды).